Денсаулық сақтау саласы цифрландырылуда

Oinet.kz 21-06-2026

231e7edfed1c764c762ced3aca56d2f1.jpg

Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Заманауи ақпараттық технологияларды медицина тәжірибесіне енгізу арқылы тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру, диагноз қоюдың дәлдігін қамтамасыз ету және жедел медициналық көмектің тиімділігін күшейту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта қаладағы медициналық ұйымдарда инновациялық цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен енгізілуде.

Қазіргі таңда бірқатар медициналық мекемелерде жасанды интеллектке негізделген PULS AI және Cerebra AI жүйелері сәтті қолданылып келеді. Бұл интеллектуалды платформалар дәрігерлерге күрделі клиникалық жағдайларды жылдам саралауға, диагностикалық шешім қабылдау процесін жеделдетуге және инсульт белгілерін ерте анықтауға мүмкіндік береді. 

Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында смарт-бейнежетондар жүйесі енгізілуде. Сонымен қатар жедел медициналық жәрдем қызметінде цифрлық басқару жүйелері кеңінен қолданылып, шақыртуларды қабылдау, өңдеу және жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын бақылау тетіктері жетілдірілуде.

Осы бағыттағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – І санаттағы шұғыл шақыртулар кезінде 103 қызметінің қозғалысын Яндекс Go және Яндекс Карталар сервистері арқылы онлайн бақылау мүмкіндігі. Енді көмекке жүгінген азаматтар жедел жәрдем көлігінің нақты орналасқан жерін көріп, оның шамамен қай уақытта жететінін алдын ала бақылай алады. Бұл қызмет көрсетудің ашықтығын арттырып қана қоймай, диспетчерлердің жұмыс жүктемесін азайтып, шақыртуларды басқарудың тиімділігі күшейеді.

Аталған цифрлық шешім қалада 2024 жылдан бері дамытылып келе жатқан Интеллектуалды көлік жүйесімен (ITS) өзара ықпалдастырылған. Бүгінде қаладағы 401 бағдаршам нысанының 354-і немесе 88 пайызы осы жүйеге қосылған. Сонымен қатар жедел реанимациялық көмектің бес автокөлігі арнайы GPS-трекерлермен жабдықталған. Соның арқасында реанимобильдер қозғалысы кезінде бағдаршамдар автоматты түрде «жасыл дәліз» режиміне ауысып, науқасқа қысқа мерзімде жетуге мүмкіндік береді.

Интеллектуалды көлік жүйесін енгізудің нақты нәтижелері де байқалып отыр. Қаладағы орташа жол жүру уақыты 20 пайызға қысқарып, көлік кептелісі 28 пайызға азайған.

Сапалы интернет – цифрлық дамудың басты кепілі
Цифрлық қауіпсіздікке қатысты семинар Шымкентте өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу