Ел басқарған әйелдер

Oinet.kz 07-03-2013 2345

Әлемде президент әйелдердің үлесі уақыт өткен сайын көбейіп келе жатқанын кез-келген  саясаттанушы растап береді. Кезінде Еуропадағы әйел монархтардың дәуірінен басталған бұл үрдіс 20-ғасырда дәстүрге берік, әйелдің қоғамдағы ролін шектеп ұстайтын Азия құрлығына да жетті. Ағылшындар  әйгілі «темір леди» атанған Маргарет Тэтчерді қалай мақтан тұтса, бүгінде пәкістандықтар Беназир Бхуттоны, бразилиялықтар Дилма Руссефті, филиппиндіктер Азиядағы тұңғыш әйел-президент Корасон Акиноны, индонезиялықтар Мегавати Сукарнопутриді, үнділер Индира Гандиді де дәл солай дәріптейді. Германияның канцлері Ангела Меркель әлемдегі ең ықпалды әйелдер тізімін ғана емес, жалпы ықпалды саясаттанушылардың көшін бастап тұр. Қаласаңыз, бұл тізімді жалғастыра түсер едік. Орта Азия елдерінде де соңғы кездері әйелдердің билікке деген таласы күшейе түскенін байқаймыз. 90-шы жылдарда «ортаазиялық мемлекетті әйелдің басқаруы мүмкін емес» деген қағида аксиома секілді   мызғымастай көрінген. Қазір бұл формуланың күл-талқаны шыға бастады. Қырғызстанды әйел басшы билеп үлгерді. Роза Отунбаева билік басына саяси күштердің нағыз талас-тартысы шегінен шыққан уақытта келді. Қазақстан мен Өзбекстанда болашақта  президентіктен үміткерлер қатарында Дариға Назарбаева мен Гүлнәр Кәрімованың есімдері аталып жүр. Демек, психологиялық тұрғыда біздің қоғам да әйелді президент ретінде қабылдауға даяр деген сөз. Осы жайттардың барлығын ескере отырып, «феминизм саясатта да жеңіске жеткен бе?» деген ойға қаласың. Бір қарағанда солай да болуы мүмкін. Бірақ...

image.png

Саясаттанушылар «әйелдердің билікте жүруі матриархаттың емес, керісінше патриархаттың күшін білдіреді» деген тұжырым жасайды. Неге екенін түсіндіре кетелік. Өз елінде президент, премьер-министр атанып, ел басқарған әйелдердің басым бөлігі билікке президент-әкесі немесе президент-жұбайының арқасында келген. Сарапшылардың айтуынша, оларды билікке жетелеген себеп - әкесі не  күйеуі бастаған саясатты, солардың сара жолды жалғастыру. Саяси карьерасының барысында бірі әкесінің, бірі жұбайының идеалдарын қызғыштай қорумен жүрді. 

image.png

Сенбесеңіз, өмірбаяндарын парақтап көріңіз. Индираның әкесі Джавахарлар Неру – Индияның көсемі. Дүние салған соң оның ісін Ганди жүргізуге шешім қабылдады. Джавахарларды  пайғамбардай қабылдаған үнділер оны қолдай түсті. Беназирдың әкесі де, атасы да Пәкістанды басқарған  саясаткерлер. Әуелі Шах Наваз Бхутто, сосын Зүлфикар Әли-хан Бхутто, сосын Беназир...  Өзінің мемуарларында Беназир «менің саясатқа келуіме әкемнің өлтірілуі себеп болды» деп жазады. 

image.png

Филиппины елін басқарған Корасон Акино да жұбайы Бениньо қастандықпен өлтірілген соң саясатқа араласуына мәжбүр болғанын алға тартады. Оппозицияның жетекшісі болған Бениньо 20 ғасырдың ең қандықол диктаторларының  бірі Фердинандқа қарсы күресте айрықша белседілік танытып, бірнеше рет түрмеге де тоғытылған. 1983 жылы әуежайда киллердің қолынан қаза тапқан соң саяси аренаға әйелі Корасон шықты.  

Мегавати – Индонезияның тұңғыш президенті, еліне тәуелсіздік әперген Сукарноның сүйікті қызы. Ол да әуелі оппозицияда жүріп, ел басшылығына саяси күштер арасындағы талас-тартыстың нәтижесінде келген. 

Бұл үрдіс Азияға ғана тән деп ойласаңыз қателесіз. Оңтүстік Америкадағы жағдай да сондай. Бұған мысал жетіп артылады.  Аргентинаны қазіргі президент  Кристина Киршнерден бұрын оның күйеуі марқұм Нестор Киршнер ойдағыдай басқарған. Елді 2001 жылғы экономикалық дағдарыстан аман-есен алып шыққан Нестор кейінгі президенттік сайлауға қатысудан бас тартып, халқын өзінің жұбайын қолдауға шақырды. 

image.png

Бразилияның қазіргі №1 жұлдызы  - сериалға түсетін әртістер емес, ел президенті Дилма Руссеф. Бұл елдің халқы өз президентін қатты қолдайды. Халықаралық қатынастарда алпауыт АҚШ-қа қарсы шығуға қаймықпайтын ол талай даулы мәселелер бойынша Вашингтонның зығырданын қайнатқан. Бразилияның экс-президенті Лула да Силва Дилманың «екінші әкесі» саналады. Ол Руссефті саяси аренаға өзі жетелеп шығарды десе де болады. Гондурас елінде экс-президент Мануэль Селайяның әйелі Ксиомара президенттік додаға түсетіндігін мәлімдеді. Сондай-ақ, Перудің президенті Мишель Бачелет және Коста-Риканың президенті Лаура Чинчильяның әкелері диктаторға қарсы күрескен тұлғалар, қоғам қайраткерлері болған. Солар бастаған істі соңына дейін жеткізу ниетімен саясатқа араласты. 

Саясаттанушылар мына жайтқа назар аударады: осы мақалада аты аталған барлық әйел президенттердің әкелері немесе күйеулері нағыз харизмалық тұлға болған. Біреулері халқының көшбасшысы атанып, ел басқарса, енді біреулері диктаторлық режимге қарсы ымырасыз күрес жариялап осы жолда жанын пида еткен. Демек, олардың рухани қолдауынсыз мақала кейіпкерлерінің билікке келуі екіталай еді. Тағы бір ерекшелік – билікке келген президент-әйелдер әкесі немесе күйеуі ұстанған бағыттан жаңылмаған.  Басқа сөзбен айтқанда, әйел президенттің әрқайсысы өзі үшін ғана емес, әкесі үшін әрі  әкесінің атынан қызмет етуде. Ал бұны патриархаттың жеңісі деп қабылдауға әбден болады. 

Болашақтың медицинасы қандай болмақ?
Қателікке бой алдыру: конфликтогендер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу