Жол қауіпсіздігі – басты назарда

Шымкент қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл туралы қала полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов арнайы өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде қала аумағында жол-көлік оқиғаларының саны азайған. Биылғы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда оң динамиканы көрсетіп отыр. Атап айтқанда, жол-көлік оқиғаларының саны 466-дан 450-ге дейін төмендеген.
Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында заманауи цифрлық технологиялар кеңінен енгізілуде. Соның бірі – құқық бұзушылықтарды анықтауға арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану. Дрондардың көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілер анықталып, тиісті шаралар қабылдануда. Бұл тәсіл жолдағы бақылаудың тиімділігін арттырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр.
Профилактикалық жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері автобус парктерінде, білім беру ұйымдарында және қоғамдық орындарда жол қозғалысы ережелерін түсіндіруге бағытталған 1642 іс-шара ұйымдастырылды. Кездесулер барысында азаматтарға жолдағы қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, арнайы бейнероликтер көрсетілді.
Сонымен қатар полиция департаментінің бастамасымен жол қозғалысы ережелерін автоматты түрде тіркейтін 430 бейнебақылау камерасы іске қосылды. Бұл жүйелер құқық бұзушылықтарды жедел анықтап қана қоймай, жүргізушілердің тәртіпке деген жауапкершілігін күшейтуге ықпал етуде.
Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету де негізгі басымдықтардың бірі. Қаладағы 770 жаяу жүргінші өткелінің 323-іне көріну деңгейі жоғары СИ-5 үлгісіндегі жол белгілері орнатылған. Мұндай шаралар әсіресе түнгі уақытта және көру мүмкіндігі төмен жағдайда жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен насихатталуда. Бұл бастама жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруда да ерекше маңызға ие.
Құқық қорғау органдары алдағы уақытта да профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын тұрақты бақылауда ұстамақ.


