Ақ-Әділ АЛАЙДАРОВ: Студенттерді екінші курстан бастап еңбек нарығына шығарамыз
Туризм саласында білікті маман даярлау – бүгінгі еңбек нарығының маңызды талаптарының бірі. Елімізде осы сұранысты өтеп отырған бірегей оқу орны бар. Ол – Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен талапкерлерді жинап, халықаралық тәжірибеге жол ашып отырған білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі, қабылдау науқаны және студенттерге берілетін мүмкіндіктері туралы аталған университеттің қабылдау комиссиясының басшысы Ақ-Әділ Алайдаровпен әңгімелескен едік.

Ақ-Әділ АЛАЙДАРОВ, Халықаралық туризм және меймандостық университеті қабылдау комиссиясының басшысы
– Ақ-Әділ Абушахмаұлы, қабылдау комиссиясының негізгі қызметі қандай? Көпшілік ойлағандай, оның жұмысы тек қабылдау науқанымен ғана шектеле ме?
– Халықаралық туризм және меймандостық университеті – бұл әлемдік деңгейдегі туризм индустриясы мен қонақжайлылық саласының ТОП мамандарын даярлайтын Қазақстандағы алғашқы мемлекеттік бейінді университет. Оқу орны 2019 жылы Үкіметтің қаулысымен құрылып, 2020 жылы ағашқы талапкерлерді қабылдады. Сол жылдан бері қабылдау комиссиясының басшысы қызметін атқарып келемін.
Көпшілік қабылдау комиссиясы тек жаз мезгілінде жұмыс істейді деп ойлайды. Шын мәнінде, біздің жұмысымыз жыл бойы жалғасады. Қазіргі таңда ҰБТ жылына бес рет өткізіледі. Қаңтар, наурыз және негізгі ҰБТ кезеңдерінің барлығында талапкерлер мен ата-аналарға қажетті ақпарат беріп, бағыт-бағдар көрсететін – осы қабылдау комиссиясы. Яғни біздің міндетіміз тек құжат қабылдаумен шектелмейді. Мектеп түлектері мен олардың ата-аналарына кеңес беру, университеттің білім беру мүмкіндіктерін таныстыру, кәсіптік бағдар беру, ақпараттық және маркетингтік жұмыстардың барлығы қабылдау комиссиясының құзыретіне кіреді.
– Қазіргі қабылдау науқанының барысы туралы нақты статистикаға тоқталсаңыз. Бүгінде университетке қанша талапкер құжат тапсырды және олардың географиясы қандай?
– Тамыз айының басындағы статистикалық мәліметтер бойынша, университетімізге жалпы мыңнан аса талапкер құжат тапсырып үлгерді. Оның ішінде 400-ге жуығы «Туризм» мамандығын, 500-ден астамы «Тынығу» бағытын, ал 150-ге жуығы «Мейрамхана ісі» және «Мейрамхана бизнесі» мамандықтарын таңдады.
Болашақ студенттердің географиясына тоқталатын болсақ, басым бөлігі Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан келіп жатыр. Сонымен қатар Маңғыстау, Шығыс және Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл, Алматы және басқа да өңірлерден талапкерлер құжат тапсыруда. Бір сөзбен айтқанда, жастар Қазақстанның түкпір-түкпірінен біздің университетке оқуға келіп жатыр. Тіпті шетелдік студенттер де бар. Соңғы мәліметтерге сәйкес, оқу орнымызға Өзбекстан, Пәкістан, Моңғолия, Ресей, Бангладеш, Гана, Вьетнам секілді мемлекеттерден де студенттер келуде.
Бұл ретте университетіміздің басты ерекшеліктерінің бірі – елімізде туризм және меймандостық саласына ғана маманданған бірегей жоғары оқу орны екені. Әрине, бүгінде туризм мамандықтары басқа да жоғары оқу орындарында оқытылады. Алайда олардың басым бөлігінде бұл бағыт кафедра немесе білім беру бағдарламасы ретінде қарастырылса, біздің университеттің ерекшелігі – оқу орнының тұтастай туризм, меймандостық және қонақжайлылық саласына бағытталуында. Яғни университетіміздің барлық білім беру мүмкіндігі мен оқу процесі осы индустрияға қажетті кәсіби мамандарды даярлауға негізделген. Сондықтан жастардың еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де біздің университетті таңдап келуі – осы бағыттағы мамандандырылған білімге сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Талапкерлерді қабылдау жұмыстары әлі де жалғасуда. Сондықтан қабылданған студенттердің саны алдағы уақытта әлі де өсетіні анық.
– Құжат тапсыру кезінде талапкерлер мен ата-аналардың ең жиі қоятын сұрақтары қандай?
– Университетте мемлекеттік білім гранты бойынша құжат қабылдау 1 маусымнан 15 тамызға дейін жүргізіледі. Жалпы қабылдау комиссиясының жұмысы 25 тамызға дейін жалғасады. Біз мемлекеттік гранттармен қатар Туризм және спорт министрлігі бөлетін 700-ге жуық атаулы грант бойынша да қабылдау жүргіземіз. Бұл Ғылым және жоғары білім министрлігінен берілетін гранттан бөлек қарастырылған.
Әдетте талапкерлер ата-анасымен, кейде ата-әжесімен бірге келеді. Әсіресе: «Шетелге тәжірибеге шынымен жібересіздер ме?», «Дуальды оқыту деген не?», «Халықаралық тәжірибе қалай ұйымдастырылады?» деген сұрақтар жиі қойылады.
Оңтүстік өңірдің танымында жоғары оқу орнына құжат тапсыру – отбасы үшін үлкен қуаныш. Сондықтан біз әрбір ата-ана мен талапкердің барлық сұрағына жан-жақты жауап беруге тырысамыз.
– Жоғарыда өзіңіз атап өткен атаулы гранттың ерекшелігі қандай? Оған кімдер үміткер бола алады?
– Ең алдымен талапкер міндетті түрде ҰБТ тапсырып, таңдау пәні ретінде ағылшын тілі мен географияны таңдауы қажет. Одан кейін университетке арнайы құжаттарын өткізеді.
Біздің университет республикалық жалпы грант конкурсына қатыспайды. Өйткені Туризм және спорт министрлігі бөлетін 700-ге жуық грант тек Халықаралық туризм және меймандостық университетіне арнайы қарастырылған. Сондықтан бұл гранттарға конкурс жеке өткізіледі.
Аталған гранттардың Ғылым және жоғары білім министрлігі бөлетін мемлекеттік гранттардан еш айырмашылығы жоқ. Студенттерге мемлекеттік стипендия төленеді. Негізгі ерекшелігі – оқу мерзімі үш жыл.
Университет Болон процесі талаптарына сәйкес жұмыс істейді. Студент 240 кредитті толық игеруі тиіс. Көптеген жоғары оқу орындарында бұл көлем төрт жылда меңгерілсе, біз оны оқу бағдарламасын тиімді ұйымдастыру арқылы үш жылға ықшамдадық. Соның нәтижесінде студенттер үш жыл ішінде толыққанды жоғары білім алып, диплом иеленеді.
– Университеттің білім беру жүйесіндегі басты ерекшеліктердің бірі – дуальды оқыту. Бұл жүйе қалай жүзеге асады және оның студентке беретін нақты артықшылықтары қандай?
– Дуальды оқыту жүйесі бойынша туризм және мейрамхана ісі мамандықтарының студенттері бірінші курстан бастап-ақ өндірістік тәжірибеге жіберіледі. Олар университетпен серіктестік орнатқан бес жұлдызды қонақүйлер мен туристік агенттіктерде тәжірибеден өтеді.
Бұл жүйеде оқу процесінің 60 пайызы – практикаға, 40 пайызы теориялық білімге негізделген. Өндірістік тәжірибе барысында студенттердің жұмысын мекеме жетекшілері бағалайды, ал теориялық пәндерді онлайн форматта меңгереді.
Екінші және үшінші курсқа өткенде студенттердің басым бөлігі серіктес кәсіпорындарда еңбек жолын бастайды. Олар мемлекеттік стипендиямен қатар еңбек шарты негізінде жалақы алады. Емтихан кезінде университетке келіп, белгіленген тәртіпке сәйкес сынақтарын тапсырады.
Дуальды оқытудың ең үлкен артықшылығы – студенттердің еңбек нарығына ерте бейімделуі. Көп жағдайда олардың жұмысқа орналасу мәселесі оқу барысында-ақ шешімін табады. Яғни біз студенттерді екінші курстан бастап кәсіби ортаға бейімдеп, болашақ маман ретінде еңбек нарығына шығарамыз.
– Университетке түсу үшін ағылшын тілі мен географияны таңдау міндетті ме? Басқа білім беру бағдарламаларына талапкерлер қандай талаптармен қабылданады?
– Универсетімізге бөлінген 700-ге жуық атаулы грант туризм және мейрамхана ісі бағытындағы білім беру бағдарламаларына арналған. Сонымен қатар бізде «Тынығу» бағыты бойынша спорттық-сауықтыру фитнесі және спорттық туризм білім беру бағдарламалары да бар.
«Тынығу» бағытына түсу үшін талапкердің ҰБТ-дағы таңдау пәнінің комбинациясы шешуші рөл атқармайды. Егер Қазақстан тарихы пәнінен кемінде 5 балл, оқу сауаттылығынан 3 балл жинаса, шығармашылық емтихан тапсыруға мүмкіндік алады.
Құжат қабылдау 1 маусым мен 25 шілде аралығында жүргізіледі. Осы кезеңде талапкерлер университет қабырғасында екі шығармашылық емтихан тапсырады. Кейін ҰБТ нәтижесі мен шығармашылық емтихандардың ұпайлары біріктіріліп, жалпы балл негізінде конкурсқа қатысады. Бұл – талапкерлерге өз қабілетін тағы бір қырынан дәлелдеуге мүмкіндік беретін білім беру бағдарламасы.
– Дуальды оқытудан бөлек студенттерге тағы қандай мүмкіндіктер ұсынылады?
– Университетте академиялық ұтқырлық бағдарламасы қарқынды дамып келеді. Біз АҚШ, Германия, Польша, Сербия, Индонезия, Ресей, Тайланд, Испания, Түрікменстан, Тәжікстан және Түркия т.б университеттерімен серіктестік орнатқанбыз. Осы бағдарлама арқылы студенттер шетелдік жоғары оқу орындарында бір семестр білім алады. Жыл сайын мұндай мүмкіндікке ие болып жатқан жастардың саны артып келеді. Сонымен қатар АҚШ-тағы University of Arizona университетімен бірлескен сертификаттық бағдарламамыз жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың 16 қазанынан бастап екінші курс студенттері «Тұрақты туризм» сертификаттық бағдарламасына қатыса бастады. Бағдарлама толықтай ағылшын тілінде, онлайн форматта өтеді. Көлемі – 15 кредит, оқу ұзақтығы – 1,5 жыл. Оны аяқтаған студенттерге University of Arizona сертификаты беріледі. Бұл халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті маман даярлауға бағытталған маңызды жоба.
– Теориялық білім мен өндірістік тәжірибені ұштастыру – туризм саласындағы маман даярлаудың басты талаптарының бірі. Университет студенттерінің шетелде тәжірибеден өту мүмкіндігі қалай ұйымдастырылған?
– Университетіміздің маңызды артықшылықтарының бірі – халықаралық өндірістік тәжірибе бағдарламасы. Жыл сайын 100-ден астам студент Түркияның Анталия қаласындағы бес жұлдызды қонақүйлерде кемінде алты ай тәжірибеден өтеді. Биылдың өзінде 35 студент Кемер қаласына аттанды. Тәжірибе барысында жастар нақты еңбек процесіне араласып, халықаралық қызмет көрсету стандарттарын меңгереді. Олардың тұруы, тамақтануы және басқа да шығындарын шақырушы тарап өтейді.
Сонымен қатар Қазақстандағы барлық бес жұлдызды қонақүйлермен, оның ішінде Rixos қонақүйлер желісімен серіктестік орнатқанбыз. Мәселен, жыл сайын Ақтаудағы қонақүйлерге 100-ге жуық студент тәжірибеден өтеді. Өндірістік тәжірибені ұйымдастыру барысында студенттердің мүддесін ескеруге басымдық береміз. Яғни тәжірибе орны белгіленген кезде студенттің тұрғылықты жері де назардан тыс қалмайды. Мысалы, Астанадан келген студентті Бурабайдағы серіктес мекемеге жіберуге тырысамыз. Дегенмен кейбір жастар өз қалауы бойынша Ақтауға немесе Шымкентке баруды таңдайды. Мұндай жағдайда олардың пікіріне құрметпен қарап, мүмкіндігінше сұранысын ескереміз.
– Бүгінде студенттер үшін ең өзекті мәселелердің бірі – жатақхана. Университет бұл мәселені қалай шешіп отыр?
– Университет қарамағында бес жатақхана бар. Оның біреуі университеттің өз балансында, шамамен 200 орынға арналған және оқу корпусының жанында орналасқан. Қалған төрт жатақхана мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған заманауи ғимараттар. Оның ішінде қыздар мен ұлдарға арналған жатақханалар бөлек орналасқан. Барлық жатақханада студенттердің жайлы тұруына қажетті жағдай толық жасалған.
Ең бастысы – біз студенттерді шыққан өңіріне немесе әлеуметтік жағдайына қарап бөлмейміз. Оқуға қабылданған барлық студентті оқуын аяқтағанға дейін 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз етеміз.
– Әңгімемізді қорытындылай келе, туризм және қонақжайлылық саласының алдағы 5–10 жылдағы даму перспективасын қалай бағалайтыныңызды айта кетсеңіз... Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуеті қаншалықты жоғары?
– Университетке келгенге дейін заң саласында еңбек еттім. Ол кезде еліміздің құқықтық мемлекет ретінде дамып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері барынша азайса деген азаматтық ұстанымым болатын. Ал туризм саласына келгеннен бері бұл бағыттың ел экономикасы үшін қаншалықты маңызды екеніне көзім жете түсті.
Бүгінде Испания, Түркия, Тайланд сияқты туризмі дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне қызыға қараймыз. Алдағы уақытта Қазақстан да сол деңгейге жетуге толық қабілетті деп есептеймін. Университетіміздің құрылуындағы басты мақсаттың бірі де – осы салаға халықаралық талаптарға сай, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.
Қазақстанның туристік әлеуеті өте жоғары. Ең бастысы – инфрақұрылымды жүйелі дамыту және сапалы кадрлар даярлау. Сол үшін біз студенттерімізді шетелге тәжірибе жинауға жіберіп, халықаралық тәжірибені елімізге әкелуге басымдық беріп отырмыз. Ертең сол жастар шетелдің озық тәжірибесін Қазақстанда тиімді қолданса, бұл туризм саласының ғана емес, тұтас ел экономикасының дамуына оң ықпал етеді. Өйткені туризм өркендесе, экономика да бірге өседі.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Айнұр Асанқызы, "Рейтинг" газеті


