Жолдағы тәртіп – қауіпсіздіктің кепілі

Шымкент қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шара өтті. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған шараны Тұран ауданының прокуратурасы патрульдік полиция полкімен бірлесіп өткізді. Оның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің құқықтық мәдениетін арттыру және жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін күшейту.
Іс-шара барысында тұрғындарға жол қозғалысы ережелерін сақтау, қауіпсіздік талаптарын орындау және қоғамдық тәртіпке құрметпен қарау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар жол үстіндегі әрбір әрекеттің адам өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететінін айтып, жолдағы тәртіп пен өзара сыйластықтың маңызын түсіндірді.
Қоғам назарын қауіпсіздік мәселесіне аудару мақсатында қаладағы LED экрандарда жол ережелерін сақтау жөніндегі арнайы бейнероликтер мен ескерту хабарламалары көрсетілді. Мұндай ақпараттық жұмыстар азаматтардың құқықтық сауатын арттырып, жолдағы жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді. Нәтижесінде заң бұзушылық азайып, қалада тәртіп орнайды. Тәртіп болған жерде өсіп-өну де болатыны белгілі.
Рейд барысында көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге қайта отырған жүргізушілер де анықталды. Құқық қорғау органдары мұндай заң бұзушылықтарға қатысты тиісті шаралар қабылдады. Мамандардың айтуынша, мұндай әрекеттер заң талаптарын өрескел бұзумен қатар, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіреді.
Прокуратура өкілдері жол қауіпсіздігі әр азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті. Өйткені жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жылдамдықты шамадан тыс арттыру, мас күйінде көлік жүргізу, қауіпсіздік белдігін тақпау және жол белгілерін елемеу секілді қарапайым талаптарды сақтамаудан туындайды.
Бүгінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қолға алынған мұндай профилактикалық іс-шаралар қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға, жол қозғалысы ережелерін сақтау деңгейін арттыруға және азаматтардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Жолдағы тәртіп пен заңға құрмет – адам өмірін сақтаудың және қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты шарты.


