Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Мен де өз құпияммен бөліскім келеді. Жасым 17-де. Кішкентай көп қыздың бірі екен-ау демей, әңгімеме байсалдылықпен қарауларыңызды сұраймын. Әр жанның Алла жазған тағдыры әр қилы ғой. Сол секілді, өмір маған тосынсыйларын ерте бастағаннан да болар, ерте есейдім.
Сан шүкіршілік, ата-анам жанымда. Екі ардақты ағам, бір тентек кішкентай інім бар. Қыздан жалғызбын. Кішкентай кезімде кенжесі боп, жалғыз қыз деген сайын еркелеп өстім. 6 жасымнан бастап өлең жазатынмын, ақындар айтысына да қатысып жүрмін. Ақын боламын деп армандаушы едім. Ол бала арманның орынын үлкен мақсаттарым алмастырды бүгінде. Әкем - анамның тілімен айтқанда "жер қозғалса да қозғалмайтын" өте момын кісі. Бірақ, ешқандай жаман мінезі жоқ. Ішпейді. Алайда тым момындықтың да кесірі көп екен. Өмірде өз ақыңды ала алмағанның зардабы жақындарыңа тиеді екен, ұққаным. Өз бауырының, ақшаның құлы болып кеткен ағасының, жаны ашымайтын қарындастарының әкемді басынуы мен қорлауын кішкене күнімнен көріп келемін. Сол кезден басталған оларды жеккөрушілігім, бүгінде, қалайда олар ата-анамнан да, Алладан да кешірім сұрайтындай халге жеткізем деген оймен өмір сүріп келемін. Жазасын Алла арғы дүниеде де еселеп өтеткізер.
Анам мұғалім, менің жаным, өмір қандай қиыншылығын алдына тосса да қаймықпаған қасқайып өтіп келе жатқан, әлі де арпалыспен жүрген жан. Үлкен ағам білім грантын жеңіп алып, оқуын бітірді. 1991-жылғы. Бірақ сол ағамның жолы тым ауыр. Тап бір біреу байлап тастаған түйіндей. Әрине, Алланың жазған сынақтары да болады ғой, бірақ бір адамның жолы ылғи болмай, не істесе де алға баспауы деген қиын екен. Оны айтсам ұзақ әңгіме болады. Кіші ағам 94, оқуға әскерден келіп, кешігіп түсті, қазір грантта оқиды, Аллаға шүкір. Мен биыл мектеп бітіруші түлекпін. Сабағым жақсы, шүкір, мен егер грантқа түспесем мүлде оқи алмай қаламын деген қоррқынышпен, және қалайда ата анам үшін оқуға түсуім керек деген мақсатпен талпынып жүрген жайым бар.
Бірақта жүрегіңді қорқынышты ойлар мазалап жүргенде тыныш жерде сабақ оқығанның өзі мәселе екен. Анығын айтсам, мен зорланғанмын. Менің күйіме сарындас оқиғаларды оқысам, бәрі қайта есіме түсіп кетеді. 11 жасымда, әкемнің 50 жылдық тойы болды, үйде. Жаңа жылмен қатар өткіздік. Жан жақтан туыстар келді. Көрші ауылда тұратын әкемнің туысқан қарындасы бар, бірақ туғандарынан да етене жақын араласатын, отбасымызбен жақсы қарым қатынаста жүрген еді. Сол қарындасының 94 жылғы ұлы бар етін. Соны тойдан кейін, үйге көмектессін, ыдыстарды тарқатуға деп тастап кетті. Ағаларым қалада, кішісі әскерде ол кезде. Онда мен ерке, кішкентай қызбын ойымда ешқандай жаман нәрсе жоқ. Бірақ жалғыз қыз болған соң тірлікке жақсы араласатынмын.
Ағам деп ойлап еркелеп жүрген туысқаным үйдегілер ертесіне базарға кеткенде маған зорлық көрсетті. Мен түсіне бастап қатты жыладым, бірақ ол саған кім сенеді, дәлелдей алмайсың, айтсаң тағы қайталаймын деп көп қорқытты. Үйдегілер кештеу келді. Әлгі туысым болса ауылына қайтты. Кейін, таң қаламын, бұл туралы балалықпен бе білмейм, ұмыта бастадым. Ана ағам одан кейін мені көрсе құп-қу болып сұрланып, қашқақтайды. Кейде тағы тиіскісі келеді,мен ұрып тастаймын әлім жеткенше. Көрген жерде сәлемдеспеймін, бірақ анасын, әкесін әпке жезде деп әлі сыйлаймын.
Осы жылы, мамырда бір жігітпен ВК арқылы таныстым. Әшейінде бөтендер жазса жазбайтынмын, бұл жанның жазғаны ерекше, әзілдеп жазған өлең еді.Мен де өлеңмен жауап қаттым.Солай күн сайын ойнап айтысып жүрдік. Сөйтсем сол жаңағы туысым тұратын көрші ауылдың 92-жылғы баласы екен. Әңгімеміз жарасып, телефонмен тілдесіп жүретінбіз.
Жаздың бір күні түнде, әкемнің үлкен күртешесін жамылып алып, қыздармен бірге ауылдың ішінде жүріп қайтып бара жатқанмын, енді үй жақа жете бергенде біреу машинадан түсіп, маған қарай келе жатыр. Жүрегім тас төбеме шығып, айқайлауға шақ тұр едім, телефон жарығын жақсам, сымбатты бір жігіт екен. Сол жаңағы мен сөйлесіп жүрген жан. Сол жерде алғаш көріп, ол мені, мен оны ұнатып қалдым. Одан кейін, екі-үш аптадан соң сөз салды, керемет қылып, мен келістім. Мендегі жай бала махаббат емес, шынайы, пәк сезім. Ол өте ақылды, нағыз қазақ жігітіне тән мінезі бар, денелі, өзі иманды, пысық. Үйінің үлкені, анасынан ерте айырылған. Қазір екінші анасы бар. Бірақ туғанындай көріп жақсы көреді, қатты сыйлайды. Әжесінің баласы болып өскенмен, нағыз жігітше керемет мінезі бар. Кейде таң қаламын, мен армандаған адамды тура сондай етіп жолықтырған Алланың құдіретіне. Менен 7 жас үлкен болған соң, сіз деймін, оны сыйлаймын. Ол маған болашақ жары ретінде ғана қарайды, болашағын менімен ғана байланыстырады. Мен де оның жанында болсам бақытты болатыныма сенімдімін. Маған артық нәрсе жасамайды, маңдайымнан иіскеп қана кететін. Сені үйіме үлбіретіп, ақ адал күйіңде қолыма көтеріп апарамын деп армандайды. Өзі де айтады, мен ешқандай қыздарға бір түнге болсын бармаймын, босқа көшеден ауру тауып, балаларым ауру болғанын қаламайм, саған лайық болғым келеді дейді. Оның сондай адал, ақкөңіл мінезіне, мен өзімді лайықсыз сезінем.
Бір түні телефонда бар күшімді жинап басымнан кешкен нәрсенің бәрін айттым. Ол жұбатып, жүрегім қан жылап кетті ғой деп жаман күйге түсті. Әлгі ағамды таниды екен. Құдай ау көшеге шықпайтын, әркімнен бір таяқ жеп жүретін қатын мінезді бала еді, үндемегеннен үйдей пәле шығады деген сол екен ғой, деп таңқалды. Көрген жерде аямаймын деп ашуланды. Енді мені тастап кететін шығар деп отырсам, сенің маған екі есе адал екеніңе көзім жетті деп, одан кейін екі есе сыйлайтын болды. Оның адамгершілігіне тағы бір көзім жетті.
Жігітім мұғалім, жиһаз да жасайды. Менің арманымдағы, және мені қатты сүйетін осы жанға ғана қосылғым келеді. Әлі талай жігіт бар ғой демей, тек бір жанның қасында болсам деймін. Алла қаласа, мен 1-курсты бітірген соң сені ұзатып аламын. Келіспесе ата анаң, алып қашамын деп дайындалып жүр. Ол да аз уақытта көп қиындықтар көрді, мен оны демеп отырамын. Ол да ылғи мені қолдап, ақылын айтып жүреді. Мен бірақ қазір қатты қорқамын, кейін, үйленген соң, менде басқа қыздар сияқты қыздық белгі шықпайды, сол кезде ол маған суып кетпей ме? деп. Ағам қинаған кезде қан шыққан шықпағаны есімде жоқ. Кейде мүмкін орынында шығар деп те үміттеніп қаламын. Екі ұшты оймен жүрген қиын екен. Қыз үшін бастысы абырой ғой.
Әпкелер, кейін, қалаға оқуға түскен соң, гинеколог маманға барып жәй білу үшін қаралуға бола ма? Және 19 жас тұрмысқа шығуға ерте емес пе? Мен ерте деп ойлап қорқам, бірақ мұндай керемет жан маған одан кейін жолықпасын білемін. Ұзақ әңгімем үшін ғафу өтінемін. Кішкентай көрмей, сырлас ретінде ақыл кеңес қоссаңыздар деймін. Онсызда қиналып жүрмін психологиялық тұрғыда. Уақыт бөлгендеріңізге көп рахмет. Әкімші, жасырын болсыншы. Барлығыңызға, аяулы Ана, сүйікті жар, сыйлы келін болу бақытын тілеймін! Әр қазақтың қаракөзі бақытты болуға лайықты. Алла жар болсын!
Аноним
Аlashainasy.kz