Сайрамда өзекті мәселелер талқыланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықтың әл-ауқатын арттыру, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын дамыту және бюджет қаражатының тиімді игерілуі мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін атап келеді.

Президент: «Халыққа қажетті инфрақұрылымды дамыту мен мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру – жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті» екенін ерекше атап өткен болатын.
Президент белгілеген міндеттерді сапалы орындау, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын үйлестіру және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында Сайрам ауданында кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиында күн тәртібіне енгізілген өзекті мәселелер жан-жақты қаралып, жауапты бөлім басшыларының есептері тыңдалды.
Мәжілісте алдымен ветеринария саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Мал шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін сақтау және эпизоотиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. Осы мақсатта 2026 жылы Сайрам ауданында жалпы 18 ветеринариялық нысанның құрылысын жүргізу жоспарланғаны айтылды.
Атап айтқанда, 8 ветеринариялық бекет, 8 ірі қара малдарды бекітетін раскол мен ұсақ малдарды тоғытатын орын, сондай-ақ 2 мал өлекселерін тастайтын шұңқыр салу көзделгені баяндалды. Бұл нысандар ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтып, мал ауруларының алдын алу, санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және саладағы қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беретіні айтылды.
Қазіргі таңда 8 ветеринариялық бекетке мемлекеттік акт алынғаны, құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқаны мәлімделді. Арыс, Манкент, Қайнарбұлақ, Құтарыс және Жібек жолы ауылдық округтерінде нысандардың шатырлары жабылып, құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жалғасып жатқаны баяндалды.
Аппараттық мәжілісте аудан бюджетінің игерілуі мен индикаторлық көрсеткіштердің болжамды орындалу барысы да кеңінен қаралды. Бюджет қаражатын тиімді пайдалану, жоспарланған көрсеткіштерге уақытылы қол жеткізу және мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету бағытында жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді.
Сонымен қатар, аудандағы санитарлық тазалық жұмыстарының барысы, инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларында атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды. Әрбір сала бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар сараланып, орындалуы тиіс міндеттер нақтыланып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар айқындалды.
С.СӘУЛЕБАЙ


