Сауатсыздықты жоюдың маңызы зор

Oinet.kz 30-05-2026

43f1ab792a2536354753fc37518cc8c7.jpg

Қазіргі таңда қаржылық алаяқтық қоғам үшін өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Әсіресе әлеуметтік желілер арқылы «жоғары табыс», «аз уақытта байып кету» немесе «салған қаржыны бірнеше есе көбейту» секілді жалған уәделерге сеніп, сан соғып қалған азаматтардың қатары азаймай келеді.

Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы мәселе кеңінен талқыланды. Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы қаржы пирамидаларының қауіптілігі туралы айтып, тұрғындарды сақ болуға шақырды.

Оның айтуынша, мұндай ұйымдардың жұмыс істеу тәсілі бірдей. Олар азаматтарға қысқа мерзімде мол пайда табуға уәде береді. Алайда нақты өндірісі де, заңды қаржылық қызмет көрсетуге рұқсаты да болмайды. Қаржы пирамидалары алғашқы кезеңде жаңа қатысушылардың қаражаты есебінен төлем жасап, халықтың сеніміне кіреді. Бірақ жүйе ұзаққа созылмайды, нәтижесінде салымшылар қаржысынан айырылып жатады.

Брифинг барысында қоғамда үлкен резонанс тудырған «Nazira Gold» ісі де сөз болды. Тергеу мәліметіне сәйкес, ұйымдастырушылар әлеуметтік желілер арқылы жарнама жүргізіп, азаматтарды жоғары табысқа қызықтырған. Салымшыларға қысқа мерзімде қомақты пайда түсетіні айтылып, нәтижесінде көптеген адам өз қаражатын осы жүйеге салған.

Тергеу барысында ұйымның қаржы пирамидасы екені дәлелденіп, сот шешімі шығарылған. Сот үкімімен ұйымдастырушы бірнеше бап бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар заң талаптарына сәйкес жаза өтеу мерзімі уақытша кейінге шегерілген. Мамандар қоғам арасында тараған «ақталды» немесе «бостандыққа шықты» деген ақпараттардың шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті.

Қазіргі уақытта зардап шеккен азаматтарға келтірілген шығынды өтеу жұмыстары жалғасуда. Тергеу барысында анықталған мүліктерге тыйым салынып, сот шешімімен сатылған қаражат жәбірленушілерге қайтарылуда. Бүгінге дейін салымшыларға 392 миллион теңге өтемақы төленген.

Мамандар азаматтарды қаржы салмас бұрын ұйымның заңдылығын мұқият тексеруге, оңай табысқа уәде беретін күмәнді ұсыныстардан сақ болуға шақырады. Өйткені қаржылық қауіпсіздік – әр азаматтың жауапкершілігі.

Адалдық пен жауапкершілік – әр буынның ортақ міндеті
Қаржылық сауаттылық – адамды өрге сүйрейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу