Асқар Мамин Швецария Президентімен келіссөз жүргізді
Экономикалық серіктестікті нығайтуға Қазақстан – Швейцария іскерлік кеңесі және сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі Үкіметаралық комиссияның жұмысы ықпалын тигізеді. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстанға ресми сапармен келген Швейцарияның Федералды Президенті, Федералды Қаржы департаментінің министрі Ули Маурермен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
«Швейцариямен бізді тұрақты әріптестік қарым-қатынастар байланыстырады. Мұндай өзара қарым-қатынастардың негізін Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көпвекторлы сыртқы саясаттың сабақтастығын сақтайды және екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді», — деді Асқар Мамин.
Швейцария Қазақстанның аса ірі сауда серіктестерінің ондығына және негізгі инвесторларының үштігіне кіреді. 2018 жылы тауар айналымы 3,1 млрд долларды, ал биылғы тоғыз айда 1,9 млрд долларды құрады. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында көрсетілетін қызметтер саудасы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 40% артты.
2005 жылдан бері Швейцария Қазақстан экономикасына 24 млрд доллардан астам қаржы инвестициялады. ҚР-да швейцариялық капиталдың қатысуымен 324 компания тіркелген, оның ішінде «Glencore International AG», «Philip Morris», «Nestle», «Ammann Asphalt GmbH» және тағы басқалары бар. Швейцария бизнесі ауыл шаруашылығында, көлік және қаржы секторларында, тау-кен өндірісі және өңдеу өнеркәсібінде, көтерме-бөлшек саудада және тағы басқасында қамтылған.
«Қазақстан – Швейцарияның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі. Біздің өзара іс-қимылымыз екіжақты форматта да, Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры аясында да дамып жатыр. Біз экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделіміз», — деді У. Маурер.
Швейцариялық тарап Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуалдың және бизнесті дамыту үшін жағдайлардың бар екенін атап өтті, бұған Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингіндегі ҚР-дың позициялары дәлел бола алады.
Тараптар ауқымды бағыттар — сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық-коммуникациялық, цифрлық, туристік, зергерлік салаларда, фармацевтикада, денсаулық сақтау және білім беруде, жасыл экономика мен су шаруашылығы саласында, сондай-ақ АХҚО, Дүниежүзілік банк, ХВҚ, ДСҰ бойынша ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Швейцарияның Федералды Президенті У. Маурердің Қазақстанға ресми сапарының аясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевпен келіссөздер сондай-ақ, екі елдің іскерлік орталарының өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел отырысын өткізу жоспарланған.