Сұлтанмұрат АБЖАЛОВ: Жалаң уағызшыларды емес, ғылыми ойлайтын маман даярлаймыз

Сұлтанмұрат АБЖАЛОВ, А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің теология факультетінің деканы, философия ғылымдарының кандидаты, профессор
– Сұлтанмұрат Өтешұлы, өткен жылы профессор атандыңыз. Осы атаққа жеткенде «еңбегім ақталды» деген сезім болды ма, әлде бұл жаңа жауапкершіліктің бастамасы деп қабылдадыңыз ба?
– Профессор ғылыми атағы академиялық жолдағы биік белес болғанымен, «болдым, толдым» деп тоқтайтын меже емес. Керісінше, иығыңа бұрынғыдан да ауыр жүк артатын міндет дер едім. Шынымды айтсам, «еңбегім ақталды» деп арқаны кеңге салуға мүмкіндік бермейтін атақ. Бұл ең алдымен, ғылыми орта мен қоғамның саған деген үлкен сенімі. Академиялық ортада ғылыми дәреже мен ғылыми атақтың өзіндік салмағы мен соған сай қояр талабы бар. Сондықтан бұл жағдайды ғылымдағы белгілі бір беделді иемдену деп емес, артымыздан еріп келе жатқан жас ғалымдарға жол көрсетіп, отандық дінтану, теология ғылымын халықаралық деңгейге көтерудегі жаңа жауапкершілік кезеңінің басталуы деп қабылдадым.
– Өзіңіз басқарып отырған Теология факультетінің бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? Жалпы бұл факультеттің негізгі миссиясы мен ерекшелігі неде?
– Біздің оқу орнымыздың бұл саладағы тарихы да, атқарар миссиясы да өте тереңде. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары «Дінтану» мамандығы ең алғаш 1992 жылы осы Қожа Ахмет Ясауи университетінде ашылған еді. Бұл Қазақстанда дінтанулық білімді жүйелі қалыптастырудың нақты бастауы болды. Ал 2021 жылы Дінтану кафедрасының негізінде Теология факультеті дербес құрылым болып қайта құрылды. Бүгінде факультетіміз республика деңгейінде теологиялық және дінтанулық жоғары білім беретін негізгі ғылыми-академиялық орталық деп айтсақ артық емес.
Ал факультетіміздің басты миссиясы мен басты ерекшелігі неде десеңіз, біз мемлекеттің дін саласындағы саясатына сүйене отырып, қоғамдағы рухани тұрақтылықты сақтайтын білікті мамандар даярлаймыз. Біздің білім беру бағдарламамыздың негізгі ерекшелігі – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық рухани құндылықтарымыз бен бүгінгі зайырлы мемлекеттің ұстанымдарын өзара тең ұстап, үйлестіре білуінде. Яғни, студенттерімізге жалаң кітаби теорияны жаттатып қоймаймыз. Біз олардың бойында кез келген діни мәселеге сыни көзқараспен, терең біліммен әрі заманауи ғылыми ұстанымдармен қарайтын сараптамалық дағды қалыптастырамыз. Қазір құрамымызда 3 кафедра (Дінтану, Теология және Философия) жұмыс істеп тұр, бакалавриат пен магистратура бойынша аккредиттеуден өткен 7 білім беру бағдарламасы бойынша мамандарды оқытамыз. Факультетке деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Нақты дерекпен айтсам: 2023-2024 оқу жылында 339 студент білім алса, 2024-2025 жылы олардың саны 358-ге жетті. Ал 2025-2026 оқу жылында білім алушыларымыздың саны 407-ге шығып отыр. Бұл оң динамика біздің мамандыққа сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
– Қазір интернетте діни ақпарат өте көп. Осындай жағдайда Теология факультетінің басты миссиясы – дін үйрету ме, әлде жастарды жат ағымдардан қорғау ма?
– Шын мәнінде, бұл екі ұғымды бір-бірінен бөле-жара қарауға болмайды. Бірақ біздің бұл саладағы ұстанымымыз айқын: біз жалаң уағызшыларды емес, дін құбылысын ғылыми тұрғыда түсінетін, дін мен қоғамның өзара байланысын терең талдай алатын білікті мамандар даярлаймыз. Өйткені жастарды жат ағымнан қорғаудың ең тиімді жолы олардың бойында діни сауаттылық пен сыни ойлау дағдысын қалыптастыру. Факультеттегі барлық оқу мазмұны еліміздің заңнамаларына, мемлекеттің дін саясатына және зайырлылық қағидаттарына сәйкес әзірленген.
Бұл орайда біздің білім беру философиямыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ясауи мұрасын терең зерттеп, оны ұлттық бірегейлігіміздің негізі ретінде дәріптеу туралы бастамаларымен тығыз астасып жатыр. Факультет оқу үдерісінде Ясауи іліміндегі ақыл мен сенімнің, руханият пен қоғамдық жауапкершіліктің тепе-теңдігі ұстанымын басшылыққа алады. Ясауилік дәстүр – дінді бөлінудің емес, бірлік пен адамгершіліктің, заңдылық пен сабырдың құралы ретінде түсіндіретін бай мұра. Бұл заманауи зайырлылық ұстанымдарымен де толық үйлеседі. Сондықтан біздің басты миссиямыз – студентке дайын догма таңу емес, кез келген діни процеске эмоциясыз, ғылыми таныммен және сыни ойлау тұрғысынан қарау дағдысын қалыптастыру.
Сонымен бірге, біз құрғақ теориямен шектелмей, білімді практикамен ұштастыруға басымдық береміз. Факультетіміз «Дін мәселелерін зерттеу орталықтарымен» тығыз жұмыс істейді. Сол мекемелерден танымал практик-мамандар келіп дәріс оқып, шеберлік сабақтарын өткізеді, ал студенттеріміз сонда өндірістік тәжірибеден өтеді. Осы жүйелі жұмыстың нәтижесінде түлектеріміздің жұмысқа орналасу көрсеткіші 75%-ды құрап отыр. Бүгінде олар Дін мәселелерін зерттеу орталықтарында, әкімдіктердің Ішкі саясат бөлімдерінде, сондай-ақ құқық қорғау және ұлттық қауіпсіздік салаларында еліміздің рухани тұрақтылығын қорғауға белсене үлес қосып келеді.
– Бүгінде дінтану саласында әлі толық зерттелмеген қандай мәселелер бар?
– Бүгінгі таңда отандық дінтану мен теологияның алдында зерттеуді қажет ететін көптеген міндеттер тұр. Ең алдымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тоқталған Ясауи мұрасын тек тарихи жәдігер ретінде қалдырмай, оны бүгінгі жастардың тәрбиесіне, заманауи қоғамның сұранысына жауап беретін өміршең құндылық ретінде қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағыт ғасырлар бойы Орталық Азияда ақыл мен сенімнің тепе-теңдігін сақтаған Ханафи мазхабы мен Матуриди ақидасының қолжазбалық мұрасын цифрландырып, заманауи ғылыми айналымға енгізу ісімен тікелей сабақтасады. Сонымен қатар, қазіргі қоғамда отандық ғылымда кенже қалып жатқан дін психологиясы мен дін әлеуметтануын дамыту қажеттілігі анық байқалуда, себебі жастардың деструктивті ағымдардың арбауына түсуі мен әлеуметтік желілердегі уағызшылардың манипуляциясына ұшырауын ғылыми тұрғыда зерделемейінше, рухани қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес. Оның үстіне, жасанды интеллект дәуірі туған қазіргі заманда алгоритмдер мен нейрожелілердің өзі онлайн «пәтуа» шығарып, адамның діни танымына тікелей ықпал ете бастады. Осының бәрін жинақтай келгенде, цифрлық ортадағы діни тілді, жасанды интеллекттің әсерін және заманауи зайырлы мемлекеттегі ұлттық және діни бірегейліктің үйлесімін терең талдау біздің факультет пен отандық ғылыми ортаның алдағы басты ғылыми-зерттеу өзегі болып қала береді.
– Ғылыми мақалалар көбіне ғылыми ортада ғана қалады. Сіздіңше, зерттеу нәтижелерін қарапайым халыққа жеткізудің тиімді жолы қандай?
– Мұны бүгінгі отандық ғылымның басты «дерті» деуге болады, өйткені академиялық ортада жазылған салмақты еңбектер көбіне өз ішінде ғана қалып жатады. Өз басым ғылым халыққа түсінікті тілде сөйлегенде ғана шынайы қоғамдық игілікке айналады деп есептеймін. Ол үшін ғалымдарымыз өздерінің күрделі академиялық тілін қарапайым халыққа түсінікті тілге бейімдеп, әлеуметтік желілер мен БАҚ-та белсенді спикерге айналуы тиіс. Қазіргі жастар ақпаратты визуализацияланған инфографикалар мен подкаст, Reels сияқты қысқа әрі нұсқа видеоформаттар арқылы тез қабылдайды. Сондықтан іргелі ғылыми сараптамаларды осылайша қарапайым ақпараттық-ағартушылық материалдарға айналдырып, халыққа жеңіл жеткізу – академиялық білім мен қоғам арасындағы алтын көпір болады деп ойлаймын.
– Халықаралық ғылыми ортада Қазақстандағы дінтану ғылымына қызығушылық қандай деңгейде? Біздің ғалымдардың еңбектері қаншалықты мойындалып жүр?
– Бүгінгі таңда халықаралық ғылыми орта тарапынан Қазақстандағы дінтану мен теология ғылымына деген қызығушылық өте жоғары. Әсіресе, шетелдік зерттеушілер мен халықаралық сарапшылар еліміздегі көпконфессионалды қоғамның толеранттылық моделін, Орталық Азиядағы Ханафи-Матуридилік дәстүрлі ислам мектебінің қайта жаңғыруын және экстремизмнің алдын алудағы «қазақстандық тәжірибені» ерекше феномен ретінде зерделейді. Соңғы жылдары отандық ғалымдар тобының біріккен іргелі еңбектері, ясауитану, исламтану, дін социологиясы мен қауіпсіздік бағытындағы сараптамалық зерттеулері Scopus пен Web of Science сияқты беделді халықаралық базаларда жиі жарияланып, Түркі әлемі мен Батыс ғылыми кеңістігінде өзіндік бағасын алып келеді. Осының өзі отандық дінтану ғылымының халықаралық денгейде танылып, дербес ғылыми бағыт ретінде қалыптасқанын көрсетеді.
– Факультеттің халықаралық ынтымақтастығы, ғылыми әлеуеті және жас ғалымдарды қолдау бағытындағы жұмыстары қандай деңгейде жүргізілуде?
– Факультетіміздің халықаралық ынтымақтастығы өте жоғары деңгейде жолға қойылған. Оқыту үдерісінде қазақ, түрік және араб тілдерін қолданамыз, сонымен бірге ағылшын тілінде білім беруді белсенді дамытып жатырмыз. Бұл көптілді модель студенттерімізге әлемдік ғылыми кеңістікке емін-еркін енуге жол ашады. Соның ішінде Түркияның белді теология факультеттерімен тығыз академиялық байланыс орнатып, білім беру бағдарламаларымызды мазмұндас етіп әзірледік. Бірақ бұл түрік үлгісін сол күйінде көшіріп алу дегенді білдірмейді. Академиялық ұтқырлықты тиімді ұйымдастыру мақсатында жасалды. Ал оқу мазмұны еліміздің заңнамалары мен зайырлылық қағидаттарына толық бейімделген. Ғылыми әлеуетке келер болсақ, бүгінде Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы аясында жалпы көлемі 218 миллион теңгеден асатын 4 ірі ғылыми жоба орындалуда. Негізгі байлығымыз саналатын 42 профессор-оқытушының ғылыми дәрежелілік деңгейі 60%-дан асып жығылады. Ең қуантарлығы – кадрлық құрамымыздың негізін өзіміз тәрбиелеп шығарған түлектеріміз құрайды. Ал жас ғалымдарды қолдау мақсатында студенттер мен магистранттарға халықаралық академикалық ұтқырлық жүйесін, шетелдік серіктес оқу орындарында тағылымдамадан өту мүмкіндігін жүйелі түрде жолға қойдық.
– Университеттің есептерінде де, әлеуметтік желілерде де білім ордасының қарқынды дамуы жиі айтылып жүр. Жалпы, бұл кезеңде Ясауи университеті қандай басты жетістіктерге жетті және студенттердің сапалы білім алып, жайлы өмір сүруі үшін қандай жағдайлар жасалған?
– Ясауи университеті – Түркі әлемінің білім беретін қара шаңырағы ретіндегі мәртебесін бекітіп, студенттерге қолайлы орта қалыптастыруда жаңа сапалық деңгейге көтерілген жемісті білім ордасы. Университеттің есептік баяндамалары мен ресми деректерге көз жүгіртсек, ең басты стратегиялық жетістігіміз – университетіміздің халықаралық QS World University Rankings рейтингінде алғаш рет әлемнің үздік оқу орындарының топ-жарысына еніп, Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын нығайтуы. Ал студенттерге жасалған жағдайға келсек, мұнда білім алушылардың алаңсыз оқуы мен тұлғалық дамуы үшін толыққанды инфрақұрылымдық экожүйе құрылған. Студенттік жатақханалар желісі түбегейлі жаңарып, заманауи жайлы бөлмелер, электронды кітапханалық кешендер, тегін WI-FI аймақтары, спорт залдары мен коворкинг орталықтары қолданысқа берілді.
Бұл бағытта ерекше атап өтерлігі – студенттердің күнделікті тамақтануына жасалған жағдай. Университет басшылығы білім алушылардың әлеуметтік жағдайын тікелей өз бақылауында ұстап, асханалардағы тамақ бағасын барынша арзан әрі қолжетімді деңгейде сақтап отыр. Мұндай арнайы қаржылық субсидиялау мен студентке деген шынайы қамқорлықты еліміздегі ешбір оқу орнынан кездестіре алмаймыз деп сенімді түрде айта аламыз.
Бұдан бөлек, біздің Теология факультетінің студенттері үшін бірегей халықаралық мүмкіндіктер қарастырылған. Факультет студенттері жыл сайын Түркияның ең беделді университеттеріне арнайы жазғы мектепке барып, білімдері мен тәжірибелерін шыңдайды. Ең бастысы бұл сапарлардың, жол кіресінен бастап орналасуы мен білім алуына дейінгі барлық шығынын университет толықтай өз мойнына алады. Сондай-ақ кампусымызда 30-дан астам түркі тілдес мемлекеттер мен этностардан мыңдаған шетелдік студент білім алып жатыр.
- Сұхбатыңызға көп рахмет!
"Рейтинг" газеті, 05 тамыз, 2026 ж


