Шыңғыс пен Шерхан әдебиет әлеміндегі қанаттастар

Oinet.kz 13-12-2022 390

image.png

Түркістан қаласында  өткелі жатқан Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің  қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумға  елімізден бөлек, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркияның белгілі  қаламгерлерінен   Шерағаң туралы көптеген ой-толғамдар, баяндамалар  келіп түсуде. Мемлекеттік қайраткер Шерхан ағаның қырғыздың атақты жазушысы Шыңғыс Айтматовпен арадағы шығармашылық байланысын белгілі  жазушы, журналист, сыншы Аян Нысаналин «Қанаттастар»  толғамында өрбітті. А.Нысаналин былай дейді: 

Елі жаптас жақын қос қаламгер қалай табысты? Әрине, мылтықсыз майдан тұрғанда томаға-тұйық қалып, ынтымақтаспау мүмкін еместей. Шабыт шырағданы жарығында жазылған шығармалар болмаса, бұл нәзік байланыстарды кім куәландыра алады? Шыңғыс Айтматовты төл перзентіндей көріп, төбесіне хан көтеретін Қазақияда оның насихаты бәрінен де асып түседі десек, ақиқаттан онша алыс кетпегеніміз болады. Ел құлағын елең еткізген «Жәмиладан» бастап, Айтматовтану толастаған жоқ. Оған деген қазақ оқырманының ықыласы мен сүйіспеншілігі орасан. Егер әр кезде әңгіме, хикаяттарын Қалжан Нұрмаханов, Баламер Сахариев, Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Қабдолов, Қалтай Мұхамеджанов және басқалар некен-саяқ қазақшаласа, Ш.Мұртазаның аудармашылық еңбегі ересен. Тек «Ғасырдан да ұзақ күн», «Жанпида» романдарын, «Ботакөз», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» хикаяларын тәржімалағанын тәспіге тізсе қомақты қазына ашылғандай.

Шерхан Мұртазаның парасатты прозашы, сөз сүлейі, уәлі уәжгер (публицист) екені айтылып жүрсе де, аудармашылығы салиқалы әңгіме болған емес. Бұл өнерді де өгейсітпей игеріп әкетті.

Бір ғана «...тарғыл төбеттен» мысал: «Жартасқа арқырай соғылып, қыңсылай құлап, қараңғы түнде тынышсыз күңіреніп те ыңыранып жатты теңіз. Теңіздің соққысын тойтарып тастап, тастай қатты қара жер ентіге уілдеді». Қанша қимыл, әрекет. «Ғасырдан да ұзақ күннің» эпилогы: «Пойыздар бұл өлкеде бұрынғыша Батыстан Шығысқа, Шығыстан Батысқа қарай жүйткіп жатты...».

Ал темілжолдың қос қапталын алып, бұл өлкеде Сарыарқаның Кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлы даласы құлазып жатты...».

Оқырман әлі шығарма кейіпкерлерімен қоштасқан жоқ. Тағы бір сапар шақырып тұрғандай. Аласапыран айқасқа толы оқиғалардан кейін қайта атқа қонып, қиыр көкжиекке көз тігіп, үлкен өмір жолына шыққыңыз келеді.

Өткен жүзжылдық жетпісінші жылдарының ортасында Ш.Мұртазаның «Ақсай-Көксай» әңгімесі жарияланды. Тақырыбы таңсық. Қаршадай бала Барысханның кейуана әжесіне еріп, Көксай жақтағы Қырғыз айылына барған сапары баяндалады. Батыстағы сұрапыл соғыс өрті оларды да шарпиды. «Екі жарты, бір бүтін» болып тақыл-тұқыл күн көріп отырған көрші жұрт сыр бермей шығарып салады. Сол Барысхан ат жалын тартып мініп, есейеді білдей азамат атанып. Жеткіншектің көңілі қаяулы болып өсіп келе жатыр. Әкесі зұлмат қасіретті жылдарының құрбаны болып, Сібір түкпірі орманында атылады.

Бұл жағынан қос қаламгер де тағдырлас. Ш.Айтматовтың да әкесі сол зобалаң аласапыранда мерт болады. Өмірдің бұл ащы сабағы екеуін жақындастыра түскендей, бәлкім.

...Мен арқаны кеңге салып, жағам жайлау болып Тәкен Әлімқұловпен бірге Қаратау қойнауын бір апта аралап, құзар шың үстінде ұшқан қос атақыранның қабаттасып қалықтағанын қызықтап көп тұрдым. Әдетте қарға-құзғындар тобымен ұшып, төңіректі у-шу даңғазаға бөлеп ығыр шығарады. Ал көк патшалары жекелей самғап, шыңырауға құлдилап, қайта шарықтап еркін ойын салады. Әлгі екеудің біреуі бір жақтан жараланып келді-ау деймін, бастапқыда қалбақтап, ақиықтардың тәкаппар мінезінен айнығандай, баяулап қанатын қағілез қаға алмады. Серігі соны сезгендей, кәнігісі әлсіз әріптесі құз жартасқа соқпас үшін демеп, кәдімгідей қамқорлық білдіріп самғап кетуге көмектесті. Қанаттасты. Шыңғыс пен Шерхан да солар сықылды әдебиет әлеміндегі қанаттастар. Олар тек самғауға жаралғандар!

Құсбегілерге құрмет көрсетілді
Шерағаңның қызыл шекпені
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу