Су – тіршілік көзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында су қауіпсіздігі мәселесіне ерекше тоқталып: «Су ресурстарын тиімді пайдалану аса маңызды стратегиялық міндетке айналды» екенін атап өтті.

Президент су тапшылығы жағдайында су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, су ресурстарын ұтымды пайдалану және ауыл шаруашылығын сумен тұрақты қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін нақты көрсетті.
Шынында да, су – адамзат тіршілігінің өзегі, ауыл шаруашылығының берекесі, ел экономикасының маңызды тіректерінің бірі. Әсіресе, суармалы егіншілік дамыған өңірлер үшін ағын судың әр тамшысы қымбат. Сондықтан су қорын тиімді пайдалану, су арналарының қалыпты жұмысын қамтамасыз ету және шаруаларды уақытылы сумен қамту – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі.
Президент жүктеген осы міндеттерді жүзеге асыру бағытында Сайрам ауданында да жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Аудан аумағындағы суармалы егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету қызметін Сайрам ауданы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ақсу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жүзеге асырады.
Кәсіпорын басшысы Ержан Асқаровтың айтуынша, Сайрам ауданы аумағын ағын сумен 55 канал қамтамасыз етеді. Оның 46-сы Сайрам ауданының коммуналдық меншігінде, 1-еуі облыс меншігінде, 2-еуі Төлеби ауданының коммуналдық мемлекеттік мекемесі арқылы қызмет көрсетеді (Олжалы, Кент-Балдыберек – Қарамұрт ауылына су береді). Бұдан бөлек 5 канал жеке меншікте орналасқан.
Сайрам ауданы бойынша суармалы жер көлемі 20 950 гектарды құрайды. Оның ішінде 5 073 гектары үй іргелік жер болса, 15 877 гектары ауыл шаруашылығы өнімдері өсірілетін суармалы алқаптар болып табылады.
Сайрам ауданы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ақсу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны аудан әкімдігінің 2011 жылғы 15 сәуірдегі №348 қаулысына сәйкес 2011 жылдан бері ағын су жеткізу қызметін атқарып келеді. Кәсіпорынның басқару органы – аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мемлекеттік мекемесі.
Кәсіпорынның негізгі жұмыс кезеңі – алты айлық суару науқаны. Штаттық кестеге сәйкес мұнда 52 адам еңбек етеді. Оның ішінде 33 су бақылаушысы мен су реттеушісі 6 ай, 6 инженер-гидротехник 9 ай, аудандық су өлшеуші мен кассир 10 ай, ал әкімшілік құрамдағы 3 қызметкер жыл бойы жұмыс атқарады.
«Ақсу» МКК-ның шаруашылық жүргізу құқығына берілген каналдардың жалпы ұзындығы 352,1 шақырымды құрайды. Оның ішінде бетондалған каналдар саны – 8. Олар: Сол жақ Ақсу, Көтерме, Төменгі Аққала орта тұсы, Ханарық, Сарыарық, Әсіл каналының бас жағы, Янги және Қызыларық каналдары. Бұл каналдардың жалпы ұзындығы 65,8 шақырым. Ал жер каналдарының саны 38, олардың ұзындығы 286,3 шақырымды құрайды.
Аталған каналдарда 515 дана су бөлу бекеттері орнатылған. Суару науқаны басталар алдында олардың су өткізу қабілеті толық тексеріліп, тазалауды қажет ететін бөліктері тазаланады. Сонымен қатар су бөлгіштер мен су өлшегіш құрылғыларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олардың қалыпты жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі.
Каналдардың су көздері Ақсу және Арыс өзендерінен, сондай-ақ кішігірім көлдер мен бұлақтардан бастау алады. Ақсу өзенінен су бөлетін екі бөгет – Жоғарғы Ақсу су бөгеті мен Орта Ақсу су бөгеті бар. Бұл нысандар 2022 жылдан бастап облыстық «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қарауына өткен. Сонымен қатар Қарамұрт ауылындағы «Қыдыр» каналының басында аудандық коммуналдық меншіктегі бір су бөлу құрылымы орналасқан. Ал Арыс өзенінде су бөгеттері мен ірі су құрылымдары жоқ. Қазіргі таңда су бөгеттері қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.
2025 жылы көктемгі құрғақшылыққа байланысты суару науқаны өткен жылдармен салыстырғанда бір ай ерте, сәуір айында басталды. Науқан барысында келісімшартқа отырған 1495 су пайдаланушыға алты ай ішінде 71,0 миллион текше метр ағын су жеткізілді. Салыстырмалы түрде алғанда, 2024 жылы мамыр-маусым айларының өзінде 49,3 миллион текше метр су алынған болатын.
Табиғи су тапшылығына байланысты 2025 жылы науқан басталған кезден бастап су бес күндік кезекпен берілді. Жалпы науқан бойы орташа есеппен небәрі 5,0 м³/секунд су болды. Ал жоспар бойынша қажетті көлем 15–16 м³/секундты құрайды. Яғни қажетті мөлшерден үш есе аз су түсті.
2026 жылға жоспарланған су көлемі 142 миллион текше метрді құрайды. Сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін диқандар 35 миллион текше метр су пайдаланды. Қазіргі уақытта су тапшылығы жоқ. Жалпы Ақсу өзенінде 15,5 мың м³/секунд су ағуда. Оның 10 мың м³/секундын аудан шаруалары пайдаланса, 5,5 мың м³/секунд су Ақсу өзенінің арнасымен ағуда.
Жалпы су жеткізу қызметінен жиналған қаржы негізінен жұмысшылардың еңбекақысын төлеуге, салықтарды, зейнетақы қорына аударымдарды және басқа да міндетті бюджеттік төлемдерді өтеуге жұмсалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша су тапшылығына байланысты жалпы кіріс 37 миллион теңгені құрады. Ал 2026 жылға жалпы кіріс көлемі 48,5 миллион теңге деңгейінде болжануда. Оның ішінде 33,1 миллион теңгесі немесе 70 пайызы жалақы төлеуге бағытталады.
Каналдарды күтіп ұстау және олардың су өткізу қабілетін арттыру мақсатында тұрақты түрде тазалау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 2023 жылы кәсіпорын теңгеріміндегі экскаваторлар арқылы аудан бойынша 36,6 шақырым канал мен арық тазаланған болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 96,5 шақырымға жетті. Ал 2025 жылы жоспарланған 90 шақырымның орнына нақты 98 шақырым тазаланып, жоспар 109 пайызға орындалды.
2026 жылға каналдарды тазалау жоспары 110 шақырым болып белгіленген. Қазіргі таңда бұл жұмыстар қарқынды жүргізіліп, оның 80 шақырымы тазаланды.
С.Абылбекова


