Күнге ысыған сумен дәрет алуға бола ма?
Жаз айлары болғандықтан, күнге жылыған сумен дәрет алуға бола ма, далада күн астында тұрған душка түсуге, ғұсыл кұйынуға бола ма деген сынды сұрақтар көп қойылады.
Жалпы күнге жылыған су – таза әрі басқа заттарды тазалауға жарамды. Яғни, күнге ысыған сумен дәрет алса, ғұсыл құйынса, дәреті де, ғұсылы да дұрыс. Алайда ондай сумен дәрет алу мәкруһ бола ма, болмай ма, бұл – ғалымдардың арасында тартысты мәселе. Ханафи мәзһабының көпшілік ғалымдары күнге ысыған суды қолдануға рұқсат береді. Өйткені әрбір нәрсенің негізі мубаһ, тек тыйым салып келген дәлел келсе ғана рұқсат етілмейді. Бұл мәселе төңірегінде тыйым салып келген сахих дәлелдер жоқ.
Ханафи мәзһабының ғалымдарының кейбірі және Мәлики, Шафиғи мәзһабының көпшілік ғалымдары мәкруһ тәнзиһи[1] деген. Дәлелдері: «Айша анамыз суды күнге жылытқан кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Ей Хумайра! Олай істеме, өйткені ол алапеске шалдықтырады»[2], - деді». Негізі хадисті әд-Даруқұтни риуаят етіп әлсізге шығарған. Сондықтан ол дәлелге жүрмейді. Ғалымдар күнге жылыған су мәкруһ болуы үшін мынадай шарттарды қойды[3]:
Климаты қатты ыстық елдерде болуы керек. Ал қатты ыстық болмайтын елдерге бұл үкім қатысты емес.
Алтын мен күмістен басқа темір, мыс, қола сияқты отқа балқитын металда болуы керек. Ал пластмас, ағаш, балшықтан жасалған сондай-ақ кішкентай көлшіктегі ысыған су бұған жатпайды.
Күнге ысыған суды денеге әрі ыстық күйінде қолдану мәкруһ. Ал киім жууға және суыған соң қолдана берсе болады.
Намаз оқитын уақыт кең болуы керек. Егер намаз уақыты аз ғана қалып, күнге ысыған судан басқа су таппаса, сол сумен дәрет алу уәжіп болады.
Тәжірбие арқылы немесе сенімді дәрігер арқылы оның зияны болмауын білуі керек. Егер күнге ысыған су зияны барына анық көзі жетсе және сол судан басқа дәрет алатын су таппаса, ол уақытта таяммумға ауысады.
Имам Шафиғиден (ол кісіні Алла рақымына алсын) отқа балқитын ыдыста ысыған судан дәрет алу жайында сұралған уақытта: «Күнге ысыған судан дәрет алу мәкруһ демеймін, тек қана медицина саласы жағынан зиян болмаса»[4],–деп пәтуа берген.
Сондықтан күнге ысыған сумен дәрет алса, дәреті – дұрыс. Тек қана дәрігерлер ондай суды қолдану тері ауруына шалдықтырады десе ондай суды қолдану жеңіл мәкруһ болады.
Медет Құрсақов,
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы
[1] «Әл-Маусуға әл-фиқһия» 39-том, 363-бет.
[2] Даруқұтни руаят еткен.
[3] Абду әл-Фаттах Хусни әш-Шейх, «Фиқ әл-Ғибадат», 211-бет.
[4] «Әл-Умм» кітабы.