Заңды білу – жауапты азаматтың белгісі

Oinet.kz 02-06-2026

98c2a62b160147515ecbf51feefb2447.jpg

Шымкент қаласында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Заңды білу – заман талабы» атты кездесу өтті. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған жиынның мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заң талаптарын түсіндіру.

Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған кездесуге студент жастар қатысып, құқықтық жауапкершілік пен қоғамдық тәртіптің маңызы жөнінде кеңінен ақпарат алды. Мамандардың айтуынша, цифрлық технологиялар дамыған кезеңде жастар түрлі интернет-қауіптермен жиі бетпе-бет келеді. Әсіресе әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстар мен жеңіл табысқа қызықтыратын жарнамалар құқық бұзушылыққа итермелеуі мүмкін. Сондықтан мұндай профилактикалық іс-шаралардың маңызы зор.

Кездесу барысында қатысушыларға заң талаптарын сақтаудың маңызы түсіндіріліп, құқықтық жауапкершілікке қатысты нақты мысалдар келтірілді. Еңбекші ауданы прокуратурасының бөлім аға прокуроры Алма Сатқанбаева кез келген әрекеттің құқықтық салдары болатынын атап өтті.

Оның айтуынша, кейде болмашы жанжалдың өзі ауыр құқықтық мәселеге ұласуы мүмкін. Тіпті біреуге күш қолдану немесе денсаулығына зиян келтіру қылмыстық жауапкершілікке себеп болады. Сондықтан жастарға эмоцияға берілмей, кез келген мәселені заң аясында шешу қажеттігі түсіндірілді.

Жиында интернет-алаяқтық пен дропперлік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мамандар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын «оңай табыс» деген секілді ұсыныстардың артында заңсыз әрекеттер тұруы мүмкін екенін ескертті. Мұндай схемаларға қатысқан азаматтар өздері де құқықтық жауапкершілікке тартылуы ықтимал.

Кездесу соңында жастарға күмәнді ұсыныстардан сақ болу, қаржылық және құқықтық қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарау жөнінде кеңестер берілді. Ұйымдастырушылардың пікірінше, заңды білетін, өз әрекетінің салдарын түсінетін жас буын ғана қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықтың нығаюына үлес қоса алады.

Құқықбұзушылықтың алдын алу тек жазалау шараларымен шектелмеуі керек. Ең бастысы – түсіндіру, тәрбиелеу және жастардың санасында заңға құрмет қалыптастыру. Бұл бағыттағы кездесулердің мақсаты да – жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, олардың өмірлік таңдауына оң ықпал ету. 

«Бостандықтың бағасы»: жастарға ой салған кездесу
Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу