Жанысбек ӨТЕГЕН: Әділетті таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін
Қашанда пікірін ашық айтып, қоғамдық өмірден шет қалмайтын, елдің мұңын жоқтап, қоғамдағы өзекті мәселелерге батыл үн қатып жүрген Жанысбек Өтеген 75 жасқа толып отыр. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте, қоғамдық ұйымдарда, саяси партияларда еңбек етіп, қай кезде де өз ұстанымынан айнымаған азаматтың өмір жолы көпшілікке үлгі. Осы мерейлі жасқа толуына орай, қоғамдағы бүгінгі ахуал, саясат, азаматтық ұстаным және өмірлік тәжірибесі жайында әңгімелескен едік.

- Жанысбек Тұрсынәліұлы, сіз ұзақ жылдар бойы қоғамдық-саяси өмірдің бел ортасында жүрдіңіз. Ауыл шаруашылығынан бастап, түрлі мемлекеттік қызметтерде, кейін қоғамдық ұйымдар мен саяси партияларда еңбек еттіңіз. Артыңызға қарап отырып, өзіңізді ең алдымен қай саланың адамы санайсыз? Өміріңіздегі ең дұрыс шешіміңіз қайсы болды деп ойлайсыз?
– Мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басар шақта әркім өз болашағын әртүрлі елестетеді ғой. Мен туралы да ұстаздарым «болашақ математик» деп айтатын. Алайда тағдыр мені мүлде басқа жолға – агрономия саласына алып келді. Осы мамандық бойынша бес жылдай еңбек еттім. Сол жылдары өз ісімді адал атқарып, бірқатар жетістіктерге де қол жеткіздім. Тіпті бөлімшеде агроном болып жүрген кезімде ауылдық кеңестің төрағасы болып сайландым. Мұны еңбегіме берілген әділ баға деп есептеймін.
Дегенмен өмір адамды өзі күтпеген бағытқа бұрады екен. Мені саясатқа жетелеген – өмірде кездескен әділетсіздіктер болды. Еңбек жолымды комсомол ұйымынан бастадым. Кейін халықтың сенімімен ауылдық кеңестің төрағасы болып сайландым, одан соң кәсіподақ комитетінің төрағасы, партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрдім.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздегі шаруашылықтар жекешелендіріліп, жаңа жүйе қалыптаса бастады. Сол кезеңде облыстық басқармалар мен әкімдік өткізген конкурстарға бірнеше мәрте қатыстым. Тестілеуден жоғары ұпай жинағанымызбен, әңгімелесу кезеңінде түрлі себептермен шеттетілетінбіз. Ақыр соңында алдын ала таңдалған адамдар қызметке қабылданатын. Осындай жағдайлар әділдік үшін күресу керек деген ойымды бекіте түсті.
Кейін саяси қайраткер Болат Әбілов жетекшілік еткен «Нағыз Ақ жол» саяси партиясынан ұсыныс алып, «Әділетті Қазақстан үшін» деген ұстаныммен партия қатарына қосылдым. Содан бері бүгінге дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеген жоқпын. Бюджеттен жалақы алып еңбек еткен емеспін. Бұл – өмірдің өзі алып келген таңдау.
Осы жолды таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Отыз жылға жуық уақыт қоғамдық-саяси салада жүріп, басты мақсатым – тәуелсіз елімізде әділетті қоғамның қалыптасуына өз үлесімді қосу болды. Біз биліктің кемшілігін айту үшін емес, оны түзету үшін ұсыныс білдірдік. Көпшілік мұны «оппозиция» деп қабылдайды. Ал мен үшін оппозиция – халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегін билікке жеткізетін азаматтардың ұстанымы. Сондықтан ел ішінде көтеріліп жүрген өзекті мәселелерді ашық айтып, олардың шешілуіне ықпал етуге тырыстым. Бұл ұстанымым үшін ешқашан өкінген емеспін.
– Уақытыңызда жоғарыда атап өткен «Нағыз Ақ жол», кейін «Азат» партияларында қызмет атқардыңыз. Ол кезде оппозициялық пікір ашық айтылып, саяси бәсеке айқынырақ болатын. Ал бүгінде, өзіңіз айтқандай, Қазақстанда шынайы оппозиция көрінбейді. Бұл нені білдіреді? Қоғамның саяси белсенділігінің төмендеуін бе, әлде билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың өзгергенін бе?
– Иә, бүгінде саяси көзқарасын ашық айтып, өз ұстанымын батыл қорғайтын азаматтардың қатары сиреп кеткені жасырын емес. Оның себебі де түсінікті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ оппозициялық қозғалыстар мен партиялардың жетекшілері түрлі қысым көрді, қудалауға ұшырады. Соның салдарынан көптеген белсенді азамат саясаттан шеттеп, үнсіз қалуды жөн санады.
Қаңтар оқиғасынан кейін бұл үрдіс тіпті күшейе түсті. Бірқатар азаматтар жауапкершілікке тартылды, сотталды. Осындай жағдайларды көрген қоғамда «ашық сөйлесең, ертең өзің де жауапқа тартылуың мүмкін» деген қорқыныш қалыптасты. Сондықтан бүгінгі күні жүйенің кемшіліктерін ашық айтып, билікпен пікір таластыруға тәуекел ететін адамдардың саны өте аз.
Меніңше, бұл – қоғамдағы саяси белсенділіктің төмендеуінен бұрын, азаматтардың еркін пікір білдіруге деген сенімінің әлсірегенін көрсетеді. Өйткені кез келген демократиялық қоғамда билікті сынау – жаулықтың белгісі емес, оны түзетуге бағытталған азаматтық ұстаным. Ал сын айтқан адам қарсылас ретінде қабылданып, қысым көруі мүмкін деген түсінік орныққан кезде, көпшілік үнсіз қалуды қауіпсіз көреді. Мұндай жағдайда шынайы саяси бәсеке туралы айту да қиын.
– Сіз бірнеше қоғамдық кеңестің мүшесі болдыңыз. Оның ішінде ең белсенді мүшелердің бірі ретінде танылдыңыз. Жалпы, Қоғамдық кеңестер өз мақсатын орындады деп айта аласыз ба? Олар шын мәнінде халық пен биліктің арасындағы көпірге айналды ма, әлде уақыт өте келе формальды институтқа айналып кетті ме?
– Иә, соңғы жылдары қоғамдық кеңестердің белсенділігі бұрынғыдай емес екені байқалады. Оның басты себебі – кеңес құрамын жасақтауда белсенділігімен танылған, ойын ашық айтып, қоғамдағы мәселелерге бей-жай қарамайтын азаматтарға емес, көбіне үндемейтін, билікпен қайшылыққа бармайтын адамдарға басымдық беріле бастағаны. Соның салдарынан қоғамдық кеңестердің ықпалы да әлсіреп барады. Кеңес мүшелері көптеген өзекті ұсыныстар айтып келеді. Алайда олардың басым бөлігі қағаз жүзінде қалып, іс жүзінде орындалмайды немесе орындауға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Мұндай жағдайда қоғамдық кеңестің билік пен бұқараның арасындағы дәнекер ретіндегі рөлі де төмендей береді.
Негізінде қоғамдық кеңес халықтың үнін билікке жеткізетін маңызды алаң болуы тиіс. Егер оның ұсыныстары ескерілмесе, онда мұндай институттың тиімділігі де төмендейді деп есептеймін.
– Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияға жетекшілік еттіңіз. Осы жұмыстың ішінде жүрген адам ретінде айтыңызшы, бүгінде Шымкентте сыбайлас жемқорлықтың деңгейі қандай? Соңғы жылдары жағдай жақсарды ма, әлде жемқорлық тек түрін өзгертіп, жасырын сипатқа көшті ме? Ең осал тұстар қай салалар деп есептейсіз?
– Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесі жанынан құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде бұл бағытта бар күшімізді салдық. Ай сайын белгілі бір басқарманың есебін тыңдап, олардың жұмысындағы кемшіліктерді жан-жақты саралап, талдау жүргіздік. Оның қорытындыларын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялап, қоғамның назарына ұсынып отырдық.
Дегенмен біздің құзыретіміз ұсыныс берумен және анықталған кемшіліктерді көрсетумен ғана шектелді. Ешқандай жаза қолдануға немесе әкімшілік шара қабылдауға өкілеттігіміз болған жоқ. Сондықтан негізгі жұмысымыз сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған жол бермеу жөнінде ескерту жасап, тиісті ұсыныстар енгізуге бағытталды.
Шымкентте белгілі бір саланы ғана жемқорлық жайлап кетті деп кесіп айту қиын. Дегенмен соңғы жылдары түрлі басқармалардағы басшылар мен олардың орынбасарларының жемқорлық фактілері бойынша ұсталып жатқанын көріп, естіп жүрміз. Бұл Шымқалада мәселенің әлі де өзектілігін жоғалтпағанын аңғартады. Әсіресе, әлеуметтік қолдау мен білім беру салаларында мұндай фактілер жиірек кездеседі. Оның үстіне мұндай құқықбұзушылықтарды анықтау да оңай емес.
– Әдетте қоғамдық жұмыстармен белсенді айналысқан азаматтар түрлі мемлекеттік ордендер мен медальдарға ие болып жатады. Әсіресе, соңғы жылдары марапаттың саны көбейгендей әсер қалдырады. Бірақ ұзақ жылғы еңбегіңізге қарамастан, сізге мемлекеттік награда бұйырмаған екен. Бұл нені білдіреді деп ойлайсыз? Шындықты ашық айтатын адамға марапат бұйырмай ма, әлде марапаттың өзі ізденген адамға ғана келеді деген пікірмен келісесіз бе?
– Соңғы жылдары мемлекеттік марапаттардың саны едәуір артқаны рас. Алайда олардың барлығы бірдей лайықты адамдарға беріліп жатыр ма деген сұрақ та туындайды. Мысалы, сайлау мен референдумнан кейін немесе кәсіби мерекелер қарсаңында жаппай марапаттау үрдісі қалыптасты. Осындай кезде халық арасында түрлі пікірдің айтылуы заңды деп ойлаймын. Өйткені елдің ықыласына бөленбеген кейбір азаматтардың жоғары марапат алып жатқаны қоғамның көңілінен шыға бермейді.
Ал өзіме келер болсам, осы күнге дейін бірде-бір мемлекеттік награда алған емеспін. Бірақ мен үшін оның өкініші жоқ. Мемлекет құрмет көрсетпесе де, халықтың құрметіне бөленудің өзі – үлкен бақыт. «Парасат» орденін кеудеме тақпасам да, халықтың «парасатты азамат» деп бағалауы мен үшін кез келген марапаттан қымбат.
Шын мәнінде, халықтың алғысы мен сенімінен асқан марапат жоқ. Мемлекеттік наградаға да өздігінен ешкім ие болмайды. Оған біреулер ұсынады, біреулер соның қамын жасап жүреді. Қазір марапат алудың жолын іздесе, оған да мүмкіндік табылады. Кейде қарап отырсаңыз, жағымпаздық пен жемқорлық белең алған қоғамда сондай адамдардың жолы болып, ал шындықты айтып, халықтың сөзін сөйлеген азаматтардың еңбегі тасада қалып қоятындай әсер қалдырады. Бірақ мен ешқашан марапат сұрап, оның соңынан жүрген адам емеспін. Сондықтан, мемлекеттен алатын наградадан гөрі, халықтың құрметі мен үшін әлдеқайда қымбат.
- Сұхбатыңызға көп рахмет!
Сұхбаттасқан Айнұр Оңғарбай, "Рейтинг" газеті


