Мені күйеуім қалай керексіз заттай тастап кетті?

Oinet.kz 04-03-2023 3530

Егер осыған дейін маған біреу: «Сені күйеуің тастап кетеді» десе, «Атаңның басы» деп күлер едім. Иә, еркектер жаман әйелдерді ғана тастап кетеді деп ойлайтынмын. Осындай әңгіме болса: «Есі дұрыс еркек жақсы әйелін тастай ма?» деп білгішсініп қалатынмын.

Screenshot_9.jpg

Бір күні жұмыстан келсем, күйеуім қомпиған үлкен сөмкені табалдырықтың қасына қойып, мені күтіп отыр екен. Ойымда ештеңе жоқ. «Қайда жиналдың?» дедім. Өз басым күйеуімнің не істеп, не қойып жүргенін ілуде бір сұрайтынмын.

– Гүлия… – деп күйеуім айтайын дегенін айта алмай қысылып қалды. Бір жағымсыз хабар жеткізгісі келетін сияқты. – Айтайын дегенім…

Сол мезетте балам, қызым бірдеңеге ұрынып қалды ма деп жүрегім зу ете қалды.

– Не болды?! Қайсысы?

– Екеуі де дін аман. Ештеңе болған жоқ. Мен кеттім. Біржола. Басқа әйелге. Сен мені кешір.

Оның не айтқанын түсініп алайын деп, үндемей басынан аяғына дейін қарап шықтым. Әрине, сенгім келмейді. Орынсыз қалжың. «Осы бишара ма, үйден оп-оңай кете салатын. Өзінше, жігіт болып сүйем, күйем деп соңымнан қалмай қанша жыл жүріп еді» .

– Қайда барсаң, онда бар, – деп дөрекі жауап бердім.

– Гүлия, қайтесің?! Өмір болған соң… Балалар ержетті. Түсінетін шығар. Мен оларды тастамаймын. Сен де… егер, ақша керек болып қалса, хабарлас…

Мен сонда ғана оның шынымен бір­жола кетіп бара жатқанын түсіндім. Күлкі қысқандай бола ма?! Намыстан өліп барамын. Өмірі одан бірдеңені жалынып сұрап көрген жоқ едім. Бұл жолы да содан таймадым.

– Кетем десең, жолың әне!

Етігімді шешпестен төр бөлмеге өтіп кеттім. Оның үйден қалай шыққанын көрген жоқпын. Киімімді ауыстырып, қайта шықсам, із-түзі жоғалып үлгеріпті.

Ас бөлмеге кірдім. Шағын кәстрөлден дәмді иіс аңқып тұр. Самат пісіріп қойыпты. Жұмыстан ерте келген ғой. Мүмкін демалыс алған шығар? Мен оның қай ауысымда жұмыс істейтінін де білмейді екенмін. Қызықпаппын. Сұрамаппын.

Тамақ ішіп, жаным жадырап сала берді. Ыдыс-аяқ жудым. Үй жинадым. Телевизордың алдындағы диванға көсіліп жаттым. Күні бойғы жұмыстан шаршадым. Ірі сауда орталығы директорының орынбасары болған соң бірнеше бөлімнің жұмысын қадағалап, жүздеген құжаттың дұрыс толтырылуын тексеріп отырамын. Сондықтан көп жүруге тура келеді. Айлығы жақсы болған соң ғана шыдап жүрмін.

Таңертең оянып, шкаф, ваннаны қарап шықтым. Күйеуімнің шынымен кетіп қалғанына тағы көзім жетті. Бірақ көңіл-күйім бұзылған жоқ. Қайта, бойымда бір сергектік пайда болды. Шифоньердің іші босап қалыпты. Өзі дәп-дәу болып жартысынан көбін алып жататын төсегім, ванна, тіпті үйім кеңіп қалғандай көрінді. Кеткені қайта жақсы болды. «Керек едің сен маған?» деп қоямын.

Жиырма екі жыл отасқан жарымның аяқ астынан мені тастап кеткенін түсіне алмасам да, еркіндік рақатына бөлендім. Өзімді тордан құтылған құстай сезіндім. Әдеттегіден ашығырақ боянып, шашымды сәндеп тарадым. Бір тойға барарда арнайы сатып алған әдемі көйлегімді киіп, айнаның алдында айналып біраз тұрдым. Белім жуандап, иегімнің астын май басып, мойным қысқарып қалғандай көрінеді екен. Сонда да келбетім көз тартарлық. Несін айтасың! Қырық беске келсем де, жайнап тұрмын!

Сол күні әркіммен-ақ жарқын-жарқын сөйлесіп, көңілді жүріп, көп жұмыс атқардым. Менің көңіл-күйімдегі өзгерісті байқаған әріптесімнің бірі: «Сіз бүгін сондай сұлу болып кетіпсіз» десе, енді бірі: «Сіз өте көңілдісіз ғой» деп жатты. Қанатыма жел бітіп, күлімдеп қасынан өтіп бара жатқанымды көріп біреуі түсіністік білдірсе, енді бірі соңымнан қызыға қарап қалып жатты.

Кешке үйге келген соң жалғыз өмір сүрудің тағы бір артықшылығын байқадым: тамақ пісіріп әуре болмайды екенсің. Күйеуіме жиі және әртүрлі тамақ дайындайтынмын. Ал ауысымға барғанда, ала кететін тамағын салып беретінмін. Оны да ет қосып, тоя жейтіндей етіп жасайтынмын.

Алғашқы еркіндік күнін атап өту үшін басы бос екі құрбыма телефон соғып, шақырып алдым. Өзімізше бастаңғы жасадық. Дастарқанға қымбат шарап, жеміс-жидек, т.б. қойдым. Олар да ерігіп отыр екен, тез жетті. Ішіп-жеп, әр нәрсені сөз етіп, түкке тұрмайтын нәрсеге ішегіміз қатқанша күлдік. Биледік. Біраз желіктік. Мен, әрине, күйеуімнің үйден кетіп қалғаны туралы тіс жарған жоқпын. Тәкаппарлығым айтқызбады.

Екінші және үшінші күні осы тобымызбен бірде кафеде, енді бірде құрбы қыздың үйінде сайран салдық. Бір апта өткенде алғашында қызық болып көрінген көңіл көтеруден жалықтым. Ішіп алып, сайран салып жүру менің табиғатыма жат еді. Өзім бір жерге қонаққа барғанда күйеуім артық ішіп қоймасын деп тартып отыратынмын.

Содан осындай отырыстан қашып, дүкен аралайтын болдым. Керек болсын, керек болмасын, сыпырып сатып ала бердім. Бұрын әр тиынымды санап, ақша үнемдейтін болсам, енді алды-артыма қарамай шаштым. Қайтып келе жатып, сән салонына кірдім. Шашымды жаңаша қидырып, макияж жасаттым. Тырнағымды ұзарттым. Шаштараз қыздардың тілімен айтқанда «имиджімді өзгерттім».

Содан кейінгі аптаны мәдени шараны құр қалдырмай, театр, концертке баруға арнадым. Күн сайын кешке қуыршақтай боянып, жасанып, такси шақыртып жүре беремін.

Бір күні концерттен шыққан мені танымайтын адам күтіп алды.

– Қайырлы кеш!

– Саламатсыз ба, – деп жауап беріп қасынан өтіп кетпекші болған маған:

– Әдемі әйелді шығарып салуға бола ма? – деп күтпеген ұсыныс білдірді.

Тоқтап, танымайтын адамды басынан-аяқ шолып шықтым.

–Көлікке отыруыңызды сұраймын, –деп ақсия күлімсіреді.

Қарап тұрып бойымды бір тентектік, қызығушылық, біреуден бір өш алғым келгендей сезім қысты.

– Неге болмайды екен, шығарып салыңыз, – деп оның қымбат машинасына отырдым. Шынымен, менің жүріп-тұруыма кім тыйым салып жатыр?! Кімнен ұяламын, кімнің алдында жауаптымын?!

– Сізді концертке келген сайын көріп жүрмін. Қашан да жалғыз жүресіз, – деп әңгімесін жалғастырды. – Содан осындай келісті әйелмен таныспау – үлкен күнә ғой деп шештім. Айтпақшы, менің атым Шафик. Сіздің аты-жөніңіз қалай?

– Гүлия.

– Бәрекелді! Атыңыз гүлдей жайнап тұрған затыңызға сай екен.

Шафиктің сөзі жасанды болып көрінді. Өзімді зорлап, күлімсіреп қоямын.

– Мен жалғызбастымын. Әйеліммен ажырасып кеттім. Ал сіз ше? –деп әлгі еркек сұраулы жүзін маған бұрды.

– Мен де…

– Балаларыңыз бар ма? Менің екі қызым бар. Екеуі де тұрмыста.

– Мен қызымды өткен жылы ұзаттым. Күйеу балам әскери адам. Өзімен бірге алып кетті. Ұлым әскерде.

– Байқасам, екеуіміз де еркін адам екенбіз.

– Иә, соны айтыңызшы…

Үйге жеткенше Шафик маған бар білген қошемет сөзін айтты. Тіпті үйдің кіре берісінде тұрып әңгіме айтып қоймайды, жібергісі жоқ. «Үйге кір» дей ме, деп дәмеленіп тұр. Мен ыңғай білдірмедім. Ақыры, қоярда қоймай телефон номерімді сұрап алды. Желімдей жабысқан әлгіден әрең құтылып, үйге кірдім. Есікті құлыптап жаптым. Күйеуім кеткелі алғаш рет өзімді біртүрлі сезіндім.

Табалдырықтың түбінде тұрған орындыққа сырт киімімді шешпей отыра кеттім. Үйдің ішін көзіммен тінтіп, ұзақ қараймын. Бұрын танымайтын адаммен сөйлесе бермейтін басым қайдағы бір бөтен еркекке қолымнан ұстатып, оның машинасына отырып, түкке тұрмайтын сөзіне сонша мәз болып күлгенім үшін өзегім өртенді. Әлгі ұстаған қолымды қалай иіскегенімді өзім байқамай қалдым. Жат адамның қымбат парфюмы жүрегімді айнытты. Орнымнан өре түрегеліп, сырт киімімді жүре шешіп, ваннаға кірдім. Бөтен иіс сіңіп қалғандай көрінген қолымды сабындап жудым.

…Менің жалғыздығым екінші айға ұласты. Алғашқыдай емес, еркіндік сезімі солып қалды. Егер бұрын көңілім көпшіліктің ортасында болғанды қалап, жұмыстан асықпай қайтсам, енді үйге жеткенше асығатын болдым. Келген соң баппен барлық ыдыс-аяқты жалтыратып жуып, жиһазды тап-таза етіп сүртіп шығамын. Телевизорға жақындағым келмейді. Телефон шырылдаса, көтермеймін. Тамақ пісірмеймін. Үйде тамақ ішуді қойдым. Жүдеп кеттім.

Бірге жұмыс істейтін қыздар: «Гүлия Болатқызы, тіпті сымбатты болып кеттіңіз, қандай диета ұстайсыз?» деп сұрайтын болды. Е, олар қайдан білсін, менің басымдағы жағдайды? Ешкім, керек десең, көршілерім байқаған жоқ. Мұңымды айтып, біреумен бөлісейін десем, бақытсыз, сорлы болып көрінбейін деп, намыстанамын.

Соңғы кезде күйеуімді жиі еске алатын болдым. Қайтейін… ол енді менің күйеуім емес. Е! Айтпақшы ол кімге кетті екен? Не қылған неме? Несі артып бара жатыр екен соншама? Бұл туралы ойланбаған екенмін-ау! Ойламаймын да… Баяғы, құрып кеткір, жалған намыс жібермейді.

Балконда жатқан ескі фотоальбом толы картон қорапты ішке кіргіздім. Самат екеуміздің жас кезімізде түскен суреттерді көрейін деп біреуін қолға алдым. Қандай әдемі болғанбыз деп таңғалып қарап отырмын. Мынау біздің үйлену тойымыз, ал мынау тұңғыш баламыз туғаннан кейінгі сурет. Мына суретте Самат ұлын қолына алып түсіпті, мына суретте қызын құшақтап отыр. Мына суретте…. мені рақаттана құшақтап тұр…

Дәл осы жерде мені күні бүгінге дейін қоршап келген кірпіші менмендік пен тәкаппарлықтан қаланған қамалымның қабырғасы құлап түсті. Бойымды буған долылық, ішімді кернеген ыза көзімнен жас боп төгілді. Альбомнан еденге шашылып түскен суреттердің үстіне етбеттей құладым. Дауыстап жылап жатырмын. Жұбататын, басу айтатын адам жоқ. Шоқ! Шоқ! Саған сол керек.

Сонша жыл отасқанда оның үсті-басына немқұрай қараппын. Артық-ауыс ақшаны төркініме асырып жіберетін жымысқылығым тағы бар. Ол аздай, жан дүниеме жақындатпадым. Осының бәріне ол қалай шыдап келген?!

Күйеуімнің сөмкесіне сыймай қалған: тұмсығы мұжылған жұмсақ тәпішкесін, бір-екі сырт киімін, «Охота» журналын ұқыптап сақтап қойдым.

Бұрын күйеуімнің өзімен әрең сөйлесуші едім, енді оның қалған затымен сөйлесетін болдым. Жұмыстан келгенде, тәпішкесіне: «Сәлем!» деп, үй жинап жүріп: «Сағындың ба?» деп сұрап қоямын. Кейде есі дұрыс емес адам сияқты кеудеме қысып: «Мен де қатты сағындым» деймін.

Түн болса, кең төсегіме жатамын. Сап-салқын. Неше түрлі ой жан-жағымнан қаумалап алады. Ұйқы жоқ. Күйеуімнің ыстық демін, тәнінің жылуын сезінгім келеді. «Өзіңнен басқа адам жоқтай, жалпайып жатып алыпсың ғой! Тарт аяғыңды! Зілдей қолыңды маған артпа! Онсыз да ыстықтап жатырмын» деуші едім. Енді, міне, созған қолым жетімсіреп қалған салқын жастықты ғана сипалайды.

Әр күнім, әр сағатым жанымды жеумен өтетін болды. Тәкәппарлығым, өзімшілдігім, оған деген селқостығым, күйеуім шаршап келгенде күлімсіреп қарсы алмағаным үшін өзімді жазғырамын. Лайықты көңіл бөлмедім деп өкінемін. Өз дегенім болмаса, райымнан қайтпадым. Оған көңіл бөліп, мейір салмадым. Үйдің затындай көрдім. Несін айтайын… жетіп жатыр.

«Сауап болды! Күйеуіңнің қадіріне жетпесең, ендігі көрген күнің осы! Жылдар бойы сен деп, қорғап-қоршап, отбасын берекеге толтырам деп, жұмыс істеп келген адамды бағалай білмедің! Сезімін ескермедің. Енді жалғыз-жарым жүріп қартаясың. Осының бәрін балаларыңа айт! Төркініңе түсіндір!» Осындай кезде өзімді ең сорлы, ең бақытсыз әйел деп сезіндім.

…Менің жалғыздығыма 2 ай 9 күн 8 сағат толғанда біреу қоңырау соқты. Ешкімді көргім де, сөйлескім де келмейді. Шалқамнан жатырмын. Қайта-қайта басқан қоңырауына жауап болмаған соң, әлгі неме құлыпқа кілт салып бұрай бастады.

«Құдай сақтай гөр! Ұры?!» Атып тұрып, қолыма оқтау алып, дұшпанды бастан салып жіберуге дайындалдым. Есік ашылып, табылдырықтың арғы жағынан күйеуім… жоқ… Самат көрінді. Қолымда оқтау. Оқталған күйде тұрмын. Қатып қалыппын. Қозғала алмаймын. Мен үшін соншама қадірі өткен адамның жүзіне тесіле қараймын. Жиырма жыл отасқанда бағалай алмаған бақытым! Сен үйден кеткен екі айда өкініш пен уайым менің көзімді ашты, көп нәрсенің байыбына енді жеттім. Кешірім сұрап оның аяғын құшақтауға сәл жетпей қалдым.

Қап-қара болып кеткен өңі шаршаңқы, жүдеу. Қартайыңқырап қалған ба?! Аяп кеттім. Көзімнің қиығымен жейдесінің жағасы мен жеңінің кірін байқадым. Шалбары дақ-дақ. Бәтеңкесі лас. Бәрі түк емес! Менің жүрегімді оның жетімсіреген көзі, жалынышты көзқарасы тіліп түсті.

Табалдырықтан аттап, орындыққа отыра кетті.

– Балаларым үшін… мені кешір… Сенсіз өмір сүре алмайды екем. Мен үшін ешкім сендей бола алмайды екен. Не деп ұрыссаң да сенікі жөн. Тек, ендігі жерде бірге тұрсақ болды, –деп үздік-создық сөзін айтты.

Мен үндеген жоқпын. Тек оған қарап сәл тұрдым да екі айдан бері сырласыма айналған тәпішкесін әкеліп қасына қойдым. Одан кейін ас қамына кірістім. Тезірек тамақ пісірейін.

Балаларым да, туысым да, тіпті сырлас құрбым да жоғалтып барып тапқан байлығым мен берекемді байқамады. Өмірімнің осы белесі аяқ астынан әйелдік болмысымның осалдығын әшкере етіп, сезімімді сергелдеңге салды. Бірде бұлттай түнертті, бірде жауыннан кейінгі шыққан күндей жарқыратты. Бірақ бұл туралы екеумізден басқа ешкім білген жоқ.

Алаш айнасы

Отбасым бола тұра ажырасқан әйелге байланып қалдым
Келіншегім тек қыз босана береді, ұлым жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу