Алдын алу шаралары күшейтіледі

Шымкент қаласында өткен Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды. Жиында қалалық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұхтар Қожаев өңірдегі криминогендік ахуалдың тұрақты екенін айтты.
Сонымен қатар ол интернет-алаяқтықтың көбеюі, ойын-сауық орындарындағы құқық бұзушылықтар және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі назар аударуды қажет ететінін айтты. Оның сөзінше, алаяқтар бүгінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді белсенді пайдаланып, азаматтардың сеніміне кірудің түрлі тәсілдерін қолдануда. Сондықтан тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыруға бағытталған профилактикалық жұмыстарды күшейту маңызды.
Отырыс барысында биыл наурыз айында күшіне енген «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» жаңа заңды іске асыру мәселесі де қаралды. Жаңа құжаттың басты ерекшелігі – құқық бұзушылық жасалғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алу тетіктерін жетілдіруге басымдық беру. Заң аясында құқыққа қайшы әрекеттердің себептерін ерте анықтау, қауіп факторларын азайту және халық арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру көзделген.
Құқық бұзушылықтардың алдын алуда тек жазалау шараларына сүйену жеткіліксіз. Қоғамда заңға құрмет пен жауапкершілік қағидаттары орныққанда нәтижелі өзгерістерге қол жеткізуге болады. Бұл ретте отбасы тәрбиесі, білім беру ұйымдарының жұмысы және ақпараттық-түсіндіру шаралары маңызды рөл атқарады. Әсіресе жастар тәрбиесі мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері назарда болуы тиіс.
Жиын қорытындысында жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту, қоғамдық орындар мен көліктерде ескерту материалдарын орналастыру, халық көп шоғырланатын аумақтардағы бейнебақылау жүйелерін жетілдіру міндеттелді. Сонымен қатар ойын-сауық орындарындағы қауіпсіздік талаптарын күшейту және білім беру мекемелерінде есірткіге қарсы профилактикалық іс-шараларды тұрақты жүргізу қажеттігі атап өтілді. Жиын барысында қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз ету мемлекеттік органдар мен қоғамның ортақ міндеті екені ерекше айтылды.


