Құранға айналған әйел
Атақты табиғин Абдулла ибн Мубарак (р.а) әңгімелейді:
Бірде Меккеге зиярат жасау үшін сапарға шықтым. Жолда келе жатқанда алыстан бір қарайған нәрсе көзіме шалынды. Тақап келгенде байқадым, әлгі қарайған үстіне жүн шекпен киген, басына тартқан шәлісі бар кейуана болып шықты. Жақындап келдім де: «Әссәләму алейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ!», – деп сәлем бердім. Ол кісі: «Оларға Ерекше мейірімді Раббысынан амандасу сөзі – «Сәләм» болады», – деп, «Ясин» сүресінің 58-ші аятымен жауап берді.
– Мұнда не істеп отырсыз? – деп сұрадым мен. Ол:
– «Алла кімді адастырса, оны тура жолға салушы жоқ», - деп, «Ғафыр» сүресінің 33-ші аятын оқыды. Оның жолдан адасып қалғанын түсіндім.
– Қайда бара жатыр едіңіз? – деген сұрағыма ол:
– «Өзінің құлын бір түнде әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне алып барған Алла қандай пәк!» – деп, «Исра» сүресінің 1-ші аятын жауап қылды. Аяттан оның қажылықты аяқтап, Ақса мешітіне сапар шегіп бара жатқанын аңғардым.
– Бұл жерде қанша уақыттан бері отырсыз? – деп едім, ол:
– «Үш түн қатарынан», – деп, «Мәриям» сүресінің 10-шы аяты арқылы ол өз ахуалынан анық хабар берді. Мен:
– Намазға дәретті қалай алып жүрсіз? – деп, оның сусыз шөл далада қалай құлшылық жасап жатқанын білгім келді. Ол тағы да Құранмен жауап берді, бұл жолы:
– «Егер су таппасаңдар, таза топырақпен тәяммум алыңдар», – деп, «Мәидә» сүресінің 6-шы аятын келтірді.
– Тамақ-сусыныңыз таусылған сияқты ғой?! – деп оның ашыққан-ашықпағандығын анықтап алғым келді. Ал, ол болса:
– «Ол Өзі мені тамақтандырады әрі сусындандырады», – деп «Шұғара» сүресінің 79-шы аятындағы Ибраһим (ғ.с) пайғамбардың сөзін жауап қылды.
– Менде тамақ бар, әлденіп алыңыз, - деп, қамқорлық танытып едім, ол:
– «Сосын оразаны кешке дейін жалғастырыңдар», – деген Бақара сүресінің 187-ші аятын оқыды. Сөйтсем, ол ас-су таппай аш отырған ахуалын ораза құлшылығына айналдырып, сауап табу үстінде екен. Оның тақуалығына іштей сүйсіндім. Алайда, аяттан басқа сөз айтпайтынының себебін білгім келіп:
– Неге кәдімгідей сөйлей бермейсіз? – дедім. Бұл жолы ол «Қаф» сүресінің 18-ші аятындағы:
– «Ол қандай сөз айтса да, оның қасында дайын тұрған бақылаушы бар», - дегенді келтірді. Осылайша, ол аузынан шыққан әрбір сөзі жақсы сөз болып, оң иықтағы періштенің ғана жазғанын қалайтынын ұғындырды. Мен пенделік әуестігім ұстап:
– Қай елдің адамы боласыз? – деп сұрадым. Кейуана:
– «Әрі өзіңде білімі болмаған нәрсеге ерме. Анығында, есту, көру, жүрек – бұлардың әрқайсысы сұраққа тартылады», – деп, «Исра» сүресінің 36-шы аятына жүгінді. Мен:
– Қателестім. Кешірім өтінем! – деген едім, сонда ол кісі:
– «Бүгін сендер жазғырылмайсыңдар. Алла сендерді кешірсін, өйткені ол – мейірімділердің ең Мейірімдісі», – деп, «Юсуф» сүресінің 92-ші аятын оқыды. Мен оған:
– Түйеме мінгізіп, сізді керуеніңізге жеткізіп салайын, – деп ұсыныс айтып едім, ол қарсы емес екенін:
– «Қандай жақсылық жасасаңдар да Алла оны біледі», – деген «Бақара» сүресінің 197-ші аятымен білдірді. Мен түйемді шөгеріп, оны мінгізуге ыңғайлана бергенімде, ол «Нұр» сүресінің 30-шы аятын оқып:
– «Мүміндерге айт: «Көздерін төмен түсірсін!»», – деді. Бірден көзімді төмен салдым да: «Мініңіз», – дедім. Ол кісі міне бергенде, түйе үркіп кетіп, киімінің бір шетін жыртып алды. Сол кезде:
– «Бастарыңа қандай да бір қиыншылық келсе, ол қолекі істегендеріңнің себебінен», – деген аятты оқыды. Бұл – «Шура» сүресінің 30-шы аяты еді. Ол өзінен басқа ешкімді кінәлаған жоқ. Түйеге мінген кезде:
– «Бізге мұны бағынышты еткен Ол пәк, әйтпесе біздің оған шамамыз келмес еді. Әрі біз күмәнсіз, Раббымызға қайтушымыз», – деп, «Зухруф» сүресінің 13-14-ші аяттарын оқып дұға жасады. Түйені жетектеп, даусымды көтере сөйлеп, жүрісті жылдамдата бастадым. Бұл жолы маған кейуана:
– «Жүрісіңде орташа, бірқалыпты бол және дауысыңды бәсеңдет», – деп, «Лұқман» сүресінің 9-шы аяты арқылы көркем ескерту жасады. Мен бірден жүрісімді бәсеңдетіп, өлең оқи бастадым. Бұл жерде де мүлт кетсем керек, ол:
– «Құраннан жеңіл болғанын оқыңдар», - деп, «Муззаммил» сүресінің 20-шы аятын алдыма тартты. Оның көмейінен Құран сөздері құйылып шыға беретініне таңданысымды білдіріп:
– Алла сізге үлкен нығмет беріпті, - деген едім, ол әдетінін жазбай «Бақара» сүресінің 269-шы аятын оқып:
– «Алайда, ақыл иелері ғана еске алады», - деді. Тағы да әуестігім жеңіп:
– Күйеуіңіз бар ма? - деп сұрадым. Сол кезде кемпір:
– «Әй, иман келтіргендер! Анықталған кезде, сендерді қапаландыратын нәрселер жайлы сұрамаңдар», - деп, «Мәидә» сүресінің 101-ші аятымен жауап берді. Сосын мен әуестікті тыю қажет екенін түсіндім. Өйткені, әуестіктің соңы әбестікке ұласып кетуі мүмкін екенін пайымдадым. Сондықтан, жол бойы үндеген жоқпын. Тек керуенге қуып жеткенде ғана:
– Міне, керуеніңізге келіп жеттік. Мұнда кіміңіз бар? – дедім. Ол:
– «Мал-дүние және бала-шаға мына дүниенің зейнеті», – деді. Бұл – «Кәһф» сүресінің 46-шы аяты болатын. Керуенде дүние-мүлкіне қоса балаларының бар екенін түсіндім.
– Балаларыңыз да қажылық жасауға барды ма? – деген сұрағыма:
– «Сондай-ақ, белгілерді жасады. Әрі олар жұлдыздар арқылы да бағыт-бағдарды анықтап, жол табады», – деп, «Нахыл» сүресінің 16-шы аятын жауап ретінде оқыды. Балаларының керуеннің жолбасшылары екенін түсіндім. Сосын мен:
– Ұлдарыңыздың есімдері кім? – деп сұрадым. Кейуана әдетінен танбай:
– «Алла Ибраһимді Өзіне жақын дос етіп алды», – деп, «Ниса» сүресінің 125-ші аятын, «Алла Мұсамен сөйлесті», – деп «Ниса» сүресінің 164-ші аятын, «Әй, Яхия! Кітапты мықтап тұрып ұста», – деп «Мәриям» сүресінің 12-ші аятын оқыды.
– Керуеннің ішіне кіріп, шатырлардың арасында: «Ибраһим! Мұса! Яхия!», - деп дауыстадым. Бір шатырдан сұлу жүзді үш жігіт шықты. Жігіттерге амандасып, аналарын табыстадым. Олар маған алғыстарын білдіріп, шатырларына алып кірді. Сол кезде олардың кейуана шешелері:
– «Біреулеріңді мына күміс теңгелеріңмен қалаға жіберіңдер. Тағамның қайсысы таза екенін қарап, сендерге азық алып келсін», - деп, «Кәһф» сүресінің 19-шы аятын тілге тиек етті. Біреуі орнынан тұрып, тамақ алып келді. Сонсоң кейуана «Хаққа» сүресінің 24-ші аятын оқып:
– «Өткен күндерде істеген амалдарың себепті рахаттанып жеңдер әрі ішіңдер», – деді. Мен отырған жігіттерге: «Мына аналарыңның өз ойын тек Құран аяттары арқылы ғана жеткізу себебін айтпайынша, тамақтарыңнан дәм татпаймын», – дедім. Сонда үлкені тұрып: «Анамыз пенделер секілді дүние сөзін айтып жүріп, тілден сүрініп Алланың ашуына ұрынудан қорқамын дейді. Сол үшін осы әдетінен айнымай келе жатқанына қырық жыл болды», – деді.
Мен сол кезде: «Міне, осы – Алланың Өз қалағанына беретін сыйы. Алла – ұлы кеңшілік иесі», - деп «Хадид» сүресінің 21-ші аятын оқыдым да, жігіттермен қош айтыстым.