«Мойында, сонда жұбайыңа тиіспейміз»: Жанабылов тергеуші қысым жасағанын мәлімдеді
Елордада блогер Ерболат Жанабылов ісі бойынша өткен сот отырысында айыпталушы өзіне қатысты бірқатар мәлімдеме жасады, деп жазады Оinet.kz.

Сот барысында ол тергеу тарапынан қысым болғанын айтып, нақты сөзін былай жеткізді:
«Олар маған бәрі белгілі екенін, барлығы күтіп отырғанын, тіпті судьяның өзі де күтіп отырғанын және шешімнің әлдеқашан дайын екенін айтты. Мониторды көрсетіп, қандай да бір материалдарды - үлгілерді немесе жауаптарды жылдам көрсетіп өтті. Мен ондай нәрселерді түсінбеймін, бірақ маған қылмыс құрамы менің үстімнен жинақталып жатқанын айтты», - деді Жанабылов.
Оның айтуынша, осыдан кейін оған кінәсін мойындау ұсынылған.
«Маған: “Ер азамат ретінде айтайын: осыны өз мойныңа ал. Жауап бер, мойында, сонда жұбайыңа тиіспейміз, 214-бап қолданылмайды” деп айтты. Ол кезде 218-бап әлі болмаған еді», - деді ол.
Жанабылов сондай-ақ адвокаттың қатысуымен болған әңгіме барысында айтылған сөздерді де келтірді:
«Адвокат: “Адам қалай мойындайды, ол тек жарнамамен айналысқан, “Жаңа Бизнес” ЖШС-нің құрылтайшысы емес қой?” деді. Бұған: “Біз Эльмираға қатысты іс қозғамаймыз. Бізге осылай ыңғайлы” деп жауап берді», - деп мәлімдеді айыпталушы.
Ол мұндай әрекеттерді тергеуші тарапынан жасалған қысым және өзін кінәсін мойындауға итермелеу әрекеті ретінде бағалайтынын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Ерболат Жанабылов “Бізді қылмыскер етіп көрсетті” деп, алғашқы сотта сөйлеуге дайын болмағанын айтқан еді.
Елордада Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Сотта куәгерлерден жауап алынуда, сондай-ақ жаңа деректер айтылуда.
Бұған дейін сот блогерлерді үйқамақта ұстау туралы шешімді өзгеріссіз қалдырған. Прокуратура олардың лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеген.


