Кәсіпкерлер құқығы – тұрақты экономиканың кепілі

Oinet.kz 27-05-2026

0708c35e829352721b080795762dfd5d.jpg

Жақында Шымкент қаласында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын барысында бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту және мемлекеттік органдардың қызметіндегі ашықтықты арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Кеңес жұмысына Шымкент қаласы прокуратурасы басқарма басшысының орынбасары Батыр Ергешов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қалалық филиалының директоры Сабира Адамбекова, Кеңес төрағасы Қайрат Акенов, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Отырыста кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланып, бизнеске кедергі келтіретін өзекті мәселелер көтерілді. Әсіресе жарнама саласындағы құқықтық қатынастарға ерекше назар аударылды. Соңғы уақытта кәсіпкерлер тарапынан осы бағытқа қатысты шағымдардың көбеюіне байланысты прокуратура органдары арнайы талдау жүргізген.

Жиын барысында Батыр Ергешов жүргізілген тексерулердің нәтижесінде жарнама саласында бірқатар заң бұзушылықтардың анықталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, заң талаптарының сақталмауы салдарынан кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға жалпы көлемі 260 миллион теңгені құрайтын төлемақы негізсіз есептелген. Прокуратураның араласуы нәтижесінде бұл заңсыздықтардың жолы кесіліп, 2 571 кәсіпкер мен азаматтың құқығы қорғалған.

Сонымен қатар заң талаптарын бұзуға жол берген жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданған. Атап айтқанда, кінәлі лауазымды адамдар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заңсыз қабылданған шешімдердің күші жойылған.

Кеңес мүшелері кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау өңір экономикасының өркендеуіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Сондықтан мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіру, бизнеске артық әкімшілік қысымды төмендету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады. Осы мақсатта бизнесті негізсіз тексерулерден қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және кәсіпкерлердің мәселелеріне жедел ден қою алдағы уақытта да басым бағыттардың қатарында қала береді.

Жол қауіпсіздігі – басты назарда
Әлеуметтік маңызы бар өнім өндірушілерге қолдау күшейеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу