Биыл Түркістан облысында 20 жазғы сауықтыру лагері жұмыс істейді

Oinet.kz 05-04-2024 542

Бүгін Түркістанда «2024-2026 жылдардағы жазғы демалыс кезінде балаларды сауықтырып, демалысын, бос уақытын ұйымдастыру» тақырыбында семинар өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев төрағалық етіп, жүргізіп отырды. 

Screenshot_26.jpg

– Өткен аптада Төлеби ауданында орналасқан бірқатар лагерді аралап шықтым. Дайындық жұмыстарын әлі бастамаған жартысы. Ертерек қамдану керек кеш болмай тұрып, уақыт аз қалды. Қауіпсіздігіне баса мән беріңіздер, себебі кішкентай қателіктер үлкен жағдайларға алып келуі ықтимал. Қанша дегенмен адам өмірі, бала тағдыры бар. Бюрократиялық кедергілер болмауы керек. Биыл әрбір балаға 60 мың теңгеден бөліп отырмыз. Былтырғымен салыстырғанда екі есе көп. Тазалықты да ұмыт қалдырмаңыздар. Санитарлық кемшіліктердің алдын алу керек, тиісінше сол маңда арнайы сенбілік ұйымдастыруды қарастырыңыздар. Білім бөлімінің басшылары лагер басшыларымен бірге тығыз жұмыс істеңіздер. Аудан, қаладан арнайы комиссия құрылып, баратын балалардың тізімін мұқият қарасын, арнайы санатқа жатпайтын балалар да қосылып кету жағдайлары тіркелген. Бұдан бөлек арнайы жұмысшы топ құруды тапсырамын. Мониторинг жүргізіп, талапқа сәйкес келмеген жауаптыларға шара көреңіздер,  – деген облыс әкімінің орынбасары нақты міндеттер жүктеді.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова баяндама жасап, биылғы жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтырылуын, демалысын, бос уақытын ұйымдастыру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша ҚР Оқу ағарту министірлігі тарапынан «Балаларды сауықтыру және олардың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы» бекітілген. Қазіргі таңда аталған жолкартасы мен басқарманың жоспары бойынша жұмыстар қаңтар айынан басталған. Дайындық, ұйымдастыру, іске асыру және қорытынды сынды төрт кезеңнен тұратын жұмыстың алғашқысы іске асырылып жатыр. Сондай-ақ екі есе қаржы бөлініп, Жазғы сауықтыруды ұйымдастыруға қатысты 35 мыңнан аса баланы қамтамасыз етуге мемлекеттік сатып алу конкурсы аудандық, қалалық білім бөлімдері тарапынан жарияланды.

Ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Шарифа Имантаева қала сыртындағы лагерлердің санитарлық нормаларының сақталуы туралы айта келе, былтыр санитарлық талапты орындамаған лагерьлерді атап көрсетті. Ондағы қауіпсіздіктің сақталуы аса маңызды. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстарды Түркістан облысы Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бегімхан Ахметов айтып өтті. Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысының міндетін атқарушы Педен Нұрболат төтенше жағдайлардың алдын алу туралы баяндады. 

Аудан, қала әкімдерінің осы салаға жауапты орынбасарлары кері байланысқа шығып, өздерін толғандырған сауалдарды ортаға тастады. Сонымен қатар жазғы сауықтыру лагерлерінің басшылары ұсыныстарын айтып, пікір алмасты. Салада орын алуы мүмкін деген түрлі мәселелер көтеріліп, туындаған сұрақтар қойылды. 

Өңірде биылғы оқу жылында 20 жазғы сауықтыру лагері мен 8 этно және шатырлы лагерь қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Қала сыртындағы лагерлерде 42 мыңдай, ал мектеп жанындағы лагерлерде 106 мыңға жуық бала сауықтырылады деп күтілуде. Өткен жылы 17 жазғы сауықтыру лагері қызмет көрсетті. Оның 6-ауы мемлекеттік, 11-і – жекеменшік. Жоспар бойынша қала сыртындағы лагерлерге 28000-нан аса бала, ал мектеп жанындағы лагерлерге 153 000 бала сауықтырылды. Әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен тегін, ата-аналар есебінен ақылы демалса, 3400-дей бала «Қазақстан халқына» қоры есебінен жіберілген болатын.

Түркістан облысының делегациясы Кореяның фармацевтикалық компаниясымен меморандумға қол қойды
Сөз болып қалған ойдан сақтасын...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу