Өзекті мәселе төңірегінде пікір алмасты

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда құқықтық мәдениетті нығайтып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды бастамалардың біріне айналды. Әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің қатарында тұр.
Осы мақсатта М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінде «Заң мен тәртіп» жобасы аясында буллингтің алдын алуға арналған құқықтық сабақ ұйымдастырылды. Кездесуге колледждің 1–2 курс студенттері қатысып, жастар арасында өзекті болып отырған мәселелер төңірегінде ашық пікір алмасты.
Сабақты тәлімгер Ұлан Тағаев жүргізіп, студенттерге буллингтің себептері мен оның салдары туралы жан-жақты түсіндірді. Әсіресе психологиялық қысым көрсету, қорқыту, кемсіту және мазақ ету секілді әрекеттердің адам өміріне тигізетін кері әсері нақты мысалдар арқылы баяндалды. Сонымен қатар жастарға қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастырудың маңызы түсіндіріліп, әр азаматтың заң талаптарын сақтауға міндетті екені айтылды.
Кездесу барысында студенттерге буллинг жағдайында жәбірленуші, куәгер немесе көмек көрсетуші ретінде қалай әрекет ету қажеттігі жөнінде пайдалы ақпарат берілді. Тәлімгер жастарды құқық бұзушылықтарға немқұрайлы қарамауға, қиын жағдайға тап болған қатарластарына қолдау көрсетуге шақырды. Сондай-ақ өзара құрмет, төзімділік, эмпатия және адамгершілік құндылықтарын дамыту мәселелері де кеңінен сөз болды.
Құқықтық тәрбие мен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жолдарының бірі болып саналады. Бүгінде буллинг, кибербуллинг және түрлі жанжалдардың жиі кездесуі қоғам назарын аударып отыр. Сондықтан білім беру ұйымдарында өткізілетін мұндай кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін арттырып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін нығайтуға да ықпал етеді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы осындай іс-шаралар жастарды заңға құрметпен қарауға тәрбиелеп, қауіпсіз әрі саналы қоғам қалыптастыруға негіз қалайды.


