Жолдағы тәртіп – ортақ жауапкершілік

Қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – құқық қорғау органдары қызметінің басты бағыттарының бірі. Әсіресе жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау мәселесі әрдайым өзекті. Осы мақсатта жақында Шымкент қаласының полиция департаменті «Қауіпті жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп, жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылауды күшейтті.
Рейд барысында полиция қызметкерлері жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолдағы тәртіптің маңызын еске салды. Екі күнге созылған іс-шара қорытындысы жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың әлі де жалғасуы қажет екенін көрсетті. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, осы кезеңде 3000-ға жуық жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталған.
Анықталған құқық бұзушылықтардың арасында қарсы бағытқа шығудың 6 фактісі, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өтудің 17 жағдайы тіркелген. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 15 дерегі белгілі болды. Мамандар мұндай заңбұзушылықтардың жол-көлік оқиғаларына жиі себеп болатынын айтады. Әсіресе қарсы жолаққа шығу мен қызыл түске өту ауыр зардаптарға әкелетін апаттардың негізгі факторларының бірі саналады.
Рейд барысында мас күйінде көлік басқару және жүргізуші куәлігінсіз рөлге отыру бойынша 7 дерек анықталды. Бұдан бөлек, өзге көліктердің қозғалысына кедергі келтірудің 78 жағдайы тіркелді. Заң талаптарын бұзған азаматтардың барлығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Жол қауіпсіздігі тек полиция қызметкерлерінің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Себебі жүргізушінің бір сәттік салғырттығы адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан құқық қорғау органдары жол қозғалысына қатысушыларды заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Мұндай профилактикалық іс-шаралардың басты нәтижесі анықталған құқық бұзушылықтар санымен ғана өлшенбейді. Ең маңыздысы – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, адам өмірін сақтау және қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда «Қауіпті жүргізуші» іс-шарасы жүргізушілердің тәртібін бақылап қана қоймай, олардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыруға да ықпал етуде.


