Нұрғали Нүсіпжанов пен жас келіншегі ойламаған жерден концерт берді
Тойынан кейін туған жеріндегі шипажайлардың бірінде келіншегімен демалуға барған танымал әнші ойламаған жерден концерт берген. Концерттің жүргізушісі де лезде табыла кеткен. «Алыстан арбаламай, жақыннан дорбала» демекші, жүргізуші әншінің өз жұбайы болған.
«Армысыздар, ардақты ағайын! Шипажайда біз концерт береміз деп ойлаған жоқпыз. Әсіресе менің жүргізуім аяқ астынан болып тұр. Келген қадамдарыңызға гүл бітсін! Алып жатқан емдеріңіз күш-қуат беріп, аман-есен оралуды жазсын. Бала-шағаларыңызбен қауышуларыңызға тілектеспіз!» - деген тілегін жеткізген Жадыра Сейдеш жолдасының мақтауын да келтірген.
«Қасиетті жер жәннаты Жетісуға Нұрғали Нүсіпжановтың келуі бірінші рет емес. Бұл кісі осы өңірден түлеп ұшқан. Сондықтан Нұрғали Нүсіпжанов ағамызды шақыруға рұқсат етіңіздер», - деген жас келіншек күйеуін сахнаға осылай шығарған.
«Мақтауын да жеткізді енді. Сондықтан сіздермен амандасып, бастап кете берсем болады», - деген Нұрғали Нүсіпжанов халқына сәлемін беріп, артынша әнін жалғап кеткен.
Кештің үзіндісін «Жаркент арасан» шипажайы бейнежазбаға түсіріп алып, өзінің желідегі парақшаларының бірінде бөліскен.