«Наурыз қазақтарға жат» деген блогер қамауға алынды

Алматы облысының полициясы «Наурызды қазақтарға жат» деген блогерге қатысты қылмыстық іс қозғады.
Ол TikTok желісінде Ербол Рүстемұлы деген атпен белгілі блогер болып шықты. Ол құқық қорғау органдарының назарын мереке күндері өз парақшасында Наурыз мейрамының шығу тегі туралы жариялаған бейнеролигі арқылы аударған.
Блогер өз сөзінде көктемгі күн мен түн теңелуіне арналған бұл мереке «қазақтарға жат» екенін және «мұсылмандыққа тән емес» екенін айтқан.
Сондай-ақ, ол қазақстандықтардың биыл Ораза айт мерекесін Наурызбен қатар атап өткеніне көңілі толмағанын жеткізген. Оның айтуынша, «Айт бұлай тойланбаған, қазақтарда мұндай мереке болмаған. Ол парсылардан, отқа табынушылардан келген. “Наурыз” сөзінің өзі қазақ сөзі емес, парсы сөзі, “жаңа күн” дегенді білдіреді. Егер сен мұсылман болсаң, мұндай мерекелерді (оның ішінде Әулие Валентин күнін де) атап өтуге болмайды» деген.
Осы мәлімдемелерден кейін блогерге қатысты діни алауыздықты қоздыру белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта блогер уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 1991 жылы туған азаматқа қатысты қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Ербол Рүстемұлы өзін діни блогер ретінде таныстырады. Ол әлеуметтік желілердегі бірнеше парақшасында түрлі дұғалар оқып, адамдарды «емдеу» туралы айтады және әртүрлі тақырыптарды өзінің діни көзқарасы тұрғысынан талқылайды.


