Пирамида құрабандарын болдырмауда атқарылған жұмыс көп

Oinet.kz 30-05-2026

img_fd1919bcce24bdaec3d8cc4210cf7a89.jpg

Жақында қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Капитал» қаржы пирамидасын ұйымдастыру фактісі бойынша тергеу жүргізуде. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, аталған құрылым өзін инвестициялық платформа ретінде таныстырып, азаматтарды жоғары табысқа қызықтырған.

Күдіктілер әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға 20 мыңнан 500 мың теңгеге дейін қаржы салуды ұсынып, небәрі 3–5 күн ішінде салынған қаражаттың 30–50 пайызы көлемінде табыс түсетінін уәде еткен. Азаматтарды тарту мақсатында психологиялық ықпал ету тәсілдері қолданылып, «жылдам пайда табу» және «шектеулі мүмкіндік» секілді ұсыныстар кеңінен насихатталған.

Алайда ұсынылған табыс көздерінің заңды негізі болмаған. Қатысушыларға берілген кепілдіктер нақты кәсіпкерлік қызметпен немесе келісімшарттық міндеттемелермен расталмаған. Мамандардың айтуынша, мұндай схемалардың басты белгісі – нақты экономикалық қызметтің болмауы және жоғары табысқа негізсіз уәде беру.

Тергеу барысында салымшыларға төленген алғашқы қаражат жаңа қатысушылардан түскен қаржы есебінен берілгені анықталған. Бұл қаржы пирамидаларына тән классикалық тәсілдердің бірі саналады. Ресми мәлімет бойынша, аталған жүйеге 900-ден астам адам тартылып, айналымдағы қаражат көлемі 700 миллион теңгеден асқан.

Брифинг барысында Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы әлеуметтік сақтандыру саласында да заңбұзушылықтардың анықталып жатқанын мәлімдеді. Кейбір азаматтар жалған құжат рәсімдеу, табысты қолдан көбейту немесе көрсетілмеген қызметтер бойынша есеп беру арқылы мемлекет қаржысына заңсыз қол сұғуға әрекеттенген.

Осыған байланысты құзырлы органдар бірнеше қылмыстық іс тіркеп, тиісті тергеу жұмыстарын жүргізуде. Мамандар тұрғындарды қаржылық операцияларға сақтықпен қарауға, күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге және көрсетілмеген медициналық қызметтер немесе заңсыз қаржылық әрекеттер туралы ақпаратты тиісті органдарға хабарлауға шақырады.

Қаржы пирамидаларының құрбаны болмаудың ең тиімді жолы – қаржылық сауаттылықты арттыру, ақпаратты мұқият тексеру және оңай табысқа жетелейді деген күмәнді ұсыныстардан бас тарту.

Қаржылық сауаттылық – адамды өрге сүйрейді
Штабтың бірлескен отырысы өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу