Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілі

Шымкент қаласындағы Металлург стадионында жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды профилактикалық іс-шара өтті. «Заң мен тәртіп» идеологиясын насихаттау және Халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған жиынға студент жастар, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері мен қала жастары қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын дәріптеу және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі таңда есірткіге тәуелділік, интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер мен жеңіл табысқа қызықтыратын заңсыз ұсыныстар жастар үшін үлкен қауіп төндіруде.
Кездесу барысында құқық қорғау органдарының өкілдері зиянды әдеттердің адам өмірі мен денсаулығына тигізетін кері әсері, есірткі қылмыстары үшін қарастырылған жауапкершілік және құқықтық сауаттылықтың маңызы туралы кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ жастарға интернет кеңістігіндегі қауіптер, дропперлік, есірткі тасымалы және күмәнді қаржылық ұсыныстардың салдары жөнінде нақты мәліметтер берілді.
Іс-шара аясында қатысушылар полиция қызметінің жұмысымен танысып, құқық қорғау саласында қолданылатын арнайы техника мен құралдардың мүмкіндіктерін көрді. Арнайы көрсетілімдер мен тәжірибелік бағдарламалар жастардың қызығушылығын арттырып, құқық қорғау қызметінің қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын түсінуге мүмкіндік берді.
Жиын барысында студенттер мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқықтық мәселелер жөнінде пікір алмасты. Ашық форматтағы кездесу жастардың құқықтық танымын кеңейтіп, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға ықпал етті.
Құқық бұзушылықтың алдын алуда ең тиімді жол – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру. Сондықтан құқық қорғау органдары, білім беру ұйымдары және қоғам өкілдері бірлесе атқарып жатқан мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Жастар тәрбиесі – ел болашағына салынған инвестиция. Ал заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалыптастыру – қауіпсіз әрі тұрақты қоғам құрудың басты шарты.


