Жерді тиімді пайдалану – заман талабы
Апта басында «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-ы басшысы Анарбек Орманның төрағалығымен өткен жиында жерді тиімді пайдалану мәселесі кеңінен талқыланды. Күн тәртібіндегі басты тақырып – «Жасыл белдеу» коммуналдық мекемесінің теңгеріміне өткен 145 гектар жер телімі болды.

Жиынға қатысқан шаруа қожалықтарының өкілдері аталған аумақты «Су ресурстары – Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жалға беру қажеттігін көтерді. «Еркін қайнар» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің заңгері Смаил Серікбаевтың пікірінше, жердің нысаналы мақсаты көгалдандыру емес, керісінше, қолданыстағы кәріз тазарту құрылыстарын дамытуға бағытталуы тиіс. Себебі соңғы жылдары қала аумағында жаңа шағын аудандар мен кәріз желілерінің іске қосылуына байланысты тазарту станциясына келетін сарқынды су көлемі айтарлықтай артқан. Мысалы, 2010 жылы станцияның тәуліктік өнімділігі 100 мың текше метр болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 150 мың текше метрге жеткен. Қазіргі таңда көлем 200 мың текше метрге дейін ұлғайған. Яғни соңғы 10-15 жылда сарқынды су мөлшері екі есеге артқан. Ал Бұржар су жинақтағышының жалпы аумағы 274 гектарды құрағанымен, оның мүмкіндігі шектеулі. Артқан ағын суды толық жинау мүмкін болмай отырғаны да жасырын емес.
Жиын барысында Анарбек Орман «Жасыл белдеу» мекемесіне бөлінген бюджет қаражаты бойынша нақты есептің жоқтығын, 145 гектар аумақта бірде-бір ағаш отырғызылмағанын алға тартты.
«Неге 145 гектар жер бос тұр? Ал су бар және ол пайдаланылмайды. Біз тек көлге, өзенге немесе каналға қарап отырумен шектелмеуіміз керек. Суды тиімді пайдалану қажет. Әсіресе су тапшылығы жағдайында бұл мәселе 2019 жылы да көтерілген. Арада бақандай 7 жыл өтті. Бірақ бірде бір жүйелі шешім жүзеге асқан жоқ. 145 гектар жердің нақты әрі мақсатты пайдаланып жатқанын дәлелдейтін бірде бір аяқталған жоба жоқ. Сондықтан орынды сұрақ туындайды. 145 гектар жер не үшін бөлінді? Осынша аумақтың нақты мақсаты қандай? Егер сөз жасыл белдеу туралы болса онда нәтиже қайда? Егілген ағаштар қайда? Атқарылған жұмыстардың есебі қайда? Азаматтар бұл біздің жер дейді, алайда жылдар бойы бұл аумақтың нақты пайдаланғаны көрсетілмеді. 2014 жылы есеп жүргізілген. 2019 жылы қайта қаралған. Бірақ 7 жыл ішінде нақты өзгеріс байқалмайды. Сонымен қатар айналада мың гектардан астам жердің бір бөлігі бос тұр. Жердің шамамен 50 пайызы тиімді пайдаланылмай отыр. Нақты суару мен ауыл шаруашылығының орнына учаскілер формалды түрде жасыл белдеуге енгізілген. Бірінші кезекте суару мәселесін ойлау керек. Тазарту құрылыстары жұмыс істеп тұр. Су көлемі артып жатыр. Су жиналып тұр. Неліктен ол егістікке бағытталмайды? Неліктен ауыл шаруашылығында пайдаланылмайды? Өткен жылы бұл нысанда нақты орындалған бірде бір маңызды жұмыс болған жоқ. Соған қарамастан «станция салынды, құбыр тартылды» деген мәлімдемелер айтылып жатыр. Бірақ нақты дәлел қайда? Нәтиже қайда? 145 гектар жер бойынша ресми хат жолданды. Фермерлер жер мен суды тиімді пайдалануға дайын. Мәселе тек басқарушылық шешімге тіреліп тұр. Бүгінгі әңгіме жай ғана жер туралы емес, бұл азық-түлік қауіпсіздігі. Ресурстарды ұтымды пайдалану және шаруалардың алдындағы жауапкершілік мәселесі. 145 гектар қағаздағы сан емес, бұл іске асырылмай жатқан нақты әлеует», – деді Анарбек Орман.
Мамандардың пікірінше, көктемгі-жазғы суару кезеңінде тазартылған суды тиімді пайдалану арқылы жасыл белдеу маңындағы 600 гектардан астам жерді, сондай-ақ Ордабасы ауданындағы 2 мың гектардан астам суармалы алқапты техникалық дақылдар өсіруге жұмылдыруға болады. Бұл – су тапшылығы жағдайында ауыл шаруашылығын қосымша сумен қамтамасыз етудің нақты тетігі.
Жиында шаруа қожалықтарының өкілдері 2019 жылы да бұл мәселе көтерілгенін, алайда арада өткен жеті жыл ішінде жүйелі шешім қабылданбағанын айтты. Өткен жылы нысанда нақты орындалған маңызды жұмыс болмағанымен, «станция салынды, құбыр тартылды» деген мәлімдемелердің айтылып жүргені де сынға алынды. Фермерлер 145 гектар жер мен суды тиімді пайдалануға дайын екендерін жеткізіп, мәселенің тек басқарушылық шешімге тіреліп тұрғанын атап өтті. «Жасыл белдеу» атауымен құрылған құрылымдардың қызметіне қатысты күмәнді жайттар да сөз болды. Жердің ұзақ мерзімге жалға берілуі, қаржының жұмсалу тиімділігі жөніндегі сұрақтар ашық қалды. Егер мәселе шешімін таппаса, сотқа жүгіну ықтималдығы да айтылды.
Жиында көтерілген мәселе жай ғана жер дауы емес, ресурстарды ұтымды пайдалану және шаруалардың алдындағы жауапкершілік. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген су ресурстарын тиімді әрі қайта пайдалану, сондай-ақ суармалы жер көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмалармен үндес. Су тапшылығы күшейіп отырған кезеңде әрбір гектар жер мен әр текше метр судың стратегиялық маңызы бар. Сондықтан жер мен суды тиімді игеру – уақыт талабы.


