«Сенің күйеуің альфонс қой, бай әйелдердің әдемі ойыншығы» дейді

Oinet.kz 15-07-2023 3901

Байқаймын, қазіргі заманда отбасылардың арасындағы жанжалға негізінен бір-бірінің көзіне шөп салулары себеп болып жатады. Өзінің жары, отбасы бола тұра ерлер де, әйелдерде оңды-солды қыдыруын, басқаларға көз салуын қоймайды. Сондықтан да көптеген шаңырақ ортасына түсіп жатады.  Менің бар мақсатым, адамдар өздерінің ақ некелі жарына адал болса екен, ойланса екен деген ой.

Screenshot_5.jpg

Жолдасым менен 5 жас үлкен. Алғаш отау құрған кезімізде ол 25 жастағы жігіт еді. Қазір біздің бірге түтін түтетіп келе жатқанымызға 5 жылдан асты. Осы 5 жылда не көрмедім, қалай қорланбадым десеңізші. 

Кейбір таныс әйелдердің әңгімесін тыңдап отырсаң, бірінің күйеуі ішімдікке жақын, бірінің күйеуі ұрып-соғады. Ал мені күйеуімнің үлкен әйелдерге деген құмарлығы қажытты. 

Мен жолдасыммен алғаш танысқанда мен оны бірден ұнаттым. Өзі келбетті, өзі сымбатты, білімді, сөзі түзу жігітті қалай ұнатпайсың? Бұрын жігітпен жүріп көрмегендіктен бе, осы жігітке қалай есім кеткенін өзім түсінбей қалдым. Екеуміз ұзақ жолда келе жатып, автобуста таныстық. Жазғы демалыс аяқталып қалаға қайтып келе жатқанмын. Қасымда өзімнен үлкен әпкемнің қызы бар еді. Автобуста адам көп болғандықтан алдыңғы жақтан алдыңғы орын бұйырмады. Автобустың артқы жағындағы орындардың біріне жайғастық. Жарты жолға келгенде қасымдағы сіңілімнің жүрегі айнып, басы ауырып мазасы кетті. Автобус тоқтаған кезде сыртқа шығып, беті қолын жуып, сіңіліме барынша жағдай жасауға тырыстым. Автобустағы қапырық, ауаның тарлығынан ол әлсіреп ауырып қалды. Сол кезде қасымызға бір жігіт келді де: «Қарындас, сіз сіңіліңізді алып, менің орныма алдыңғы жаққа отырыңыз, мен қасымдағы досыммен артқы жаққа отырайын» деді. Әлгі жігіттің бұл ұсынысына қуанып кеттім де, алғысымды жаудырып, орнымызды ауыстырдық. Автобус тағы бір мәрте тоқтаған кезде жаңағы жігіт бізді бірге түстенуге шақырды. Бір-бірімізбен жақсы сөйлесіп, тіл табысып кеттік. Қалаға жетіп қалған кезде ол менің телефон нөмірімді сұрап алып қалды. 

Үшінші курс та басталды, студенттік өмірге біраз төселіп қалғанбыз, қалада да өзімізді еркін ұстай бастадық. Сабақтан тыс кезде қыдырып айтуға да уақыт тауып, автобуста танысқан Нұрланмен кездесіп жүрдім. Қалаға жеткеннен кейін ол маған екі күннен кейін телефон шалды, кездестік, жақынырақ таныстық.

Нұрлан екеуміз жарты жылдай дос болып жүрдік. Ол маған өзінің бұрынғы жүрген қыздары туралы да айта беретін. Бірде екеуміз әңгімелесіп отырғанда оның телефонына біреу қоңырау соқты. Ол бірден менің жанымнан ұшып тұрып, әрірек барып сөйлесті. Мен оның бұл қылығынан аздап сескеніп қалдым, бір жағынан ішімде қызғаныш пайда болғандай. Нұрланды өзімнің жігітім ретінде меншіктей қоймасам да, біртүрлі қызғанып кеттім. Оның үстіне екеуміз қанша кездесіп жүрсек те, арамызда айтарлықтай ештеңе болған жоқ. Тек әзілдесіп, құшақтасқаннан арыға бармайтынбыз. 

Маған Нұрлан кездесуге келгенде жатақханадағы қыздардың бәрі оған қызығып қарайтын. Құрбыларым маған: «Сымбатты жігітті қайдан тауып алғансың» деп қалжыңдап жататын. Ал мен болсам Нұрлан маған аса жақындамаған сайын, қызы ретінде қызғанбаған сайын оған деген сезімім күннен күнге күшейе түсті. Мен оны қайтсем де өзіме баурап алуға тырыстым. Нұрлан екеуміз жаңа жылдық кешті достарымызбен бірге өткіземіз деп шештік. Сол жаңа жылдық кештен кейін аздап шарапқа қызып алғанымыз бар Нұрлан екеуміз түнді бірге өткіздік. Осыдан кейін мен Нұрланды бұрынғыдан да қатты қызғанатын болдым. Бір-екі күн көрмей қалсам, алаңдап, дегбірім қашып кететін. Сөйтіп жүргенде мен өзімнің жүкті екенімді білдім. Нұрлан алғаш бұл жаңалықты естігенде әрине, қатты қуана қойған жоқ. Дегенмен ол бір айдан кейін маған үйленетінін айттып, ата-анамның алдынан өтуге бардық. Нұрланның әкесі ерте қайтыс болған, тек анасы, әпкесі мен қарындасы бар. Менің ата-анам тұрмысқа шығам дегеніме қарсы болмады. Сөйтіп екеуміз отбасын құрдық. Нұрланның анасы өздерінің аудан орталығындағы үлкен үйін сатып, кішкентай үй алды да, қалған ақшасына бізге Алматыдан жатақхананың бір бөлмесін сатып әперді. Құдайға шүкір, баспанамыз бар, Нұрлан жұмыс істеді. Соңғы курста оқып жүріп тұңғышымызды босандым. Бала шираған соң енем оны өзімен алып кетті. Мен алаңсыз оқуымды бітірдім.

Біздің отбасында бәрі жақсы болар еді, егер Нұрлан менің көзіме шөп салмағанда. Бірде мен абайсызда Нұрланның телефонына келген хабарламаны оқып қойдым. Әдетте ол маған ешқашан телефонын ұстатпайтын. Ол таңертең жұмысқа асығып, телефонын жастығының астында қалдырыпты. Ол телефонын алуға қайта келгенше мен әлгі хабарламаны оқып үлгердім де, түк көрмегендей орнына қайтып қоя салдым. Бірақ хабарлама ойымнан кетпеді. Онда: «Жаным, я тебя жду на нашем месте вечером» деп жазып қойыпты. Мен осы уақытқа дейін күйеуім басқа әйелдерге барады деген ойыма да кіріп шықпаған. Өзімді қанша сабырға шақырайын десем де, ашу жеңіп, мен сол күні күйеуімнің соңынан аңдыдым. Оның үп-үлкен әйелмен кездесіп, онымен сүйісіп, қонақүйдің бөлмесіне кіріп кеткенін көргенде өз көзіме өзім сенбедім. Неде болса, күйеуімнің сазайын берейін деп, қонаүйге барып, күйеуім мен әлгі әйелдің тура үстінен түстім. Мені көргенде күйеуім тіпті сасар емес. Ал әлгі әйел болса, менің бетіме қарап күледі. Мен болсам ызадан жарылардай, күйеуіме айтпағанды айтып, бетіне түкіріп кетіп қалдым. 

Үйге келіп алғаннан кейін көрген көрінісім көз алдымнан кетпей, әбден жыладым, ажырасамын деп шештім. Соңымнан күйеуім келіп, кешірім сұрап: ол әйелдің соңынан қалмай қойғанын, оған тек жақын қарым-қатынас керек екенін айтып ақталды. «Мен сені сүйемін, баламды жақсы көремін» дейді ұялмай. Күйеуімнің айтуынша, ол әлгі әйелді маған үйленгенге дейін біледі екен. Бай адамның әйелі көрінеді. Нұрлан бұрын оның қоластында жұмыс істепті. Сол кезден бастап ол Нұрланға жабысып, «менімен анда-санда бірге түн өткізіп тұрсаң, бар жағдайыңды жасаймын, ақшадан таршылық көрмейсің, қызметің өседі» деп жас жігітті айналдырып алыпты. Мен мұны естігенде күйеуімнің жезөкше әйелден еш кем түспейтініне одан сайын ыза болдым. Ол маған мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайтынын айтып, бір жолға кешіруімді өтінді. Уақыт өте келе өзімнің ата-анамды, баламды ойлап, ажырасу туралы ойымнан қайттым. Бірақ күйеуіме деген сезімім суып қалды. Ол менің көңілімді табу үшін барынша тырысты. 

Негізі «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген рас екен. Мен осыдан кейін де Нұрланның басқа әйелдермен сөйлесіп жүргенін де, әлгі әйелге баратынын да сезіп жүрдім. Бірде Нұрланды бұрыннан танитын бір танысым: «Сенің күйеуің альфонс қой, бай әйелдердің әдемі ойыншығы» дегенде кірерге тесік таппадым. Менің телефоныма небір әйелдер хабарласып, Нұрланды әдейілеп тұрып сұрайды, ашуыма тигілері келеді. Ал Нұрлан болса, менен кешірім сұрап, басқа әйелдерге барғанын қойғанын айтып ант-су ішеді. Отбасындағы қызғаныштан, өтіріктен арамыздағы сезім мүлде өшті. Қанша рет ұрсысып, бет жыртысып бір-бірімізден 6 айдай бөлек тұрған кезіміз де болды. Бірақ менің осы уақытқа дейін онымен ат құйрығын кесісіп ажырасып кетуге батылым жетпей ме, білмеймін. Оның үстіне өзімнің анам да, енем де отбасыңды сақта қызым деп ақылдарын айтады. Әбден басым қатты. Күйеуім де да ажырасуға келіспейді. Мұндай өмір қашанға дейін жалғасар екен?..

Дана, Алматы 

Еl24kz

Кореяда жұмыс істеп жүрген Әйгерімнің әңгімесі
Анамның да, менің де, қызымның да тағыдырымыз оңбай қалған екен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу