Түлкібаста 49 мешіт жұмыс істейді

Oinet.kz 20-07-2021 611

4.jpg

Түлкібас ауданында  тәуелсіздік алған жылдары толыққанды жұмыс істеген бір-екі ғана мешіттер болса, бүгінгі таңда  49 мешіт ел игілігі жолында қызмет етуде. Мешіт имамдарының барлығы арнайы курстарда білім алып, білімін жетілдірген. Мұндай мәліметтерді Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт тұрғындарды Құрбан айт мерекесімен құттықтауында келтірді. 

-Бұл мереке – елдің береке-бірлігін бекемдейтін, қанағат пен қайырымдылықты арттыратын мейрам. Құрбан шалу кісіні шүкіршілік пен тәубаға, аманатқа адалдық пен сертке беріктікке шақырады. 

Ислам діні барлық істе салиқалылық пен сабырлылыққа үндейді. Адамзаттың ізгі құндылықтарын уағыздайтын ата дініміз шектен шығуға, өзгеге қиянат жасауға жол бермейді. Ұлысты ұйыстыратын осы ұлағатты дінді халқымыз өз ұлттық дәстүрімен үйлестіріп, ғасырлар бойы бекем ұстанып келеді. Дәстүрлі дініміз Тәуелсіздікпен бірге түлеп, халқымызға қайтып оралды. Бүгінде бейбітшілік белдеуіне айналған Қазақстанда ислам діні кеңінен қанат жайып келеді.

Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет деп ойлаймын.

Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндеген мереке мүбарак болсын! Қасиетті күні тілеген тілектеріңіз, дұғаларыңыз қабыл болсын!  Ағымдағы жылдың 18-ші шілде күні өңірімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар қатары артып, облысымыз сары аймаққа өтті. Осы ретте, індеттің өршуіне жол бермеу мақсатында мереке күндері үйде болып, сақтық шараларын сақтауға шақырар едім. 

Ешкімнің басына өзі көтере алмайтын сынақ келмейді. Бұл уақытша дүрбелең. Біз бұл қиындықты да еңсереміз. Тек қана уақытша сынаққа сабырлық танытып, отбасымыздың, ауыл-аймағымыздың, Отанымыздың амандығы үшін барынша сақтық шараларын сақтайық!-делінген аудан әкімінің құттықтауында. 


Түлкібастың спортшылар жоғары жетістіктерге жетті
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу