Прокурорлар мектеп оқушыларымен кездесті

Oinet.kz 29-05-2026

Screenshot_3.jpg

Жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттыру және олардың бойында заңға құрмет сезімін қалыптастыру – бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта Шымкент қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта білім беретін мектепте 7-сынып оқушыларына арналған прокурор сабағы ұйымдастырылды. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізіліп, оқушылардың құқықтық білімін жетілдіруге бағытталды.

Кездесуді прокурор С. Хожаев жүргізіп, жасөспірімдермен ашық әрі еркін форматта пікір алмасты. Сабақ барысында оқушыларға зорлық-зомбылықтың түрлері, оның жеке тұлғаға және қоғамға тигізетін кері әсері, психологиялық және әлеуметтік салдары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар мұндай келеңсіз құбылыстардың алдын алу жолдары мен заң талаптарын сақтаудың маңызы туралы кеңінен айтылды.

Прокурор жастарға өз құқықтарын білумен қатар, міндеттері мен жауапкершіліктерін де терең түсіну қажеттігін атап өтті. Қоғамдық тәртіпті сақтау, өзгелердің құқығын құрметтеу және заң талаптарына бағыну – құқықтық мемлекет құрудың басты шарттарының бірі екені түсіндірілді. Оқушылар нақты мысалдар арқылы құқық бұзушылықтардың салдары мен оның болашаққа әсері туралы маңызды ақпарат алды.

Іс-шара барысында жасөспірімдердің бойында өзара сыйластық, адамгершілік, жауапкершілік және тәртіпке бағыну сияқты құндылықтарды қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесу оқушылардың құқықтық ой-өрісін кеңейтіп, оларды қоғамдағы өз орны мен міндетін түсінуге жетеледі.

Бүгінде прокуратура органдары жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайтуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Мектептер мен колледждерде ұйымдастырылатын кездесулер, дәрістер мен түсіндіру сабақтары өскелең ұрпақтың заңды құрметтеуіне, құқықтық сауатын арттыруға және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етуде.

Құқықтық тәрбиені ерте жастан қалыптастыру – келешекте құқық бұзушылықтың азаюына және қауіпсіз қоғамның орнығуына негіз болады. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізілетін мұндай кездесулердің маңызы зор. Олар жас ұрпақты саналы, тәртіпті әрі заңға құрметпен қарайтын азамат ретінде тәрбиелеуге қызмет етеді.

Құқықтық сана – тәртіпті қоғам негізі
Өзекті мәселе төңірегінде пікір алмасты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу