Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Мен үш мәрте шаңырақ көтерген адаммын. Тағдырдың жазуымен бірінші әйелім бала босану үстінде қайтып кетті. 22 жастағы мен үшін бұл өте ауыр соққы болды. Есімді жия алмай 5 жыл жүрдім. Өң мен түстің арасында өтті де кетті 5 жылым. Содан еңсемді көтеріп, айналаға сергек қарай бастадым. Ауылдағы мұғалімдік жұмысымды Алматыға ауыстырдым. Екі әпкем, бір ағам бәрі осы қалада еді.
Менің артымша ата-анам да бар малын сатып, сендермен бірге болайық, шашырап жүрмей деп қалаға қоныс аударды. Экран жақтан үй алып, ел қатарлы жүріп жаттық. Үлкен әпкем тұрмыста, ағам да өз алдына жеке шаңырақ көтерген. Тек екінші әпкем жасы 30-ға келсе де жүріп қалды.
Бір күні Сәуле (екінші әпкем) үйге Салтанат есімді құрбысын ертіп келді. Өзі сүп-сүйкімді, Меркінің қызы екен. Содан Салтанат үйге жиі келетін болды. Екеуміз жақсы шүйіркелесеміз. Бірде әке-шешемді үлкен ағам үйіне алып кеткен. Үйде жалғыз болатынмын. Сәуле мен Салтанат кіріп келді. Екеуі сәл масаңдау екен. Сәуле өз бөлмесіне өтті де ұйықтап қалды. Салтанат ас үйге өтіп, тамақ жасауға кірісті. Арасында келіп маған еркелеп, мойныма асылып қояды. Ернімнен өбеді. 5 жыл бойы қыз атаулыға жоламаған мен пақыр тыпыршып әрең отырмын. Екеуміз сүйісіп отырып тамақтандық. Ол ыдыс-аяқ жуып бола бере шыдамадым. Жерден лақша іліп алдым да, көтерген күйі жатын бөлмеге әкелдім. Масқара! Денесі осынша әппақ болар ма?! Жаңа жауған қар дерсің. Екеуміздің тәтті махаббатымыз таңға дейін 8 мәрте ақ тер, көк тер арпалысқа ұласты.
Осылай біздің бақытты күндеріміз басталғандай. Бұны көрген Сәуле де мәз, құрбысын келін қылып алам деп, әке-шешем де мәз, ұлымыз ескі жарасын ұмытты деп. Содан құдалық болды, той өтті. Мәз-мейрамбыз. Дүние махаббатқа толы секілді.
Бірде жұмыстан келсем ас үйде Салтанат мен танымайтын құрбысымен шай ішіп отыр. Әңгімесіне елең ете қалдым. Екеуміздің таныстығымызды, алғашқы түні 8 мәрте болғанымызды айтып отыр. Сонсоң, "Аяшка, білесің бе, мені Құдай құтқарды. Мен ол кезде Ермектен (бұрынғы жігіті) аяғым ауыр еді. Ол болса хабарсыз кетті мүлдем. Қайдан іздеп табам оны. Содан мына Қайырбек кездесті. Үйленіп алдық осылай. Ол баланың әкесі басқа адам екенін білмейді" деген Салтанаттың сөзін мына құрығыр құлағыммен естідім. Дүние айналып сала берді. Адамдарда адалдық қайда кеткен, қалай өтірік арқалап өмір сүруге болады, адамнан жасырғаныңды Алладан қалай жасырмақсың? Осы сұрақтар миымды кеулеп, жанымды жейді-ай.
Жазда Алматыға келгенде нөмірін қалдырып кеткен кластасым бар еді, Мәскеуде тұратын. Соған қоңырау шалып Мәскеуге баратынымды ескерттім. Жұмыс тауып қой дедім. Мына қасіреттен осылай қашып құтылмасам басқа жол жоқ секілді. Киімдерімді жинап, ешкімге байқатпай, кеттім де қалдым.
Мәскеу - алып қала екен. Жұтылдым да кеттім. Самат кластасымның жанына қонақ үйге жұмысқа орналастым. Көңілім аз да болса сергиін деді. Бөтен орта, бөлек әлем. Тез бейімделдім.
Өстіп жүргенде және 3 жыл сырғып өте шықты. Енді мен махаббатқа сенбейтін болдым. Бірақ біз тұратын пәтердің бір бөлмесін жалдайтын қырғыз қыздар бар еді. Ішіндегі Айғаныш деген ұяң қыз үнемі менің киімдерімді жуып қояды. Айтпасам да. Кейде бөлмеде жалғыз жатсам тамақ жасап шақырады. Өзі үндемейді, тіс жарып сөйлемейді. Мейрамханада аспаз болып істейді. Мен десе жанын беруге бар, байқаймын. Жақын отырып қалғанда қолын ұстап қалсам екі беті ду етіп қызарып шыға келеді. Ешқандай сезімім болмаса да осы қыздан жақсы әйел шығады-ау деп ойладым.
Мәскеуде жүрген төртінші жылдың жазында Айғанышқа менімен бірге Алматыға барасың ба, сені жар қылып алсам, дедім. Ол жылап қалды. Сосын мен жиналып жатқанда артымнан кеп құшақтай алды да, "сіз қайда барсаңыз мен сонда барам, алтын басыңыздың қадірін түсірмеуге тырысам. Қанша қажет десеңіз сонша бала туып берем, Құдай қаласа", деді. Қуанышымда шек жоқ. Жақсы әйел, қамқор ана болатыны осы сөзінен-ақ сезіліп тұрғандай.
Алматыға келдік. Әкем, артынша шешем иті жоқ ауылға аттанып кеткен екен менің күйігімнен. Үйде Салтанат пен Сәуле тұрып жатыр екен. Шикіл сары ұл ойнап жүр аулада. Әке-шешемнің басына құран оқып қайтқан соң енді Алматыда қалудың еш реті жоқтығын түсіндім.
Оның үстіне Астана жаңадан астана болып, қалыптасып жатты. Айғаныш екеуміздің Мәскеуде жиған ақшамыз Астанадан 3 бөлмелі үй, бір магазин сатып алуға жетті. Ошқа барып, Айғаныштың ата-анасының алдынан өтіп, ақ батасын алдым. Сол жерде некемізді қидырып молдаға, ақ адал жарым ретінде құшағыма бастым.
Астанаға келіп тірлігімізді жалғастырдық. Содан, міне, қырғыз жеңгең уәде еткендей 3 ұл, 2 қыз туып берді. Қазір мен үшін Айғаныштан әдемі, ерке, сұлу, мейірімді әйел жоқ жер бетінде. Осы келе жатқан бойымда Алматыдағы үйді сары ұлдың (Салтанаттан туған) атына аударып бердім.
Сәуле әпкем отырып барып орнын тапты.
Айғаныш бұл әрекетіме түсіністікпен қарады. Қанша жерден сұлу, сымбатты болса да әйелді таза, пәк күйінде алған жақсы екен, інішек, - деді купедегі серіктесім Астанаға жете бере.
Жақсы әйел, адал жар, мейірімді ана - ұлтына қарамайды-ау, деген ойға қалдым. Купедегі серіктеріміз ағамыздың әңгімесіне ұйып отырып қалыпты. Жолсерік "Астанадан түсетіндер ақ сейсептеріңізді өткізіңіздер" деп ескертіп кеткен соң ғана орнымыздан қозғала бастадық.
Арман Сатай, Астана.
Аlashainasy.kz