«Бостандықтың бағасы»: жастарға ой салған кездесу

Шымкент қаласында жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында ауқымды профилактикалық кездесу өтті. Қалалық прокуратура ұйымдастырған іс-шара «Бостандықтың бағасы» тақырыбымен телекөпір форматында өтіп, білім беру ұйымдары мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін байланыстырды.
Кездесудің басты мақсаты – жастарға қылмыс пен жазаның салдарын түсіндіру, заң талаптарының маңызын ұғындыру және құқықтық сананы қалыптастыру. Жиын барысында интернет-алаяқтық, дропперлік, есірткі тасымалы секілді құқық бұзушылықтардың салдары нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.
Іс-шараға мектептердің жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері, прокуратура, құқық қорғау органдары, қала әкімдігі, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері, қоғам белсенділері мен спортшылар қатысты. Мамандар жастар тәрбиесі мен құқықтық сауаттылықты арттыру қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
Жиында сөз сөйлеген мамандандырылған прокурор Қуандық Айтбайұлы әлеуметтік желілерде кең таралған «оңай табыс» туралы ұсыныстардың қауіптілігіне тоқталды. Оның айтуынша, көптеген жасөспірімдер дропперлік, заңсыз қаржы айналымы немесе есірткі тасымалы сияқты әрекеттердің ауыр қылмыс саналатынын толық түсіне бермейді.
– Қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Сондықтан әрбір жас өз әрекетінің салдарын түсініп, саналы шешім қабылдауы қажет, – деді прокурор.
Кездесу барысында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі өмір туралы да мәлімет беріліп, бостандықтан айырылудың адам тағдырына әсері сөз болды. Мамандардың пікірінше, мұндай шынайы мысалдар жастардың заң бұзудың салдарын терең түсінуіне ықпал етеді.
Бүгінде құқық бұзушылықтың алдын алуда профилактика мен құқықтық тәрбиенің рөлі артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, жастармен ашық диалог орнатуға бағытталған мұндай кездесулердің маңызы зор.
Құқықтық сауаты жоғары, заңға құрметпен қарайтын ұрпақ қалыптастыру – қауіпсіз қоғам мен тұрақты мемлекеттің басты кепілі. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидатын жастар арасында кеңінен насихаттау алдағы уақытта да жалғаса бермек.


