Адалдық пен жауапкершілік – әр буынның ортақ міндеті

Oinet.kz 30-05-2026

6c77a1f19b76c80fb02b3073508d1f97.jpg

Шымкент қаласының Полиция департаментінде «Ұрпақтар сабақтастығы: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір буын міндеті» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараға полиция департаментінің басшысы Мұхтар Қожаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбеков, құқық қорғау органдарының ардагерлері, ҰҚК өкілдері, оқу орталығының тыңдаушылары, жас қызметкерлер мен «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – құқық қорғау саласындағы адалдық қағидаттарын нығайту, жас мамандардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру және аға буын мен жас буын арасындағы сабақтастықты дамыту болды. Жиында қатысушылар қызметтік әдепті сақтау, заң талаптарын мүлтіксіз орындау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

Полиция департаментінің басшысы Мұхтар Қожаев сыбайлас жемқорлықтың қоғам мен мемлекет үшін қауіпті құбылыс екенін атап өтті.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру – әр азаматтың және әр қызметкердің міндеті. Қызмет барысында адамгершілік, әділдік пен жауапкершілік сынға түседі. Елге адал қызмет ету – ішкі істер саласының басты ұстанымы, – деді ол.

Өз кезегінде Қанат Қадырбеков мемлекеттік қызметтің негізі адалдық пен әділдік екенін айтып, қоғам сенімін сақтау әрбір қызметкердің кәсіби міндеті екенін жеткізді.

Кездесудің тағылымдық бөлігінде ішкі істер органдарының ардагерлері жастармен еркін пікір алмасты. Олар көпжылдық тәжірибелерінен мысал келтіріп, полиция қызметкері үшін халық сенімі мен кәсіби абыройдың маңызын атап өтті. Ардагерлер жастарды заңға адал болуға, халық мүддесіне қызмет етуге және қызметтік міндеттерін  жауапкершілікпен атқаруға шақырды.

Жас қызметкерлер мен оқу орталығының тыңдаушылары да өз пікірлерін білдіріп, аға буынның ақыл-кеңесі кәсіби қалыптасуда үлкен рөл атқаратынын айтты. Ал «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары құқық қорғау саласына қызығушылық танытып, болашақта ел қауіпсіздігіне қызмет етуді мақсат ететіндерін жеткізді.

Жиын соңында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

Өзекті мәселе төңірегінде пікір алмасты
Сауатсыздықты жоюдың маңызы зор
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу