Жаңажылдық депрессия. Одан қалай шығуға болады?

Oinet.kz 23-12-2019 1365

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулері көрсеткендей, жаңажылдық мереке кезінде депрессияға ұшырайтындардың саны күрт көбейеді. Психологтардың пікірінше, жер шарындағы халықтың үштен бір бөлігі осындай күйзеліске ұшырайды екен. Әсіресе бұл ТМД елдеріне тән, себебі бұл мемлекеттерде Жаңа жылды қарсы алуға ерекше ден қойылады. Мұны өз елімізде де байқап жүрміз. Тәуелсіздік күніне жетпей-ақ көптеген мекемелер жаңажылдық мерекеге дайындыққа кірісіп те кететіні бар. 

Screenshot_12.jpg

Тәуелсіздік күніне мемлекеттік органдар тарапынан арнайы бағдарламалар әзірленіп, насихат жұымсына көңіл бөлінсе, Жаңа жылға ешқандай команданың, әкімшілік ресурстың қажеті де жоқ. 

Дегенмен, бұл мерекенің өзіндік қатер-қаупі де бар. Басқасын  айтпағанда, адамның психологиясы мен асқазанына түсетін салмақты айтсаңызшы. 

Осы жұрт Жаңа жылды тойлауға барын салады. Әдетте ала бермейтін азық-түліктің түр-түрін, түрлі сыйлықтар мен  фейерверктерді  үлкен көлемде сатып алу көп отбасыда кездесетін жағдай. Көтеріңкі көңіл-күймен бірге жаңажылдық күйзеліс те қосақтасып жүреді. 

Депрессия тек эмоциялық халге емес, соматикалық денсаулыққа қа әсер етеді. Депрессияға тән белгілерден күйзеліске ұшырау, айналадағыға деген қызығушылықтың жоғалуы, өзін кінәлі сезіну, өзін төмен бағалау, ұйқының бұзылуы, тәбеттің нашарлауы, енжар күйге енуді атап өтуге болады. Осының өзі аз емес. 

Депрессияны әдетте өркениеттің ауруы деп те атайды. Ол әсіресе үлкен қала тұрғындарына тән. Оның себебі - мегаполисте өмір сүретін адам әрдайым эмоциялық ауыртпалыққа тап болады. Физикалық және эмоциялық стресс, жүздеген, мыңдаған адаммен араласу мәжбүрлігі, бәсекелестікпен қатар адам өзін жалғыз сезінеді. Мұндай жағдайда адамның жанына жақын емес таныстардың көптігі жағдайды түзетудің орнына керісінше, асқындыра түсетінін психологтар ескертіп отыр. Депрессияға әйелдер де, ер азаматтар да бірдей шалдығады. Әсіресе оған жұмысқа қабілетті жастар көбірек ұшырайды екен. 

Мини-тест: сізде  депрессия бар ма? 

Кішігірім тест сұрақтарына жауап беріп, бойыңызда депрессияның туындау мүмкіндігін анықтап көріңіз. 

Сұрақтарды мұқият оқып, «иә» немесе «жоқ» деп жауап беріңіз. 

• Мен апатиялық халдемін, ешнәрсеге зауқым жоқ, күні бойы төсекте жата бергім немесе теледидар қарағым келеді, жұмыс немесе қандай-да тірліктер жайлы ойлана қалсам қатты шаршауды сеземін. 

• Маған суицид, өз-өзіме қол жұмсау жайлы ойлар келеді.

• Жалғыздықты сезінемін, маған өзгелер тарапынан қолдаудың тапшылығы бар.  

• Тамақтану  үлгісі өзгерді: әдеттегіден көп тамақ жеймін  немесе керісінше, тіпті ең сүйікті тағамдарды жегім келмейді.  

Кемі 2 сұраққа «иә» деп жауап берсеңіз, депрессияның белгілері  пайда болып жатыр деген сөз.  

Жаңажылдық күйзелістің  ерекшеліктері  

Көп жағдайда мерекелік депрессия – ол классикалық тұрғыдағы психологиялық ауытқу емес, көбіне сыртқы жағдайларға қарай пайда болатын жабырқаңқы көңілді білдіреді. Әйткенмен, бұл мәселеге уақытылы көңіл бөлмеген жағдайда ол клиникалық беліглері бар депрессияға да ұласып кетуі бек мүмкін. 

Жаңажылдық депрессияны бірнеше түрге бөліп қарастыруға болады. 

Бірінші түрі – жаңажылға дейінгі депрессия. Ол әдетте мерекеге дайындық пен жаппай қарбаластан туындайды. Көп жағдайда адамға лық толған дүкен-базарларды аралау, көшедегі тығындар немесе жыл соңына жинақталған тірліктердің әсерінен пайда болады.    Кейде өзгелер сияқты қуана алмайтынын сезінген адам да депрессияға ұшырауы мүмкін. Ал табысы орташа азаматтарды мереке күндеріндегі материалдық шығындар мәселесі мазалайды. Шамадан тыс қаржы жұмсап, кейіннен опық жейтіндер аз емес. Тағы бір негізгі себеп – жылдың соңына қарай қордаланып қалған шаруалар, атқарылмаған жұмыстар, төленбеген қарыздар. Мұндай депрессияны жеңу үшін істеріңіз бен сапарларыңызды  алдын-ала жоспарлауға дағдыланып, демалуға да уақыт қарастырған жөн. Жаңа жыл – өзгелермен дастархан әзірлеу, отшашу мен қыдырудан жарысуды білдірмейді.  

• Екінші түрі – жаңажылдық депрессия. Ол Жаңа жылдың алғашқы күнінің соңына қарай пайда болады. Ол кезде қонақтар тарап, жаңа ғана мерекелеп жүрген адам күнделікті тіршілігіне  оралады. Психологтардың айтуынша, бұл көбінесе адамның Жаңа жылға ерекше сенім артып, қандай-да ғажайыптар мен кереметтерді, құнды сыйлықтар мен айрықша салтанатты мейрамға деген үміттен туындайтын көрінеді. Сондай-ақ, жаңажылдық депрессияға жалғыз қалған және егде жастағы  адамдар жиі ұшырайды.  Олар өтіп бара жатқан жылдың ең қайғылы сәттерін есіне алады. Мұндай депрессияға түсіп қалмаудың бірден-бір жолы – жаңа жылға қатардағы мейрам секілді қарау, шектен тыс ғажайып немесе думанды кеш өткізуге үміт артпау. Психолог мамандар Жаңа жылды ерекше қадам жасап,  саяхатқа, мүмкіндік болса шетелге  шығуға кеңес береді.  Жылды қорытындылағанда позитивті жетістіктерге көбірек мән берудің де маңызы зор. 

Үшінші түрі – постжаңажылдық  депрессия. Ол тым ұзақ жаңажылдық демалыстан, күнделікті өмір сүру ритмінің өзгеруінен туындаған шаршаудан байда болады. Жаңажылдық ұзақ демалыс кезеңін көпшілік қуанышпен қарсы алғанымен, шын мәнінде бірнеше күннен соң-ақ немен шұғылданатынын білмей, басы қата бастайды. Тіпті өзін айналасына керексіз болып та сезінеді. Осындайда адамның көңіл-күйі де түсіп, жабырқаулы күй кешеді. Әсіресе бұл балалы-шағалы отбасылар үшін қауіпті, себебі ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-жанжал басталып, бұл жанұядағы балаларға да әсер етеді.

Мұндай депрессиялық халге көбінесе өзіне, өміріне, жұмысына көңілі толмайтындар, денсаулығы нашар адамдар жиі ұшырайды. Мұндайға жол бермес  үшін алдын-ала жоспар құрып, демаслы күндерінде нақты атқаратын істер мен шаруалардың тізімін жасақтаңыз. 

Темекінің қандай зияны бар?
Генетикалық паспорт дегеніміз не?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу