Әбілдә Тәжібаев. «Қазақстан»
Қазақстан өлкесінің кеңдігін
Өлшеп жатпай өзгелерше мен бүгін,
Оңай ғана ұғындырып байқайын,
Болмашы бір белгілерін айтайын.
Қысты күні бөлмеңізде пеш қызып,
Көрінгенде сол қызудан кеш қызық.
Жанған отқа сүйсіне зер салыңыз.
Қазақстан көмірі деп таныңыз.
Туралғанда ақ мамықтай бөлкелер,
Түспей ме еске астық еккен өлкелер,
Соның бірі Қазақстан - таныңыз,
Соның наны жеген осы наныңыз.
Дастарқаннан нарттай қызыл алманың
Қол созғанда таңдап бірін алғалы
«Қазақстан!» дей көріңіз, бауырым,
Өсіруші алманың ең тәуірін.
Сары аязда - сақылдаған ақпанда -
Адам тұсын, ағаш дір-дір қаққанда,
Ұмытпаңыз Қазақстан сыйларын
Жеткен сізге жылуымен пиманың.
Жапқан сайын әрбір үйдің тебесін,
Қаққан сайын әр есіктің шегесін,
Құрметтеңіз Қазақстан жерінің,
Өзендерше өрши аққан темірін.
Көк теңіздей толқын ата көпірген
Домбыра үні жетсе сізге эфирден,
Қабылдаңыз Қазақстан күйлерін
Қуантушы бақытты Отан үйлерін!
1957