Диқанкөл – сауықтыру туризмінің орталығына айналып келеді
Бүгінде медицина мен туризм егіз ұғымға айналып барады. Себебі медицина дамыған жерде туризмнің де дамитыны сөзсіз. Қазір адамдар денсаулығын түзеп әрі жақсы демалғанды құп көреді. Әсіресе қала тұрғындары қарбалас тіршіліктен бір сәтке таулы, тыныш өлкеге ығысып, жанын да тәнін де емдеуді қалайды. Мұндай мүмкіндікті бүгінде Төле би ауданындағы Диқанкөл ауылы сыйлай алады. Мұнда келуші туристер тек әсем табиғатты ғана тамашалап қоймай сонымен қатар тау қымызымен емделе алады.
Тұрғындардың 80 пайыздан астамы қымыз өндірісімен айналысатын Диқанкөл ауылының азаматтары үй іргесінен саумалмен сауықтыру орталықтарын ашып жатыр. Бүгінде халық табиғи өнімдермен емделуге ден қоюда. Міне осы жағдайды пайдалы бағытқа бұрған аудан әкімдігі сауықтыру туризміне үлкен көңіл бөлуде. Мұндай шипажайлар – иммунитетін нығайтқысы келетіндер үшін таптырмайтын дүние. Бал қымызымен танымал Диханкөл елді мекенінде сапалы емдік сусынды жайлы қызметімен, саумал күйінде ішуге мүмкіндік жасалған орталықтарға келушілер қатары өсуде. Туристер мұндағы қымыз баптаудың өзіндік құпиясын білгісі келеді. Бұл орайда фермерлердің өздері ұлттық сусынның артықшылығын жылқының тау етегіндегі емдік шөпке жайылуымен байланыстырады. Күн сайын жергілікті тұрғындар бірнеше мың тоннаға дейін қымыз сатады.
Бүгінде Төлеби ауданы, Қоғалы ауылдық округының құрамына үш ауыл, атап айтқанда Алшалы, Диханкөл, Ұзынарық ауылдары еніп, орталығы – Ұзынарық ауылы болып белгіленген. Қоғалы ауылында басы Қоғалы шатқалынан басталып, Диханкөл ауылын кесіп өтіп, Ұзынарық суына қосылатын өзен бар. Ауыл халқының негізгі күнкөрісі – мал шаруашылығы. Округ тұрғындарының басым бөлігі, ірі қара және жылқы малын бағады. Сондықтан, Диханкөл ауылында елімізге танымал «Диханкөл қымызы» өндіріледі. Диханкөл ауылы – Өгемтау, Қаржантау, Қазығұрт таулары баурайында орналасқан. Ол көз тоймас табиғатымен кез келген жанды баурайтын көрікті мекен. Ал ауылдың атақты «Диханкөлдің қымызы» бұл күнде брендке айналған. Қырық түрлі дертке ем тіл үйірер қымызды қазір өзге елдерден арнайы іздеп келіп дәмін тататындар да көп. Округ халқының киікотымен ыстап, дайындаған бал татыған қымызына деген сұраныс артып, оны тұтынушылар саны күн санап көбейіп келеді. Ауыл халқы қымызды тек пайдаланушыларға жеткізіп қана қоймай, бүгінде пайдасы мол сусынды негізгі рационға ала отырып, емдеу мақсатында сауықтыру орталығын іске қосуда. Сондай-ақ еліміздің басқа өңірлерінен келгендер үшін де, алыс-жақын шетелден экотуризм, этнотуризм шеңберінде арнайы келген туристер үшін де қазақ халқының атадан балаға мұра болып келе жатқан игі дәстүрлерінің бірі – қымызмұрындық жөнінде кеңірек мағлұмат беру де маңызды. Ертеде жер аяғы кеңіп, бие құлындап, желіге байланған тұста көптен көріспеген ағайын-туған сағынысып, бірін-бірі осы қымызмұрындыққа шақырысып, мәре-сәре болған. Бұл мерекеде өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып қана қоймай, жігіттер білек күшін сынасып, кір тасын көтеріп, арқан тартысып, қазақ күресінен, тоғызқұмалақ, асық ойындары секілді ұлттық ойындардан сынға түскен. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін әр ауылдан жеткізілген сары қымыздың дәмін татып, бағасын берген. Осы орайда Диқанкөл ауылында қымызмұрындық өткізіліп, келген қонақтарға қымыздың түр-түрі ұсынылады. «Уыз» қымыз, «Бас» қымыз, «Жуас» қымыз сынды түрлерінің дайындалу, жасалу жолдары таныстырылады. Бірі табаға нан жауып, бірі күбі пісіп, бірі бие сауып жатса, тағы бір келіндер самауырға шай қойып, қазан көтеріп жатады. Бұл туристер үшін ғана емес, ұрпақ жалғастығы, салт-дәстүрді насихаттау бағытында жас ұрпаққа тиімді жеткізуге де септігін тигізеді. Жас ұрпақ демекші, Төлебилік мектеп оқушысы Жансұлтан Төребек адам денсаулығына пайдасы зор қымызды оқушыларға ішкізудің жеңіл түрін ойлап тапты. Яғни қымыз құятын роботты құрастырды. Робот өздігінен қымызды құйып қана қоймай, қымыздың адам ағзасына тигізер шипалы қасиеті туралы қысқаша мағлұмат береді.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, «Диқанкөл қымызын» танымал еткендердің бірі – Аймахан Төлтебаев колхозда малшы болып жұмыс атқарған уақытында 100 жылқы бағып, бір жылда 100 жылқыдан 100 құлын алған екен. 30 биені үйінде сауып, «Біркөлік» демалыс орнын, май шығаратын зауытты және Шымкент қаласының көптеген жерлерін Диқанкөл қымызымен қамтып отырған. Бүгінде ауыл тұрғындарының басым бөлігі қымыз шаруашылығымен айналысады« яғни ауылдағы 300-ден астам отбасын асырап отырған берекелі кәсіп. Бұл – бертінде қолға алынған күнкөріс қамы емес, жылдар бойы жалғасып келе жатқан атакәсіп. Ал Диқанкөл қымызының құпиясын баптауы мен шөптің шүйгінділігімен байланыстырушылар көп. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қымызшылар күбіні ыстық сумен тазалап жуып, киікотымен ыстайды. Ол үшін шөпті тұтатып, күбінің ішіне түтін толтырады. Түтін ыдыстың аузынан сыртқа шыққанда жаңа сауылған сүтті құйып, бетін жауып қойса, киікотының хош иісі сүтке сіңеді. Бірақ шамадан тыс ысталған күбіде дайындалса, дәмі қышқыл болып кетуі де мүмкін. Ауылдықтар қымыз сапалы болуы үшін түнде ұйқыдан тұрып, күбі пісуді де ұмытпайды. Жаңа сауылған бие сүті асқазан, бауыр ауруларына таптырмайтын ем.
Сондай-ақ Диқанкөлге шетелдіктердің де аңсары ауып, ауыл аудандағы экотуризм орталығына айнала бастағандай. Туристерді қабылдайтын орын ретінде арнайы сертификат алғандар да аз емес. Ауыл тұрғындары Дания, Голландия, Польша, Англия сияқты алыс елдерден келген қонақтар қымыз жайында көптеген мәліметтер алғанын, оларға бие сауу, күтім жасау мен қымыздың қалай дайындалатыны көрсетілгенін де мақтанышпен айтуда. Шетелдіктер арасында саумалмен сусындаумен қатар тауға жаяу шығып, табиғатты тамашалауды, жылқыға мініп серуендеуді ұнататындар да аз емес екен. Яғни Диқанкөлге барған әрбір адам қазақ үшін жылқыдан артық мал, қымыздан артық сусын жоқ екенін түйсініп, таулы ауданның керемет табиғатына сүйсініп қайтады.