Қазақ баспасөзінің қара нары
Шерхан Мұртазаның жазушы, журналист, мемлекеттік қайраткер ретінде атқарған еңбектерін, әдеби-публицистикалық мұрасын дәріптеу, тағылымы мол өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатын көксеген Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумда еліміздің және көршілес республиканың қаламгерлері жазушы туралы естеліктерімен бөлісті. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де Шерағаң туралы қалам тербепті.
«Ширығып тұрған Шерхан Мұртазаны көргенде біздің есімізге Баукең, Бауыржан Момышұлы түседі. Оның принципшілдігі, айбары, қаһары, бірбеткейлігі, бірсөзділігі, турашылдығы – бұл қасиет қос тұлғаға топырақтан берілген болса керек. Екеуі де тау перзенті, таудан түскен Тұран жолбарысындай текті, тегеурінді, тұрпатты.
Шерхан Мұртазаның қайраткерлігін ойлағанда біздің ойымызға Тұрар Рысқұлов оралады. Өзі әдебиеттегі тұлғасын сомдаған, ерекше құрмет тұтқан, соны жазғаны үшін айыпты да болған. «Қызыл жебе» роман-хамсасы Рысқұловқа ғана қойылған ескерткіш емес, ол – қайраткерлік қиссасы, азаматтық анты, алаш жайлы ардақты сөз.
Шер-ағаң өзі де алашты сүйді, алаш идеясымен өмір сүрді, алаш арыстарының ақырғы өкіліндей болды. Оның халық үшін, тек халық үшін қызмет етуі, халықтан кіндігін үзбеуі, құрбандықтарға барудан қаймықпауы, Баласағұнның бағбанындай әрбір жастың жүрегіне қайраткерлік дәнін себуі, бәрі-бәрі – оның өзі идеал тұтқан арыстардан арқан бойы алыстамауының анық белгісі.
Содан да болар, қазақ баспасөзінің бүгінгі қара нарына айналған тұтас бір толқын өзін «Шерханның шекпенінен шыққандар» санайтыны. Содан да болар, әрбір редактор қандай қысылтаяң жайтқа тап келсе де «мұндай жағдайда Шер-ағаң қайтер еді?» деп толғанатыны, содан да болар Шерхан Мұртазаның аты аталған жерде шындық пен шеберліктің аты аталғандай толқитынымыз, содан да болар оны «Намыс найзағайы», «Ақиқаттың алдаспаны», «Шындықтың шырағы» деп төбемізге көтеріп, маңдайымызға тұтатынымыз.
Иә, тәуелсіздіктің елең-алаңында күрделі кезеңдер болды, рухтың жоқшылары, ардың арашашылары қажет болды. Сол тұста күн күркіреді, күндей болып тағы кім күркіреді? Әлбетте, Шерхан Мұртаза. Бұрнағының Бұқарындай болған да Шерхан Мұртаза. Төтеннен емес, тыңнан түрен салған да Шерхан Мұртаза еді.
Бір мақаламызда Шер-ағаңды «редакторлардың редакторы» деп атаған едік. Соны тағы да қайталаудың реті келіп тұр. «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаштан» басталған оның журналистикадағы жасампаздық жолы «Жалын», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» санатты басылымдарда жалғасты. Сол жолда талай ұрпақ жетілді, сол жолмен талай ұрпақ тәрбиеленді. Осы басылымдардың бүгінгі бет-бейнесі қалыптасты.
Шер-ағаңның 85 жасқа толу құрметіне «Егемен Қазақстан кітапханасы» сериясымен бас басылымда жарық көрген мақалаларын топтап, «Намыс найзағайы» атты кітабын шығарып бердік. Сол кітапты Шер-ағаң маңдайына тигізіп, мұқабасын сүйіп, көзіне жас алған еді. Ол – қалам қайраткерінің күреске толы жолының бір белесі ғой. Онда жай, жанама жазылған сөз жоқ, жаны ауырған кісінің жанайқайы бар, қазақ мемлекеті мен қоғамының әрбір өзгеріс-құбылыс, жетістігі мен кемшілігін жайбарақат, бей-жай қабылдай алмайтын адамның тағдыры бар. Қолына қаруын алып, майдан даласына аттанып бара жатқан жауынгердей қаламын алып, шайқасқа кіретін, идеялар мен құндылықтар шайқасына кіретін Шер-ағаң. Бұл шайқастың жеңімпазы Шерхан Мұртаза үшін әрқашан халық болатын.
Халық жазушысы, қайраткер тұлға, баспасөздің баһадүрі Шерхан Мұртазаның тоқсан жылдық мерейтойы тағылымды, тәлімді болды. Қабырғалы қалың қазақ аяулысын ардақтап, аманатқа адалдығын көрсеткен деңгейлі шаралардың талайын өткізді. Еңселі ескерткішін қойды. Тек Шерағаңның өзі айтқан «бір кем дүние», Шерхан Мұртазасыз шын кем дүние болып тұрғандай. Десе де, алыптың рухы арқамызда жүргенін жүрек лүпілімен сеземіз. Боз даладан қанша дәурен көшіп өтесе де, Шераға қазағының жүрегінде жасай бермек»,- дейді Д.Қыдырәлі.