«Bala Protect»: бала құқығын қорғауға бағытталған бастама

Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығын арттыру – қоғам дамуының маңызды шарттарының бірі. Осы бағытта Шымкент қаласының Абай аудандық прокуратурасы жүзеге асырып жатқан «Bala Protect» жобасы аясында кезекті профилактикалық іс-шара өтті. Жобаның негізгі мақсаты – мектептегі буллингтің алдын алу, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды азайту және өзара құрметке негізделген орта қалыптастыру.
Кездесу арнайы дайындалған бейнероликтің көрсетілімімен басталды. Онда заңға қайшы әрекеттердің салдары, олардың адам тағдырына әсері және өмірлік қателіктерден сабақ алған азаматтардың оқиғалары баяндалды. Танымдық материал қатысушыларға терең ой салып, құқықтық жауапкершіліктің маңызын түсінуге мүмкіндік берді.
Іс-шараға профилактикалық есепте тұрған кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналары қатысты. Мамандардың айтуынша, бала тәрбиесі мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру ең алдымен отбасынан басталады. Сондықтан мұндай кездесулерге ата-аналардың қатысуы ерекше маңызды.
Жиын барысында құқық қорғау органдарының өкілдері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктерін түсіндіріп, заңнамада көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы кеңінен ақпарат берді. Әсіресе әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асатын кибербуллингтің қоғамға тигізер зардабы мен құқықтық салдарына ерекше назар аударылды. Буллинг – жай ғана қалжың немесе балалар арасындағы түсініспеушілік емес, адамның психологиялық жағдайына ауыр әсер ететін қауіпті құбылыс. Мұндай әрекеттер баланың оқуына, қарым-қатынасына және болашақ өміріне кері ықпал етуі мүмкін. Сондықтан жасөспірімдерді өзара сыйластыққа, жанашырлыққа және жауапкершілікке тәрбиелеудің маңызы зор.
Кездесу барысында қатысушыларға өзгенің ар-намысы мен құқығын құрметтеу – құқықтық мәдениеттің негізгі қағидаларының бірі екені түсіндірілді. Сонымен қатар ата-аналарға балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың мінез-құлқына назар аудару және ашық қарым-қатынас орнату жөнінде ұсыныстар берілді.
Мұндай шаралар «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыруға, жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыруға және қауіпсіз орта құруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.


