Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Рас, әлемде медицина ай санап, тіпті күн санап қарқынды түрде дамып келеді. Жыл сайын ғылыми медицинада нағыз революциялық мәнге ие жаңалықтар ашылып жатады. Дәл осылай кете берсе, болашақтың медицинасы күрт өзгеруі бек мүмкін екенін мамандар да растап отыр. Әйткенмен, келешек заманның денсаулық сақтау саласының нақты бейнесі, көрінісі қандай?
Медицинадағы соңғы жылдардағы жаңалықтар «фантастиканы шынайы өмірге айналдыратын технологиялар» ретінде бағаланып отыр.
Жалпы, болашақтың медицинасы алдына «барлық ауру түрлерін жеңеміз» деген ұлы мақсат қойып отыр. Әлбетте, оған жете алуы неғайбыл. Медицина дамыған сайын аурулардың жаңа түрлері шыға беретіні де шындық. Әйткенмен, ғалымдар оңайлықпен берілер емес. Олардың арманы – аурулардың барлығын жеңіп қана қоймай, толықтай алдын алатын деңгейге жету.
Наноботтар: адамзаттың басты үміті ме?
Соңғы жылдарда нанотехнологиялардың кеңінен таныла түскені рас. Әсіресе бұл медицина әлемінде жиі айтылатын термин. Ғалымдардың пайымдауынша, адамның денсаулығымен байланысты барлық дерлік қиындықтарды жеңуге нақ осы нанотехнологиялар септігін тигізбек екен.
Оны ғалымдар былайша түсіндіреді. Нанобөлшектер ғылыми жаңалықтар ашуда жаңа мүмкіндіктерді ұсынып отыр. Ғылыми-фантастикалық шығармалар мен фильмдерде адамның зақымдалған мүшелерін қалпына келтіру жайлы жиі айтылады. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын бұл ертегі сияқты көрінетін болса, қазір ғалымдар оны шындыққа айналдыруға әрекет етуде. Наноқұрылымдарды дамыту арқылы шағын роботтарды жасап, сол арқылы адам ағзасына кез-келген қиындықтағы қалпына келтіруге, былайша айтқанда күрделі жөндеуден өткізуге толық мүмкіндік бар екен. Әрине, қазір мұның барлығы әлі теория ретінде айтылып жүр. Алайда, болашақта нанотехнологиялардың дамуы былайша өрбуі ықтимал. Пациент құрамында наноботтар бар сұйықтықты ішеді, немесе олар күре тамыр арқылы ағзаға енгізіледі. Сөйтіп, қан тамырлары арқылы жылжып отырып наноботтар барлық ішкі зақымданған жерлерді қалпына келтіріп шығады.
Нанобөлшектер арқылы тіпті ДНК-ны да өзгертіп, әсіресе мутациялардың алдын алуға да мүмкіндік бар деген де пікір айттылуда. Осы арқылы түрлі ауруларға әу бастан-ақ тосқауыл қоюдың негізі пайда болмақ.
Киборгтар: шындық пен қиялдың арасында
Ғылыми фантастиканың тағы бір сүйікті кейіпкері – механизацияланған мүшелері бар киборг-адамдар. Әрине, бұдан біраз жыл бұрын бұл да жай қиял ретінде елестейтін. Бірақ, соңғы кездердегі жаңалықтар расында да киборг-адамдардың пайда болуына әкеп соғатындай. Мәселен, 2011 жылы АҚШ-та пациенттің жүрегін толық алып тастап, орнына қан айналдыратын екі ротор орнатқан. Сонымен қатар, медицинада қолданылатын жасанды стимуляторларды да адамды киборгқа айналдырудың бір жолы ретінде де қабылдауға болады. Әрине, дәл қазір бұл стимуляторлар жиі істен шығатын құрылғы болып отыр. Әйткенмен, болашақта олар жетілдіріліп, ағзадағы жетіспейтін органның орнын толтыра алатын механизмдерге айналуы бек мүмкін.
Жасанды органдар
Экологиялық мәселелер, жер шарындағы адам санының көбеюі түрлі аурулардың күрт көбеюіне әкеп соққаны жасырын емес. Солардың арасында кейбір маңызды органдары сыр беріп, денсаулығы нашарлаған науқастар да бар. Бүгінде диализге байланған, органдардың трансплантациясына мұқтаж пациенттер көп болғанымен, олардың басым бөлігі тиісті көмекті ала алмай отыр.
Жалпы, органдарды алмастыру – тым күрделі әрі қымбат процесс. Ғалымдар бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы ретінде дің жасушалары (стволовые клетки) екенін алға тартуда. Ұзақ жылдар бойы медицинада жеке тіннен жаңа орган өсірудің мүмкіндіктері жан-жақты зерттеліп келді. Зертханаларда жүргізілген мұндай ғылыми ізденістердің қорытындысы бойынша алдағы уақытта адамзат дің жасушаларынан қажетті органдарды жасап, тіпті балалардың церебральды сал ауруын да емдеуге болатын көрінеді.
Жедел әрі дәл диагноз қоятын технологиялар
Қатерлі ісік бастапқы кезеңде анықталған жағдайда қауіпті ауруды 90-95 пайыз жағдайда толық емдеп шығуға болатыны белгілі. Сондықтан, диагнозды неғұрлым ерте әрі дәл қою – бүгінгі медицинаның басты мәселелерінің бірі. Әлем ғалымдары қазіргі таңда осы түйінді шешу бағытында тер төгуде. Диагностика тәсілдерін неғұрлым сезімтал, жедел әрі арзан, яғни қолжетімді ету жолында түрлі аппараттар мен қондырғылар шығарылуда. Солардың бірсыпырасына шолу жасайық.
Гепатит, герпес пен обырды анықтайтын смартфон
Ресейлік ғалымдар жаңа биосенсор ойлап шығарды. Микроскопиялық чип айналадағы ауадан ең аз мөлшердегі концентрацияда, тіпті молекула деңгейіндегі заттарды ажырата алатын қасиетке ие. Адамның ағзасына герпес, гепатит немесе сол сияқты басқа да инфекция түскен жағдайда, ағзада қарсы денелер пайда болып, оны деммен шығарылатын аудан анықтауға болады. Биосенсорды смартфонға орнату арқылы тиісті қарсы денелерді «танып отыруға», гаджет арқылы диагноз алуға толық мүмкіндік бар. Болашақта дәл осы технологиямен қатерлі ісіктің бастапқы кезеңін де анықтауға жол ашылмақ.
Глюкозаның мөлшерін көз жасы көрсетеді
Бұл жаңалықпен Google корпорациясы шұғылдануда. Ізденістердің нәтижелі болуына әсіресе диабетке шалдыққандар мүдделі, себебі қанның көрсеткіштерін қадағалап отыру үшін үнемі саусақтың ұшын тесіп, глюкометрдің тестін жасауына тура келеді. Ал жаңа линза көз жасының тамшысынан-ақ барлық қажетті ақпаратты алады. Құрылғыдағы биосенсор технологиясы мен микроскопиялық датчик ақпаратты смартфонға жіберіп отырады. Ал болашақта ғалымдар линзаны қауіпсіз жарық диодымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл жағдайда глюкозаның құрамы өзгергенде пациенттің көзі жана бастайды екен.
Қан талдаудың жаңа үлгісі
Стэнфорд университетінің студенті Элизабет Холмсты бүгінде «биотехнологиялардың ханшайымы» деп те атайды. Ол бір тамшы қаннан бірер сағат ішінде 70 түрлі көрсеткішті анықтаудың тәсілін ойлап тапқан. Бұл бірегей технология тұрақты түрде әрі ауыртпастан денсаулықтың жағдайын бақылауға мүмкіндік бермек. Әрине, бұл әдіс әлі жан-жақты толық зерттелуді қажет етеді. Әйткенмен, болашақта қолданысқа енетін түрі бар.
Жүрек ұстамасынан құтқаратын «Чемпион»
Иә, бұл су жаңа әзірленім осылайша аталады. «Чемпион» - ұзындығы небәрі 4 сантиметрден, қалыңдығы 1 милиметрден аспайтын құрылғы. Ол пациенттің өкпе артериясына орнатылады да, қан қысымының қандай-да өзгерісі кезінде дәрігердің компьютеріне белгі береді. Осы арқылы ентігу, ауыру мен басқа да көзге көрінетін симптомдар орын алғанға дейін-ақ аса қауіпті жүрек ұстамаларының алдын алуға болады.
2117 жылғы медицина
Бұл жайында футуролог мамандар мынадай пікір айтады:
1. Адамның орташа өмір сүру жасы 130-150 жылға жетеді. Тамақтану, өмір сүру деңгейі мен медицина сапасының артуы алдыңғы 100 жылда адамзаттың орташа өмір сүру жасын айтарлықтай ұзартты. Бұл тенденция тек жалғаса бермек.
2. Қатерлі ісік, АИТВ/ЖИТС, диабет, Альцгеймер секілді қауіпті әрі әзірше емі жоқ ауруларды дәрігерлер емдей алатын дәрежеге жетеді. Медицина мен молекулярлық химия секілді ғылымдардың дамуы адамзатты көптеген ауру түрлерінен біржола құтқарады.
3. Арнайы генетикалық орталықтар арқылы ата-аналар болашақ перзентінің тек жынысы мен сыртқы келбетін таңдаумен шектелмей, кейбір таланттарды дамытуға да мүмкіндік алатын көрінеді. Осылайша дарынды жазушылар, дәрігерлер, спортшылар һдың әулеттері қалыптаспақ.
4. Орбитада операция жасау ісі қолға алынады. Ғарыштағы салмақсыздық жағдайында жүрек, қан-тамырлары, тірек-қимыл аппараты ауруларының операцияларын жасау анағұрлым тиімді әрі жедел жүзеге асады.
5. Гендік-инженерлік технологиялар адам ағзасында симбионт-бактерияларды қалыптастырады. Олар қажет болған жағдайда гормондар, ауырсынуды басатын дәрілер мен антибиотиктерді шығарып, ағзаға жөнелтіп отырады.