Баку пахлавасы
Бұл тәттінің дайындалуы ұзақтау уақыт алғанымен, кеткен уақытыңызға өкінбейсіз. Дәмі тіл үйіретін Әзірбайжан пахлавасының рецептін назарларыңызға ұсынамыз.
Қамырына қажетті ингредиенттер:
700 гр ұн
1 шай қасық ашытқы
75 гр ерітілген сары май
2 дана жұмыртқа
250 мл сүт
Салмасына қажетті ингредиенттер:
0,5 кг үгітілген жаңғақ
350 гр қант
ванилин
Сонымен қатар әр қабатына жағу үшін 300 гр ерітілген сары май және бетіне жағу үшін 2 дана жұмыртқа саруызы, сәндеу үшін жаңғақтар және бал қажет. Бал болмаған жағдайда шәрбат дайындауға да болады.
Шәрбат үшін:
250 мл су
150 гр қант
3 ас қасық лимон шырыны қажет.
Ең алдымен қамырына қажетті барлық ингредиенттерді қосып қамыр илеп, жарты сағатқа жылы жерге ашуға бетін жауып қоямыз. Сол уақыт аралығында жаңғақты табада қыздырып, үгітіп ұнтақтаймыз да, қант пен ванилин қосып, салмасын дайындап аламыз.
Қамырды 10 немесе табаның үлкендігіне қарай 12 бөлікке бөліп, жайып аламыз. Алғашқы және соңғы қабатқы қамырын үлкендеу етіп жаямыз. Пісіруге арналған формаға май жағып, әрбір қамырдың бетіне май жаға отырып, салмасын біркелкі етіп, беткі қабатына саруыз жағып, ромб пішінінде кесіп шығамыз да, әрбір бөліктің бетін жаңғақпен әрлеп шығамыз. Содан соң 190 градус қыздырылған пешке 20 минут пісіреміз. содан соң бетіне, кесілген жерлеріне бал немесе шәрбатты құйып, тағы да 15 минутқа пісіреміз.
Астарыңыз дәмді болсын!