Абысыным нағыз екіжүзді адам екен

Oinet.kz 19-05-2023 3341

Жүре берсең, көре береді екенсің. Тұрмысқа шығып, отау құрғаныма 10 жылдан асты. 10 жыл ішінде 4 бала дүниеге әкелдім. Ата-енеммен бірге тату-тәтті өмір сүріп жатқанбыз. Абысыным келгелі бір қырсық айналып жүр әулетімізді.

Screenshot_6.jpg


Күйеуімнен 2 жас үлкен қайын ағам бар. Жас кезінде үйленіп, бала болмағасын ажырасқан. Сол қайынағам жақында 33-ке келіп екінші рет үйленді. Қайын ағаам ажырасқанымен абысыным есік көрмеген деп, ауданның ең үлкен тойханасында дүркіретіп той жасадық. Абысыным менен 2 жас кіші. Оларға күйеуім жанұшырып жүріп, қаладан жер алып, 3 бөлмелі үй көтеріп берді. Қайынағамның астындағы жаман көлігін сатып, жетпегенін өзі қосып жаңа көлік әперді. Оған дейін 1 екі жыл абысыныммен бірге тұрдық. Басында қатты қуанып жүрдім. Үйде енемнен басқасының бәрі кіл еркектер. Тіпті өзімнің де төрт ұлым бар. Сырласар адам таптым деп қуандым. Бірақ олай болмады.

Абысыным ата-енемнің көзінше өтірік мүләйімсіп, оны-мұны істеп жатқандай пысықсынып кетеді, ал олар жоқ кезде жалпайып жатып алады. Мен бұл үйдің тірлігін бұрыннан істеп жүргесін ештеңе демедім. Әйтеуір қайынағамның бөлмесін таза ұстап, киімдерін өзі жуса болды деп ойладым. Себебі, мен оның бөлмесін жинаудан қатты ыңғайсызданатынмын. Бөлменің әр-әр бұрышынан ішіне насыбай түкіріп тастаған бутылка, жуылмаған іш-киімдерін тауып алатынмын. Келін болғасын тіл жоқ, қанша жиіркенсем де жинап жүрдім. Соны енді өз әйелі жинайды деп ойлағам. Бірақ, абысыным олай жасамады.

Бір күні үйді толық жинап шығып, енді тамаққа кірісіп жатсам, ұйықтап тұрған абысыным атама жағу үшін шелек ұстап сиыр саууға кетіп бара жатып маған "біздің бөлмені жинай салсаң болмай ма?",- дейді. Әдейі атамның көзінше айтып тұрғанын түсінгесін "Сен ұйықтап жатқасын мазаламайын дедім", - деп мен де қулық жасадым. Өңі бозарып, қораға қарай жұлқынып кетіп қалды.

Кешкі ас ішіп болған соң "балаларға қарайын",- деп ішке кіріп бара жатқан абысынымды бірінші рет "маған көмектес" деп алып қалдым. Сосын оған "Сен онсыз да үйде сиыр сауғаннан басқа ештеңе істеп жатқан жоқсың. Құрығанда өз бөлмеңді өзің жинап, өз байыңның киімдерін өзің жу. Мен оның қарындасы емес, келінімін",- дедім.

Ертесіне бөлмеде жинап қойған күйеуім мен балаларымның киімдерін алуға кірсем жоқ. Сөйтсем, абысыным үйдегі бүкіл кірді алып машинаға салып қойыпты. Сосын оған "Мен саған қайын ағамның киімдерін ғана жусаң болды дедім ғой. Менің күйеуімнің киімдерін неге аласың. Бәрін қойшы. Жатын бөлмемізге неге кіресің. Бұдан кейін олай жасама. Тіпті, атамның да киімдерін жума, мама (енем) өзім жуамын деген. Бұл үйде тәртіп солай",- деп едім, абысыным "не істесем де жақпай қойдым ғой",- деп жан даусымен айқайлап жіберді. Әрі қарай шашын жұлып жылап, "бұл үйден кетем",- деп қойылым қойып кетті. Үйдегілер айналып-толғанып жүріп басып алды. Бірақ содан бері енем де, атам да, қайын ағам да, тіпті күйеуім де маған қырын қарап жүр. Мен оған айқайлағам жоқ. Беталды тиіскем жоқ. Енем маған үйреткен нәрсені, жаңадан түскесін оған ескерттім.

Ата-енем абысынымның әртістігіне сеніп, бетіне қарап отыр. Бірақ 10 жылға жуық осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген мені жек көріп кетті. Мен осы уақыт ішінде қатты дауыс шығарып көрген емеспін. Бір емес төрт немере тауып беріп отырмын ғой. Неммен жақпай қалдым?

Абысыным мен қайынағам сол оқиғадан кейін 1 айдан кейін бөлек шығып, қалаға кетті. Атам мен енем апта сайын ет асқызып оларды шақырып алады. Кей апталары келе алмай қалып жатса сағынып, "келін қайтті екен, келін қалай екен" деп емешегі үзіліп отырады. Ал менің бесіншіме аяғым ауыр. Таксикозбен қиналып, әрең жүрсем де қабақтарын ашайыншы деп қыңқ демей қызметімді істеп жүрмін. Бірақ қашанғы шыдайтынымды білмеймін. Бәлкім сол сүйікті келіндерін қолда қалдырып, өзіміз бөлек шығып кетуіміз керек пе еді?!...

Алдымда құрдай жорғалап жүретін қытай қазір мені менсінбейтін болды
15 жасында зорлықтың құрбаны болған қыз мұңын шақты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу