Қасқасу – Оңтүстіктің жерұйығы
Әсем табиғат, заңғар тау, сарқырап аққан өзен, жасыл желек - мұның бәрі қазіргі таңда туризмді дамытып отырған ең құнды ресурстар. Осы орайда Төле би ауданында орналасқан Қасқасу шатқалын – Оңтүстіктің жераұйығы деп атауға болады. Ауданның туризм саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған таулы өлкеге барып демалушылар көбеюде. Өйткені мұндағы көз тартарлық табиғаттың сұлулылығына тамсанбау мүмкін емес. Қазіргі таңда туризмі жолға қойылған бір ғана Қасқасу ауыл округінде 17 демалыс орны келушілерге қызмет көрсетуде.
Міне, осындай экожүйені сақтай отырып тау бөктерінде демалыс орындары да жылдан-жылға көбейе түсуде. Қасқасу ауылдық округының әкімі Мейіржан Ермаханбетовтің айтуынша мұнждағы қызметтердің бірі – қоршаған ортаны қорғау, тазалықтың сақталуын бақылау және қамтамасыз ету. «Туризмді дамытуда құрылысы қолға алына бастаған Қасқасу» туристік-рекреациялық кешені жобасының да алар орны ерекше. Жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП – 50 нысанның тізіміне, сондай-ақ Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілген. Қазіргі уақытта «Қасқасу туристік-рекреациялық орталығын» салу жобасының бірінші кезеңін іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Жоба жүзеге асырылған жағдайда жергілікті тұрғындарды да жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады», – дейді Мейіржан Ермаханбетов. Еске сала кетсек, жобаны жүзеге асыру мақсатында өткен жылға инфрақұрылым жүргізу үшін облыстық бюджеттен 1 млрд 50 млн теңге қарастырылған болатын.
Қасқасу шатқалы – Төлеби ауданында теңіз деңгейінен 1900 м биіктікте орналасқан. Шымбұлақтың 5-ін өзіне сидыра алатын әлеуеті бар. Мұнда алманың 20 дан астам элиталық түрі өседі. Олардың дәмі,сапасы және көктем маусымының соңына дейін сақталуы таң қалдырады.
Жануарлар әлемі де әртүрлілігімен ерекшеленеді. Сүқоректілердің 59 түрі, құстардың 300-ге жуығы тіркелген.Аю, қасқыр, жабайы шошқа, тау ешкісін жолықтыруға болады.Өте абай, адамдардан үнемі жырақ жүруге тырысатын қар барысы(ілбіс) тау-тастың арасын мекен еткен. Қасқасу шатқалында өсімдіктің 1500-ден аса түрі өседі. Ағаштардың түрлері өте көп. Ең танымалы-түркістан аршасы. Бұл аршаның таулар өміршеңдігі мен әкожүйеге ықпалы өте зор, себебі, қардың уақытында еруін қамтамасыз етеді. Жемісімен көптеген аңдар қоректенеді. Аршаның бойы ылдидан тау шыңына қарай төмендей береді. Өте жай өседі, жылына бой өсімі 1 см-ден аспайды. Аршаның өмір сүру ұзақтығы 500-600 жыл, 4 мың жылға дейін жасаған аршалар бар.