Құқықтық сана – тәртіпті қоғам негізі

Oinet.kz 29-05-2026

qamaq.jpg

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және заң үстемдігін нығайтуға бағытталған маңызды бастамаға айналды. Бұл бағыттағы жұмыстардың тиімділігі жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттырумен де тығыз байланысты. Себебі заңды құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін білетін ұрпақ қана қоғамның тұрақты дамуына үлес қоса алады.

Осы мақсатта Шымкент қаласындағы Ақпан батыр атындағы №10 жалпы орта білім беретін мектепте 9-сынып оқушыларына арналған «Балалардың құқықтары мен міндеттері» тақырыбында танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара «Заң мен тәртіп» жобасы аясында өткізіліп, оған Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Самал Кенжебаева қатысты.

Кездесу барысында оқушыларға құқық пен міндеттің өзара байланысы, заң талаптарын сақтаудың маңызы және қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері жан-жақты түсіндірілді. Маман жасөспірімдерге әр азаматтың құқықтары заңмен қорғалатынын, алайда құқықпен қатар белгілі бір міндеттердің де жүктелетінін атап өтті. Сондай-ақ заң талаптарын сақтау қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің басты кепілі екеніне назар аударды.

Самал Абдулжанқызының арнайы дайындаған ситуациялық тапсырмалары, құқықтық кейстері мен тест сұрақтары оқушылардың қызығушылығын оятып, олардың құқықтық білімін тереңдете түсті. Сабақ барысында білім алушылар түрлі өмірлік жағдайларға құқықтық тұрғыдан баға беріп, өз пікірлерін еркін жеткізді. Практикалық тапсырмалар олардың заң талаптарын күнделікті өмірмен байланыстыра отырып түсінуіне мүмкіндік жасады.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, оқушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Өз кезегінде маман нақты мысалдар келтіре отырып, құқықтық мәселелер бойынша жан-жақты түсініктемелер берді. Мұндай еркін пікір алмасу алаңы жастардың құқықтық ойлау қабілетін дамытуға және азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.

Бүгінде құқықтық сауаттылықты арттыру – құқық бұзушылықтардың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Сондықтан мектептерде өткізілетін осындай кездесулердің маңызы зор. Олар оқушылардың бойында заңға құрмет, тәртіпке бағыну, әділдік пен жауапкершілік секілді құндылықтарды қалыптастырып, саналы әрі белсенді азамат тәрбиелеуге қызмет етеді. 

«Заң мен тәртіп» – құқықтық мәдениетті қалыптастырудың тиімді тетігі
Прокурорлар мектеп оқушыларымен кездесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу