Сапалы интернет – цифрлық дамудың басты кепілі

Oinet.kz 21-06-2026

AQAK6f1woeGSfH5cfjZwM3xbjnCMpSioCWxVFECs7YxT8OGtYuJKAfg0oSQSmmenpL29Ud50jmXJ9eVKMKIQCzQcf_M.jpg

Қазіргі таңда сапалы интернет байланысы тұрғындардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Білім алу, мемлекеттік қызметтерді пайдалану, кәсіпкерлікті дамыту және қашықтан жұмыс істеу мүмкіндіктері тұрақты интернет желісінің қолжетімділігімен тікелей байланысты. Сондықтан халықты кең жолақты интернетпен қамту Шымкент қаласының цифрлық даму саясатының басым бағыттарының бірі болып отыр.

Осы мақсатта қалалық Цифрландыру басқармасы интернет инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Нәтижесінде бүгінгі таңда қала аумағындағы 86 елдімекен мен шағынауданның 85-і кең жолақты интернет желісімен қамтылып, тұрғындарға заманауи телекоммуникациялық қызметтерді толыққанды пайдалануға мүмкіндік жасалды. Бұл көрсеткіш цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстардың кезең-кезеңімен әрі жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

Интернет желісін кеңейту жұмыстары қаланың жаңадан дамып келе жатқан тұрғын алаптарын да қамтып отыр. Соның бірі – Алтынтөбе тұрғын алабы. Қазіргі уақытта мұнда телекоммуникациялық инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, «Спецавтоматикасервис» компаниясы байланыс желілерін тартып, қажетті техникалық инфрақұрылымды орнатты. Соның нәтижесінде шамамен 400 тұрғын үйді кең жолақты интернет желісіне қосуға техникалық мүмкіндік жасалып отыр.

Бұл жоба тұрғындардың цифрлық қызметтерге қолжетімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Жоғары жылдамдықты интернет арқылы тұрғындар электрондық мемлекеттік қызметтерді кедергісіз пайдаланып, онлайн білім беру платформаларына қосыла алады, қашықтан еңбек етуге және цифрлық сервистердің кең мүмкіндіктерін игеруге жол ашылады. Сонымен қатар мұндай жобалар қала аумағындағы цифрлық теңсіздікті азайтып, шалғай орналасқан тұрғын алаптарының инфрақұрылымын дамытуға серпін береді.

Интернет инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасады. Негізгі мақсат – қаладағы барлық елдімекендерді сапалы байланыс қызметтерімен қамтамасыз етіп, цифрлық технологиялардың игілігін әрбір тұрғынға қолжетімді ету. Осылайша Шымкентте заманауи цифрлық орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Цифрландыру қарқыны – қаланың даму көрсеткіші
Денсаулық сақтау саласы цифрландырылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу