Meta мен YouTube жасөспірімге қомақты өтемақы төлеуге міндеттелді
АҚШ-та әлеуметтік желілердің әсеріне қатысты маңызды сот шешімі шықты. Сот Meta мен YouTube платформаларын 20 жастағы бойжеткенге шамамен 3 миллион доллар өтемақы төлеуге міндеттеді.

Іс материалдарына сәйкес, талапкер әлеуметтік желілерді ерте жастан бастап белсенді пайдаланған. Оның айтуынша, ол YouTube платформасын 6 жасынан көре бастаған, ал 9 жасында түрлі желілерде күні бойы отыру әдетке айналған. Соның салдарынан депрессияға түсіп, суицидтік ойлар пайда болғанын алға тартқан.
Алқабилер компаниялар кәмелетке толмаған қолданушылардың қауіпсіздігіне жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеген деген шешімге келді. Сотта платформалардың алгоритмдері жасөспірімдерді экранға тәуелді етуге ықпал ететіні туралы да айтылды.
Бұл ретте сот қосымша айыппұл салу мүмкіндігін де қарастырып отыр. Сондықтан өтемақының жалпы көлемі алдағы уақытта ұлғаюы ықтимал.
Өз кезегінде Meta мен YouTube өкілдері шығарылған шешіммен келіспейтінін мәлімдеп, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді. Сот процесі барысында компания басшылары, оның ішінде Марк Цукерберг пен Адам Моссери жауап берген.
Заңгерлердің пікірінше, бұл шешім әлеуметтік желілердің жауапкершілігіне қатысты жаңа сот істеріне жол ашып, маңызды құқықтық прецедентке айналуы мүмкін.


