Ақтөбеде мектеп асханасында тыйым салынған заттарды сатқан директор жұмысынан босатылды
Ақтөбе облысы Алға ауданы Тоқмансай ауылындағы орта мектеп мұғалімдері әлеуметтік желі арқылы мектеп директорына қатысты шағым түсірді, деп жазады Оinet.kz.

Педагогтердің айтуынша, мектепте оқу жүктемесі талапқа сай бөлінбейді. Сонымен қатар директор мұғалімдермен және қызметкерлермен дөрекі сөйлесіп, жиі айқайлайтыны айтылған.
Шағымда мектеп асханасына қатысты да бірқатар заңбұзушылықтар көрсетілген. Мұғалімдердің мәліметінше, директор оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ететін жалға алушылардың атын жамылып, асханада бәліш, шоколад сияқты өнімдерді сатумен айналысқан. Ал түскен қаражатты жеке мақсатта пайдаланып, кей жағдайда ақшаны Орал қаласында оқитын қызының есепшотына аудартқан.
Сонымен бірге білім беру процесінде де кемшіліктер бар екені айтылған. Атап айтқанда, дене шынықтыру пәні бойынша түстен кейін өткізілуі тиіс футбол үйірмесі жүргізілмеген. Ал көркем еңбек пәнінің мұғалімі уақытша алғашқы әскери дайындық сабағын да қатар өткізген.
Мұғалімдер бұл мәселелерді ашық айтуға қорқып, шағымды әлеуметтік желі арқылы жасырын түрде жариялаған.
Аталған шағымнан кейін Ақтөбе облыстық білім басқармасы арнайы комиссия құрып, тексеру жүргізді. Тексеру барысында директордың педагогикалық әдеп талаптарын сақтамағаны, мұғалімдер арасындағы жүктемені дұрыс бөлмегені және мектеп асханасында тыйым салынған өнімдерді сатқандығы анықталды.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты мектеп директоры А. Қарасаева 8 сәуір күні қызметінен босатылды.


