Қазақстанда алимент борышкерлерінің берешегі 18 млрд теңгеге жеткен

Oinet.kz 26-03-2026

Қазақстанда алимент төлемегендердің жалпы берешегі 18 миллиард теңгеге жетті. Бұл туралы Әділет министрлігі Мәжбүрлеп орындату комитетінің төрағасы Мақсат Балабеков мәлімдеді, деп жазады Оinet.kz.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар істер ерекше бақылауда. 2025 жылы алимент өндіруге қатысты 354 мыңнан астам құжат мәжбүрлеп орындату сатысында болған. Соның шамамен 60 мыңы орындалып, 2026 жылдың басында 295 мың іс қалған.

Қазіргі таңда проблемалық алимент істерінің саны 12,7 мыңды құрайды, бұл жалпы көрсеткіштің шамамен 4 пайызы. Аталған берешектің жиынтық көлемі 18 миллиард теңгеге жеткен.

Мақсат Балабековтің сөзінше, алимент қарызы көбіне екі негізгі себепке байланысты туындайды. Біріншісі – борышкерлердің ресми жұмысының болмауы, екіншісі – табысын әдейі жасыру.

Осы мәселені шешу үшін өткен жылы әкімдіктермен бірлесіп 645 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Нәтижесінде 6,5 мыңнан астам борышкер жұмыспен қамтылған.

Сонымен қатар алимент төлеуден жалтарған азаматтарға қатысты заң аясында қатаң шаралар қолданылуда. Өткен жылы 4824 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 380 борышкер қылмыстық жауапқа тартылған.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, борышкерлердің жасырын табысын анықтау үшін мемлекеттік органдар арасында бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта арнайы ақпараттық жүйелер біріктіріліп, бұл бағыттағы бақылау күшейтілмек.

Тоқаев Ресей премьер-министрі Мишустинмен кездесті
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу