Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Нұрбек бүгін де үйіне түнге жақын келді. Жұмыстан шыға сала досының кафесіне кіріп ішу оның əдетіне айналды. Сайтан суды ұрттап алмайтын жігіт күн өткен сайын түбіне түсіп барады. Аяғын шешпестен ас бөлмеге кірді де, тоңазытқышты ашты. Кешегіден қалған бөтелкенің жартысы тұр екен. Көзіне одан басқа ештеңе де көрінбеді. Стаканға құйды да көзін тарс жұмып тартып салды...
Сүйген қызымен болған жағдайдан кейін Нұрбек өзін тым тастап жіберді. Бəрі де былай басталған еді...
Нұрбек жетім өскен бала. Балалар үйінде тəрбиеленіп жүргенде ғаламтор арқылы Жанармен танысты. Жігіт одан жетім екенін жасырмады. Қыз үшін де ол маңызды емес еді. Ең бастысы, Нұрбектің жаман адам еместігін білді.
Жанар оңаша қалғанда Нұрбек туралы шет жағасын анасына айтып көрді.
- Қызым-ау, енді жетімге тимекпісің? Ағайын не дейді? Достарың не дейді ертең? Бізге де құда, құдағи болар адамдар керек...
- Түүүй мам, мен оны сүйем... Кім не айтса да қызық емес.
Анасы тағы бірдеңе десе қызымен сөзге келіп қалатынын білді. Бұл тақырып осымен əзірге жабылды...
Қызының бұл жаңалығы анасына ұнамады. Əкесі естісе не боларын елестетудің өзі қиын. Құдайым-ау, осынша жыл бетін қақпай өсірген қыздары жетімге жар болмақ па?! Жо-жоқ, анасы тірі тұрғанда олай болмайды! Жалғыз қызын іздеуі жоқ біреуге бере салып, ел жұрттың табасына тапталғысы келмейді! Неде болса күйеуіне айтуға тиіс. Бұл жаңалық Жанардың əкесін қатты ашуландырды. Үстелді тарс еткізіп жұдырықпен бір ұрды да:
- Ол қыз есінен адасқан шығар! Соның болашағы деп мен мұнда күні - түні тыным таппай жүрмін, ал ол қайдағы бір жетімге жығып беріп отыр!
Бұл айқайды Жанар да есітті. Əкесінің бір беткей мінезін біледі. Ешқашан екі сөйлеген емес. Қазыр келіспесе, ертең бұл райынан қайтпайтыны анық.
Бұл уақытта Нұрбек пен Жанардың сезімдері күннен күнге оянып, бір біріне бауыр басып та қалған еді. Нұрбек пəтер мəселесін шешісімен екеуі үйленетін болып ниеттеніп те қойған... Жанардың əке шешесінің қарсы екенін ол білген жоқ, Жанар да жасырып жүре берді.
Мүмкін көріп, тілдессе ұнап кетер деген үмітпен Нұрбекті үйіне шақыруды ойлады. Ол ойын кешкі ас үстінде аке - шешесіне айтты.
- Немене?! Енді сол жетіміңді үйге əкемексің бе?! Болды, жетер! Енді кездессең айтпады деме! Ол детдомскиіңнің аяғын аспаннан келтіремін!
Əкесін оның жетімдігінен бұрын, жалғыз қызына үйленсе, қызының атына əперіп қойған пəтері мен екі жердің сол жетімге бұйырып кететіні қатты алаңдатты. Екеуінің арасындағы шынайы сезім оның ойына да кіріп шықпады.
Жанарды əке - шешесінің қарсылығы шындап тығырыққа тіреді. Нұрбекке айтуы тиіс! Бұдан əрі бұл жараны жүрегінде сақтай алмайды.
- Нұрбек, бірдеңе айтуым керек саған... Менің əке - шешем сенімен кездесуіме қарсы. Енді білсе, əкем екеумізді де оңдырмайды. Үйлену туралы тіпті ауыз аштырмады...
Жанар мұңая отырып үйінде болған ұрысты, əкесінің жетімге қыз бермейміз дегенін жігітіне жайып салды. Нұрбекке мұны есіту оңайға соқпады. Отырған жерінде үнсіз отырып қалды. Бұл кездесу екі ғашық үшін көңілсіз аяқталды. Əр кездесуден кейін үйіне сондай бір қуанышпен оралатын Нұрбек сол күні барғысы келген жоқ. Арада бір апта өткенде Жанардың үйінде ұзату тойының сыбысы шықты. Жалғыз қыздарының өмірінде бір-ақ рет болатын қуанышын ең əсем тойханада өткізбекші. Бəрі де керемет болар еді, егер Жанарды ұзатқалы жатқан жігіттің орнында Нұрбек болғанда...
Жанардың əкесі бірдеңе бүлінбей тұрғанда қызын өзінің бизнестегі серіктесінің ұлына беруді шешіпті. Екі жақ келісіп те қойған. Бұл хабар Жанардың төбесінен жай түскендей əсер етті. Бірақ, қатал əкенің қаhарынан қаймыққан қыз қарсы келе алмады. Амалсыз көндікті... Нұрбекке соңғы рет хабарлама жіберді де, нөмірін ауыстырып тастады. Сол нөмірмен Нұрбектің Жанардың өміріндегі орны да ауысты...
Сүйіктісінен келген хабарлама жігіттің жүрегіне пышақтай қадалды. Оқып отырып тұла бойы бір ысып, бір мұздап сала берді.
"Біздің бір бола алмайтынымызға көзім жетті. Қарсылық көп. Қандай кедергі болса да жеңуге дайын едім, бірақ ата - анамның қарсылығының алдында əлсізбін. Олардың ризашылығын алмай біз бəрібір бақытты бола алмас едік. Екі күннен кейін мені ұзатқалы жатыр. Кешір мені, шын сүйсең кешір...."
.... Таңертең тұрған Нұрбек Жанардың ескі нөмірін терді... "Абонент байланыс аясынан тыс жерде..." Күніне жүз рет тереді, бірақ еститіні осы бір жауап... Жанарды өзгенің құшағында елестете алар емес. Неге, неге ғана солай беріле салдың? Неге күреспедің? Сені сөзсіз бақытты қылар едім, сөзсіз...
Осы бір ащы өкініш алты айдан бері Нұрбектің жанын тырмалап келеді. Айналып келгенде бар ашуын ащы судан алады. Досы да, сырласы да жұтқыншақты жырып өтер осы бір ащы су...