Шерағаңның қызыл шекпені
Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумда жазушының қыр-сырын ашқан көптеген ғылыми жұмыс, естеліктер жинақталды. Журналист Гүлзейнеп Сәдірқызының Шерағаң туралы жазған эссесі тау тұлғаның бейнесін одан әрі асқақтата түскендей. Шерхан ағаны Гүлзейнеп Сәдірқызы былай деп еске алады.
... Шерағаң 1989 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне бас редактор болып қызметке келгенде мен стенографистка едім.
Бірде газетте бас редактордың орынбасары, белгілі қаламгер марқұм Сабыржан Шүкірдің атақты «Кіші октябрь» деген сын мақаласы жарық көрді. Онда Шелек ауданы Сарыбұлақ ауданының директоры заңсыз қызметінен алғандығы жөнінде айтылып, автор өз кейіпкерін ақтап шығады. Мақала Орталық Комитетте қаралып, совхоз директоры қайта қызметіне кіріседі. Міне, сол совхоз басшысы «СҚ»-ға рахметі ретінде бүкіл ұжымды ауылға шақырып, оқырмандармен кездесу ұйымдастырып, артынша өзеннің үстіне тақтай төсетіп, үлкен дастархан жайып, күтті. Кездесуге тек шығармашылық топ бармақ. Сабыржан ағай маған келіп: «Қарақыз, кездесуге сен де жүр. Шерағаңа әлі үйренісе алмай жатырмыз. Ұжым алғаш рет Шерағаңмен кездесуге бара жатыр. Оқырмандарға домбырамен ән салып берсең, - деп қолқа салды. Өзім де үшінші перзентімді дүниеге әкеліп, декреттік демалыстан жаңа шығып, ұжымды сағынып келген кезім, келісе кеттім.
Содан отырыс басталды.Тым-тырыс. Төрде Шерағаңмен Шелек аудандық атқару комитетінің төрағасы отыр.
Мына үнсіздікке шыдамай, не болса ол болсын дедім де: «Ау, төраға, күйіп қалған жоқ па? Аман ба? Болмаса ертең «СҚ»-ны айыптап жүрерсіз», - дегенім сол екен, әзер тығылып отырған жұрт ду күлсін. Шерағаңның еркелей күлетін күлкісі бар екен, тоқтамай күліп жатыр. Содан әңгімені іліп алып, аттың басын жіберейін. Бір кезде Шерағаң: «Волчица! Мына бала қасқыр ғой» деп асқан ризалықпен сұқ саусағымен мені нұсқады.
Қайтатын уақыт та жетті. Жолға шықтық. Жолға сарқыт алғанбыз. Арамызда сол ауданның қызы, тілші, марқұм Сәуле Ілімтонова: «Жігіттер, осы күре жолдың бойында Бүркіттің ескерткіші қойылған суағарға тоқтап, бір демалып алсақ» деген. Межелі жерге жетіп, жігіттер сарқытқа бас қойғанда, су алуға алаңқайға шықсам, анадай жерде Шерағаңның көлігі тұр. Есікті айқара ашып тастап, біз жаққа қарап отыр. Ыңғайсызданғаннан қолымдағы ыдысымды да қоймастан көлікке жақындап келдім де, сасқалақтап: «Шераға, жүріңіз бізбен бірге сарқыт ішіңіз» деппін ғой. Осы сөзді өзі де күтіп тұрғандай, көліктен ақырын шығып, автобусқа беттеді. Кірген бойда: «Итеңдеп мына автобустан артынан әлі келеміз, әлі келеміз. Біреуіңнің кел батырларың жоқ, мына қызымыз болмаса...» деп базынасын айтты да, жүргізушісіне «шапанды әкелші» деді. Жүргізуші жүгіріп барып әкеле қойды. Сосын жайлап: «Ал жігіттер, бүгінгі кездесу де, отырыс та жақсы өтті. Баяғыда Нарынқолдан бір топ жазушылар келе жатып, осы Бүркіттің басында Ғабең – Ғабит Мүсірепов үлкен шарадан киіп келе жатқан шапанын, «осы қара балаға кигізсем» деп, иығыма жапқан еді. Бүгін мен сол дәстүрді жалғастырып, шапанымды қарақызға жапсам деймін. Айтыңдаршы, бүгін осы қызымыз отырысты гүлдендіріп жіберді емес пе. «Қазақ әдебиетінде» жүргенде әңгімесін басқан едім, енді есіме түсіп тұр. Амандық болса әлі талай шапан кие жатарсыңдар...» деп иығыма қызыл шапанын жапты. Бүгінде осы тарихи сәтке куәлердің дені бақилық. Қазір арамызда жүрген белгілі ақын Аян Нысаналы ағамызды, белгілі қаламгер, Шерағаңның сүйікті шәкірттерінің бірі Әмірхан Меңдеке бауырымызды куәлікке тарта аламын»,- дейді өз туындысында Г.Сәдірқызы.